Алматыда Жоғарғы сот "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп "Кәсіпкерлік қызмет шарттарын жақсарту үшін азаматтық-процестік заңнаманы жетілдіру" тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов, Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңес мүшесі, Қазақстандағы «КазБар» коммерциялық заңгерлер ассоциациясы басқару кеңесінің төрағасы Айгүл Кенжебаева, сондай-ақ, Жоғарғы сот пен жергілікті соттардың судьялары, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Айгүл Қыдырбаева еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері ұлттық сот төрелігі заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы тұрақтылықтың сенімді кепілі бола білгенін, ал Қазақстан азаматтарының құқықтарын сот арқылы қорғау деңгейі халықаралық озық стандарттарға барынша жақындай түскенін, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында сот жүйесі айтарлықтай жаңғыртылғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше көңіл бөліп келеді, ол бизнес субъектілерін, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың тиімді қызмет атқаруына оңтайлы жағдай жасауда сот жүйесінің айрықша рөлін әрқашан назарда ұстап келеді», деді Айгүл ханым.
Жиын барысында қатысушылар сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге және кәсіпкерлікті қолдау үшін барынша тиімді жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын, ең негізгі жаңашылдықтың бірі – инвестициялық даулар бойынша дербес сот алқасының құрылғанына тоқталды. Сот сатыларын қысқартып, апелляциялық және кассациялық сатыдағы судьялардың жауапкершілігін арттыру арқылы инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы құқықтық түрде қорғауды басты назарға алу мәселесі де тілге тиек етілді.
Осы басқосудағы заңды тұлғалар келтірген деректерге сүйенсек, 2016 жылдың басынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Азаматтық процестік кодекс заңды мүдделерді қорғау мен қалпына келтіру істерін біршама ілгері жылжытуға себепші болған екен. Аталмыш кодекстегі жаңашыл бағыттар соттар жұмысының тиімді болуына ықпал еткен. Сот төрелігінің ескі жүйесінде кейбір санаттағы істер жарты жылға дейін қаралып келсе, бүгінде олар ең көп дегенде 8 айдың ішінде шешімін таба бастаған. Азаматтық істердің 82 пайыздан астамы бір ғана сот отырысында, 10 пайызға жуығы екі, ал 59 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде, яғни соттарға миллионға жуық процеске қатысушыларды шақырмай-ақ қаралатын болған.
Жоғарғы соттың судьясы Гүлжан Әлмағамбетова өз сөзінде қатысушылардың назарын кәсіпкерлік үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған азаматтық процестік заңнаманың жаңашыл бағыттарына аударды. «Азаматтық процестік кодекске өзгерістер енгізу азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудан құралатын міндеттер мен принциптерден тарайтын процестік заңнаманың мазмұнына қойылатын халықаралық стандарттардың талаптарына сай келеді», – деді.
Сонымен қатар, Жоғарғы сот судьясы Мемлекет басшысы жуырда ғана азаматтық, процестік және банктік заңнаманы жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғандығын мәлімдеді. Осы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, жауапкерге және үшінші тұлғаларға талап қою арызының көшірмелерін және оған қоса берілген құжаттарды үш жұмыс күні ішінде жолдау немесе тапсыру міндеті сотқа жүктелетін болған. Ал бұрын мұндай міндет талап қоюшыларға жүктелген еді. Арызды электронды құжат түрінде берген жағдайда енді оның көшірмесін қоса беру қажеттілігі болмайды.
Сонымен қатар, жауапкерлердің талап арызға пікір беру мерзімі талап арыздың көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Бұған қоса, істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей басталатын бірінші сот тыңдауының мерзімі заңнамалық тұрғыда бекітілген. Бұған дейін мұндай мерзім заң бойынша мүлдем анықталмаған.
Дөңгелек үстел шеңберінде, сондай-ақ, «Baker & McKenzie» компаниясының аға заңгері Александр Коробейников, «Атамекен» ҰКП Арбитраж орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев, басқарушы директор – «Атамекен» ҰКП Заңнама және өзін-өзі реттеуді дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанова, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ғалия Оңлабекова, Алматы қаласы әділет департаментінің басшысы Гүлнара Көкебаева және бірқатар заңгерлер мен сот қызметкерлері сөз сөйлеп, өз пікір-түйіндерімен бөлісті.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ