• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Маңызды ұсыныстар қабылданды

189 рет
көрсетілді

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының болашағы үшін күресіп, халықтың ұлттық сана-сезімін оятуға ұмтылған, отаршылдыққа қарсы шыққан Алаш қозғалысының тарихтағы орны мен маңызы зор. Ғұмыры қысқа болса да бұл қозғалыс қазақ тарихында өшпес із қалдырған, ең бір айтулы тарихи кезең ретінде сақталған. Қазақстан Республикасы Ұлт­тық кітапханасының Н.Дәуле­това атындағы залында Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институты, Ұлттық кітапхана және «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш деп ғұмыр кешкен» жобасы аясында «Алаш қозғалысы: тарихы мен тағдыры» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Кіріспе сөз сөйлеп, ғылыми конференцияны ашық деп жариялаған Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдумановтан кейін сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов, танымал ғалым Әбсаттар Дербісәлі, белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Айгүл Ісмақова, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес және басқа да белгілі тарихшы ғалымдар, сарапшылар, ғылыми қызметкерлер баяндама жасап, ұсыныс-ойларын ортаға салды. Ахмет Байтұрсынұлы мұра­жай-үйінің директоры Райхан Имаханбет Алматының қақ ортасында орналасқан аталмыш музейдің әлі күнге дейін мемле­кеттің қарауына кірмегенін қын­жыла жеткізе отырып, А.Байтұр­сынов музейін Алаш орталығы ету туралы бастама көтеріп, өз ұсынысын айтты. Қазақ халқының дербес мемлекет құруына, ұлттық тұтастануына үлкен септігін тигізген, азат­тық жо­лындағы көтерген идея­ла­ры халықтың жүрегіне жол тауып, саяси санасын оятқан Алаш қоз­ғалысына арналған жиында арнайы қарар қабылданып, Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Алаш қайраткерлеріне арналған фотоальбом шығару, Алаш қозғалысы жайлы зерттеу монографиялар, жинақтар даярлау, Алаш зиялылары ашқан «Қазақ» газетінде 1915, 1916, 1917-ші жылдары төте жазумен жарық көрген мақалаларды кирилл қарпімен кітап етіп шығару, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған деректі және көркем фильм­дер шығару, мектептерде, жоғары оқу орындарында осы тақырыпта арнайы кештер, семинарлар, тәрбие сағаттарын ұйымдастыру, Алаш энциклопедиясын шығару, Алаш қайраткерлеріне кешенді ескерткіш орнату, т.б. бірқатар маңызды ұсы­ныстар қабылданды. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ