• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Қылмыс көбейіп, полиция қызметкерлері азайып барады

165 рет
көрсетілді

– Өскемен қалалық жол-патрульдік полициясы батальонында қазір кадр тап­шы­лығы қатты сезіліп отыр. Батальон құ­­рамында бүгінде 341 қызметкер бар. Әр ротада елу шақты полиция жол, көше қау­­іп­сіздігін қамтамасыз етіп келеді. Дәл бүгінгі күні бізге 47 полиция қызметкері керек, осыншама полицияның, яғни бүтіндей бір ротаның орны бос тұр, – деді Өскемен қа­лалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бас­шысы Александр Соколовский жақында Қо­ғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өт­кен жиында. Жергілікті полиция қызметі басшы­сы­ның айтуынша, мамандардың тап­шы­лығына басты себеп – олардың алатын ең­бекақыларының мардымсыздығы. Мәсе­лен, қатардағы батальон полицияларының жалақысы бар-жоғы 60 мың теңге көрінеді. Алек­сандр Соколовский бұл қызметте н­егізінен аудандар мен ауылдардан келген жас­тар еңбек ететінін, алайда, олардың бас­пана мәселесі шешімін таппай отырғанын, үй жалдауға тапқан жалақыларының жет­пей­тінін көлденең тартты. – Міне, қазір 30-40 адамның жұмыстан кетуге орай жазып берген өтініші алдымда жатыр. Оның бәрін қоя берсек, мүл­де мамансыз қаламыз. Пәтер жалдау ақы­сын төлеуге жеңілдіктер беру жағы қарас­ты­рыл­май келеді. Қызметке тұру үшін жас жігіт­тердің әскерде болуы да басты шарт, – деді ол. Маман мәселесі шешімін таппай отырса да, өскемендік жол полициялары өз мін­дет­терін мүлтіксіз атқарып келеді. Мәселен, қаладағы жол жүру ережесін бұзу фактілері биыл былтырғы жылмен салыстырғанда біршама төмендеген. Қаңтар айының қорытындылары Өскеменде өткен айда жол жүру ережесін бұзу фактілері 2016 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда 24,3 пайызға азайғанын көрсетіп отыр. Өскемен қалалық жол-патрульдік полициясы батальоны құрамы былтыр қаңтар айында 4 883 жол ережесін бұзу фактісін анықтапты, биылғы көрсеткіш – 3 697. Жақында облыстық әкімдікте өткен жиындардың бірінде Шығыс Қазақстан облыстық ІІД жергілікті полиция қыз­ме­тінің бастығы Дулат Қазақпаев 2016 жы­лы өңірде орын алған қылмыстық көр­сет­кіштерге тоқталып, облыс орталығы – Өскемен қаласының облыста қылмыс жа­саудан көш басында тұрғанын тілге тиек еткен-ді. Оның айтуынша, аймақта 202 бейнебақылау камералары орнатылған, со­ның арқасында 255 қылмыстың ізі суы­м­ай ашылып, 20 236 әкімшілік құқық бұ­зу­шылық анықталған екен. Жергілікті по­лиция қызметінің бастығы қоғамдық орын­дар (3,3) мен көшелерде (14,8) орын ала­тын қылмыстардың деңгейі біршама тө­мендегенін де атап өткен болатын сол жиында. Бұл деректерді бекерге келтіріп отырған жоқпыз. Біз сөз етіп отырған жол-патрульдік полициясы тек жол-көлік ережелерін бұ­з­ған­дарды анықтаумен ғана емес, қала кө­ше­леріндегі, тұрғын үйлердің аулалары мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қам­та­масыз етумен айналысатыны да белгілі. Енд­еше, қылмыстық көрсеткіштер бой­ы­н­­- ша өңірде көш бастап тұрған Өскемен қа­ласының құқық қорғау органдарындағы ма­ман жетіспеушілігінің түйінін тарқату ке­зек күттірмейтін өзекті мәселе екені анық. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН