Кеше Ақтауда Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусиннің қатысуымен Маңғыстау облысы активінің жиналысы өтті. Онда А.Мусин облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар Елбасының Маңғыстау облысының әкімі қызметіне Қырымбек Көшербаевты тағайындауына бірауыздан келісім бергендігін жеткізіп, Елбасы Жарлығын жария етті.
Актив жиналысында облыстық мәслихат хатшысы Бақтыбай Шелпеков Аслан Есболайұлына өлке жұртшылығының құрметіне бөленген іскер де халықшыл басшыны қайта тағайындау жөніндегі жақсы да жағымды хабары үшін жиналған жұртшылық атынан алғыс айтып, ризашылық сезімін білдірді. Облыста Елбасы тапсырмасына орай бірнеше жасампаз жобалар қолға алынуда, бастаған істі оның мән-жайын жетік білетін басшының өзі әрі қарай жалғастыратыны қуантады, деді.
Актив жиналысында Қырымбек Көшербаев Елбасының өзіне көрсеткен жоғары сенімін ақтау үшін күш-жігер, қажыр-қайратын жұмсайтындығын жеткізді.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.