Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары үшін Samsung инновациялық академиясында арнайы тренинг өтті. Оған Алматы қаласында орналасқан 15-ке жуық колледж оқытушылары қатысып, білімдерін толықтырып қайтты.
ІТ-тренингтен өткен оқытушылар студенттермен жаңа форматта жұмыс істеп қана қоймай, ІТ саласындағы білімдерін арттырып, ақпаратты өздігінен іздеу дағдысын дамыта түспек. Жаңа пән еңбек нарығының өзекті талаптарына негізделе отырып, өндірісте білім жинаудың әлемдік тәжірибесіне сәйкес жасалған екен. Бағдарлама мақсаты – халыққа және түрлі кәсіпорындарға сандық теледидарларды, мобильдік құрылғыларды, принтерлер мен өнеркәсіптік желдеткіш жүйелерді жөндеу бойынша сервистік қызметтер ұсынатын жоғары білікті мамандар дайындап шығару. 2015-2016 оқу жылының екінші жартыжылдығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың техникалық колледжінде сынақтан өткен жаңа пәнді Орталық Азия техникалық-экономикалық колледжінің (ОАТЭК) оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеген оқытушылары оқытпақ. Практикалық білім алуға мүмкіндік беретін заманауи техникалық және қосарлы жабдықтармен жабдықталған Samsung зертханасында студенттер түрлі техникаларды жөндеуден өткізу тетіктерін, тұтынушылармен жұмыс істеу ережелерін үйренеді.
«Тұрақты дамуға ықпал ету» қоғамдық қорының білім беру бағдарламалары жөніндегі сарапшысы Наталья Анисимованың айтуынша, тренинг ел дамуының жаңа стратегиясына сай әзірленген. «Елбасы биылғы Жолдауында еліміздегі білім беру саласындағы инновациялық әдістемелерге қатысты ойын айқын атап өткен болатын. Оқыту жүйелерін, білім беру интеграциясын, ғылым мен өндірісті дамыту, сондай-ақ, жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестермен өзара байланыс арқылы техникалық және кәсіби білім беруді дамыту аса маңызды фактор болып табылады», дейді Наталья Михайловна.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ