• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев: Біз әйелді жоғары бағалаған халықпыз

288 рет
көрсетілді

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі өтіп жатыр. «Қымбатты ханымдар! Алдағы келе жатқан мереке - әйелдер күні баршаңызға құтты болсын! Бақ-береке, жақсылық тілеймін! Бүгін біздің ортамызда әйел азаматтарының әр салада қызмет істеп жүрген өкілдері бар. Көп балалы аналар, депутаттар, ғалымдар, сот, диқан, кәсіпкер, өнертапқыш, дәрігер, әнші, журналист, актриса, спортшы, жауынгерге дейін арамызда отыр. Біз ананы, әйелді әр уақытта құрметтеп, жоғары бағалаған халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн түскенде ерлермен бірге қолына қару алып, Отанын қорғаған. Ел үшін ер-азаматтармен бірге жауға шапқан баяғыдан келе жатқан, бізге белгілі Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз. Қазақ әйелдерінің арасында зор құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханша, Зере әжелеріміз парасаттың символы болып саналады. Бүгінгі Қазақстан әйелдері сол парасатты жалғастыратын, жолын жалғайтын ізбасарлары. Әйел үйдің қазығы деп әйелін құрметтеген халықпыз. Қыз өссе елдің көркі деп қызын құрметтеген халықпыз. Ұлы далада қилы заманнан келе жатқан игі дәстүр қазір де жалғасуда», - деді Назарбаев. Сонымен қатар Президент мемлекеттігіміздің нығаюына әйелдердің қосқан үлесі ерекше екенін атап өтті. "Елімізде еңбек ететін азаматтардың тең жартысынан көбі қыз-келіншектер. Әйелдер Үкімет құрамында, Парламент қабырғасында, түрлі  деңгейдегі әкімдіктерде табысты жұмыс жасауда", - деді Елбасы. Оның айтуынша, білім беру саласында 65, денсаулық саласында 75, мемлекеттік қызметте 55 пайыз әйелдер жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерліктің тең жартысы, шағын және орта бизнестің  42 пайызы әйел азаматтардың қолында. «Болашақ» бағдарламасымен шетелден білім алған 12 мыңнан астам жастың тең жартысы қыздар.