Бергер кестесі
Алдымен Премьер-лиганың жүйесіне тоқталып өтсек. Қазақстан Премьер-лигасында биыл тағы 12 команда ойнайды. Бірақ бұрынғыдай алғашқы екі айналымнан кейін қос алтылыққа бөлінбейді. Бұл жолы чемпионат Бергер кестесі бойынша өткізіледі. Өткен жылғы маусым аяқталған соң, жаңа чемпионаттың форматына қатысты көптеген ұсыныстар айтылған еді. Премьер-лигадағы командалар санын 14 немесе 16-ға дейін жеткізу мәселелері көтерілді. Алайда, сол бұрынғысынша 12 команда қалатын болды. Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиналысында қабылданған шешім осындай. Әйтеуір, бір өзгеріс бар. Енді ел біріншілігі үш айналымдық жүйемен өткізіледі. Алғашқы екі айналымда барлық командалар үйде және түзде кездесіп шығады. Ал үшінші айналымдағы матчтар Бергер кестесі бойынша құрастырылады.Премьер-лигамен үш команда қоштасады
Премьер-лигадағы өзгерістің бірі маусым соңында 11-ші және 12-орын алған командалар бірден бірінші лигаға түсіп қалады. Ал 10-орынға ие болған команда «өтпелі матчта» бақ сынайды. Есесіне, бірінші лигадағы бірінші және екінші орын алған командалар 2018 жылы жоғары топтағы мықтылар арасында ойнайтын болады.Легионерлер
Легионерлерге қатысты ережеге де ешқандай өзгеріс енген жоқ. Сол бұрынғыша әр команда хаттамаға 8 легионер тіркей алады. Оның алтауы бір мезетте алаңға шығады. Сондай-ақ, осы күнге дейін Қазақстан футболында легионер ретінде доп теуіп келген Ненад Эрич, Евгений Постников, Сергей Куцов, Вячеслав Котляр, Тарас Данилюк, Михаил Бакаев секілді бірнеше ойыншының арыздары қанағаттандырылды. Енді олар біздің елде Қазақстан футболының түлегі ретінде ойнайтын болады. Кәсіпқой футбол лигасы ресми сайтының түсіндіруінше, олар «Қазақстан футболының түлегі» ережесі қабылданғанға дейін біздің елдің азаматы болғандықтан арыздары қанағаттандырылыпты.Чемпиондықтан үміткерлер
Бас жүлдеден үміткер деп «Астана» мен «Қайратты» ғана айтуға болатын сияқты. Өзге командалардың құрамы, қаржылық мүмкіндігі еліміздің екі бас қаласының командасымен бәсекелесе алмайтын түрі бар. «Астана» маусымаралық үзіліс кезінде Аздрен Лулаку, Иван Маевский Роман Мұртазаев, Дидар Жалмұқан, секілді жаңа ойыншылармен толықты. Ал Алексей Щеткин, Сергей Малый, Джордже Деспотович үшеуін «Тобылға», Рохер Каньясты Кипрдің АПОЭЛ клубына маусымға дейін жалға берді. Егер елорда клубының ойыны жүрмей жатса, аталған футболшылар қайтып оралатын шығар. Таңат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиев туған жерлері – Шымкенттің «Ордабасы» клубына ауысты. Шыны керек, «Астананың» ойыншыларының деңгейі дәл қазір «Қайраттан» сәл төмендеу. Оны бас бапкер де сезетін секілді. Бас жаттықтырушы Станимир Стойлов шабуыл шебін күшейтетін футболшы керек дегенді айтып қалды. «Қайрат» былтырғыдан күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Енді сол футболшыларды ойнату бас бапкердің қарым-қабілетіне байланысты. Трансфер ашылған кезде Елдос Ахметов, Иво Иличевич, Георгий Жуков қатарға қосылды. Дегенмен, сұрмерген Жерар Гоудың маусым бойы жалғыз өзі жоғары деңгейде ойнауы мүмкін емес. Сондықтан командаға тағы бір шабуылшы қажет екені анық. Үш жыл қатарынан «Астанаға» чемпиондық жарыста есе жіберген Алматы командасы биыл жанкүйерлерін қуанта ала ма, жоқ па? Бұл сұрақтың жауабын қарашада білетін боламыз.«Бразилиялық команда»
Ел біріншілігінде 10 жылдан астам тұрақты түрде жүлдеге ілігіп, бес мәрте чемпион атанған «Ақтөбе» өткен жылы чемпионатты алтыншы болып аяқтады. Маусым аяқталған соң, клуб директорының үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Бас бапкері еліне қайтты. Биыл команда қайтадан жасақталып жатыр. Бас жаттықтырушы қызметіне Украинадан Игорь Рахаевты шақыртты. Ол командаға латынамерикалық легионерлерді жинап алды. Қазірдің өзінде Хуан Мануэль Торрес (Аргентина), Жуниньо (Бразилия), Кассиано (Бразилия), Витор Жуниор (Бразилия), Иури Мамуте (Бразилия) секілді ойыншылар «Ақтөбемен» келісімшартқа қол қойып үлгерген.«Атыраудан» 9 ұпай алынды
Қазақстанда жылда жаңа футбол маусымында шу шығады. Өткен жылы «Алтай» клубынан 9 ұпай алынып тасталған еді. Бірақ, кейіннен Шығыс Қазақстан командасы Халықаралық сотқа шағымданып, ұпайларын қайтарып алған болатын. Бұл жолы Премьер-лигадағы «Атырау» клубынан 9 ұпай алынды. «Атырау» клубы бұрынғы ойыншысы Джонатас Рикардо да Соуза мен бапкер Зоран Филиповичке қарыз ақшаларын өтемеген. Аталған ойыншы мен бапкер 2011-2012 жылдары «мұнайшылар» қатарында болған екен. Енді сол үшін FIFA тәртіптік комитеті ҚФФ-дан батысқазақстандық командадан тоғыз ұпай алып тастауды сұрапты. Қазақстан Футбол федерациясы Халықаралық Футбол қауымдастығының бұл өтінішін орындаған. Алайда «Атырау» клубының басшылығы бұл жазамен келіспейді. Өйткені, клубта жоғарыда аталған берешектің төленгендігін дәлелдейтін қаржылай құжаттар бар екен. Клуб директоры Тимур Нығымов сол себептен де Лозаннадағы Халықаралық спорттық арбитраж сотына апелляция жолдағанын айтып отыр.Бапкерлікті директордың креслосына ауыстырды
Бір жарым жыл «Ордабасы» клубына бас бапкер болған Бақтияр Байсейітов енді директордың креслосына жайғасты. Байсейітов бапкерлік еткен тұста команда екі маусым қатарынан төртінші орыннан көрінді. Еуропа лигасының іріктеу раундына қатысты. Байсейітов «Ордабасы» клубында бұған дейін де директор болып қызмет атқарған. Бірақ 2003 жылы келісілген ойын өткізді деген күдікпен сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевтің өзі босатқан еді. Бұл жағдай кейбір шымкенттік жанкүйерлерді алаңдататыны анық. Дегенмен, Бақтияр Даниярұлының жаңа жұмысына сәттілік тілейміз! Байсейітовтен қалған бас бапкерлік қызметке Алексей Петрушин тағайындалды. Бұл маман Қазақстанға жақсы таныс. Кезінде «Қайратты», одан кейін Семейдің «Спартак» клубын бір маусым жаттықтырған.Легионері көп команда
Премьер-лигаға қайта оралған Қызылорданың «Қайсары» трансферлік нарықта өте белсенді болды. Командаға жаңадан 16 ойыншы келіп қосылды. Оның ішінде жетеуі легионер. Әзірге өзге клубтардың бірде-біреуі мұнша легионер алған жоқ. Джон Камарра (Сьерра-Леоне), Матиас Курьор (Мартиника), Грегори Нельсон (Голландия/Бразилия), Владимир Аржанов (Украина), Абдель Ламанж (Франция/Камерун), Стефан Николич (Черногория), Саиди Нтибонкиза (Бурунди) Қызылорда клубымен келісімшарт жасап үлгерді. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы деген төлқұжаты бар Мақсат Байжанов, Жамбыл Көкеев, Валерий Коробкин, Алексей Мулдаров секілді футболшылар да жаңа маусымда «Қайсардың» намысын қорғайды.«Біздің Джерард» карьерасын аяқтады
Спорттық карьерасында бір ғана клубта доп тепкен ойыншы әлемнің өзінде аса көп емес. Қазақстанда тіптен саусақпен санарлық. Сондай ойыншылардың бірі қарағандылық «Шахтердың» шабуылшысы Андрей Финонченко болатын. Жақында футболшы өзінің карьерасын аяқтады. Финонченко ойыншы ретінде алаңда доп теппесе де, «Шахтердан» кетпейді. Ол енді бас бапкер Алексей Еременконың көмекшісі болып қызметіне кірісіп кетті. Жақында «Шахтер» клубының мүшелерімен кездескен Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Финонченконы әйгілі «Ливерпульдің» капитаны Стивен Джерардпен салыстырды. Андрей 1982 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Алғашында балалар бапкері Анатолий Чудиновтен тәлім алған. Кейіннен Чудинов бапкер өмірден өткеннен кейін, оның орнын «Шахтер» футбол клубының экс-ойыншысы, КСРО спорт шебері Геннадий Костюченко басты. Дәл осы бапкер Финонченконың жаңа қырларын ашты. Бұдан кейін Андрей шабуылға жиі араласатын болды. Нәтижесінде, футболшы өзінің алаңдағы нақ орнын тауып, өз командасының табысқа жетуіне көп еңбек сіңірді. Осы уақыт ішінде футболшы «Шахтер» сапында 434 матчқа қатысып, 126 гол соққан. «Шахтермен» бірге екі рет ел чемпионатын ұтып алды. Сондай-ақ, 2013 жылғы Қазақстан кубогы мен Супер кубогының иегері атанды. 2003 жылы ел біріншілігінің сұрмергені атанса, 2013 жылы Қазақстанның үздік ойыншысы атанды. Сондай-ақ, екі рет «Шахтермен» қола жүлдеге қол жеткізгені тағы бар. Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Ұлттық құрама сапында 20 матч өткізіп, 5 мәрте мергендік танытқан. Сонымен, 8 наурыз күні миллиондардың сүйікті ойыны – футболдан Қазақстан Премьер-лигасының чемпионаты тұсау кеседі. Армысың, футбол аламаны дейміз! Бек ТӨЛЕУОВ, журналист АСТАНА