Күнпарағымызға көктемнің алғашқы айы – наурыз келіп кірді. Сонымен бірге, биылғы футбол маусымы да есік қағып тұр. Өткен жылы жүлдеге іліге алмаған «Ақтөбе» футбол клубының биылғы маусымға әзірлігі қандай деңгейде? Бұл сауалды бас бапкер Игорь Рахаевқа қойған едік.
Оның айтуынша, ақтөбелік футболшылар осының алдында Түркияда оқу-жаттығу жұмыстарына қатысып қайтыпты. Біз барған кезде олар кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдау мақсатында Шымкент қаласына аттанғалы жатыр екен. «Ақтөбе» футбол клубы биылғы маусымдағы алғашқы кездесуін Алматының «Қайратымен» өткізетіні жөніндегі дерекке де осы жерде қанықтық.
Клубтың өткен жылғы құрамы әжептәуір өзгеріске ұшырағанын айта кеткен жөн. Соның ішінде негізгі ойыншылар түгелге жуық жаңартылған. Дәл бүгінгі күні команда құрамының үлкен тобы елімізден тыс жерден шақыртылған футболшылар болғанымен, облыс әкімдігі белгілеген бағыт пен бағдарға сәйкес, «Ақтөбенің» құрамын жергілікті жастармен толықтыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл үшін болашақ кәсіби футболшыларды тәрбиелеу ісі қолға алынған. Өңірдің барлық аудандарында облыстық футбол орталығының филиалдары қызмет істейтіні де осы сөзімізге дәлел бола алады.
Қазір жаңартылған команда құрамында жергілікті тоғыз футболшы бар. Солардың бірі – өткен жылы шебер ойынымен және дәл соққыларымен көзге түсіп, жанкүйерлердің ризашылығына бөленген Бағдат Қайыров. Осы арада өзінің «Ақтөбесіне» қайта оралған Андрей Сидельниковтің атына да оң пікір, жылы лебіз білдіре кеткеннің артықшылығы жоқ.
Сөз соңында «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары жаңа маусымда өз жанкүйерлерін жақсы нәтижелерімен қуантады деп сенім білдіргіміз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ