• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Әли Ахмедов: Тәжірибелі боксшымен жұдырықтасамын

273 рет
көрсетілді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов (5-0, 4KO) Варшава қаласында британиялық Патрик Мендиге (17-11-2,1KO) қарсы өтетін жекпе-жегіне дайындалып жүр. «Алғашында айқасым 11 наурыз күні Лондон қаласында өтуі тиіс еді. Бірақ ұйымдастырушылар бұл кешті сәуір айына ауыстырғандықтан, мен де жоспарымды өзгерттім. Польша елінде шаршы алаңға шығатын мүмкіндігім пайда болды. Гамбия жерінен шыққан британиялық Патрик Мендимен жұдырықтасатын болдым. Маған қарағанда тәжірибесі әлдеқайда көбірек боксшы. Бірнеше титулды жекпе-жек өткізген. Әлемдегі үздік елу боксшының қатарына кіреді», – деді Ахмедов. «Мен біраз уақыттан бері дайындалып жүрмін. Қазір жаттығу жұмыстарым қауырт жүріп жатыр. Бірнеше спарринг өткіздім. Дайындығымның негізгі бөлігін аяқтадым десем де болады. Ендігі маңыздысы шаршы алаңға сенімді түрде шығу», – деді 21 жастағы боксшы. «Қарсыласым Патрик Мендидің біраз айқасын көрдім. Жекпе-жектерін негізінен Англия мен Германияда өткізеді екен. Бұған дейін ресейлік Дмитрий Чудиновпен титулды ұрыс өткізген. 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен тең аяқталыпты. Кейінірек, британиялық Каллум Смитпен қолғап түйістірген. Олимпиада ойындарына қатысқан франциялық Хассан Н’Жикаммен де күш сынасқан. Осыған қарап-ақ тәжірибелі спортшы екенін аңғаруға болады», – деді қазақстандық боксшы. «Қолдарын төмен ұстап, бокстасады. Барлығына дайын, 12 раундқа толықтай шыдас беретін білікті боксшы. Қазір тыңғылықты дайындалып жүрмін. Өзіме деген сенімділігім де жоғары. Патрикті жеңу үшін бойымда барлық қабілет бар. Өзімді жақсы қырымнан көрсете аламын деп ойлаймын», – деді ол. Варшавада өтетін ұрысынан кейін Әли Ахмедов Англияда ұйымдастырылатын бокс кешінде де шаршы алаңға шығуды жоспарлап отыр. «Бұған да дайынмын деп ойлаймын. Бір айда екі бірдей жекпе-жек өткізіп, студенттер арасында әлем чемпионатына қатысқан күндерім де болды. Сондықтан бұл маған таңсық емес», – деді Әли Ахмедов.