«Ақтөбе» футбол клубы Қазақстан премьер-лигасының кезекті маусымы алдында ұпайларынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы kazfootball.kz хабарлады.
2012-2013 жылы «Ақтөбеде» Сергей Ковальчук есімді футболшы ойнаған. Келісімшарты бола тұра клуб басшылығы оны мерзімінен бұрын бұзған. Өз кезегінде футболшы «Қазақстан футбол федерациясының» даулы мәселелерді шешетін палатасына шағым түсірген. Басшылық алдын ала келісімшартты бұзғаны үшін өтемақы төлеуді талап еткен болатын.
Мұндай шешім шыққанына қарамастан Сергей Ковальчук тиісті ақшасын алмағандықтан ФИФА-ның тәртіптік комитетіне арыз жазған. Қазіргі уақытта тиісті құжаттың бәрі халықаралық федерацияға өткізілді. Осы себепті «Ақтөбеден» алдын ала ұпайларын алып, жаңа футболшылар алуға тыйым салуы мүмкін.
Футболшының өкілі Олег Печерныйдың айтуынша ФИФА-ның осы іске қатысты нақты шешімі наурыз айының соңында белгілі болады.
Айта кетейік, футболшылары мен жаттықтырушыларының жалақасын төлемегені себепті «Атырау» клубы маусым алдында тоғыз ұпайынан айырылған.