• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

"Сағындырған асылдар" атты кітап жарық көрді

443 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігіне баланатын бас қаланың Алатау баурайынан Арқаға қоныс аударуы ел тәуелсіздігінің айғағы екені талассыз. Ерке Есіл жағасында еңсе көтерген елордамыз бүгінде бүкіл дүние жүзіне белгілі. Ел өміріндегі ең елеулі оқиғалардың барлығы осында өтеді. Ал енді ерекше екпінмен өсіп-өркендеген Астананың мәдени-руха­ни келбетін қалыптастыруға Алаш­қа аты мәшһүр қаншама аяулы тұлға­ла­ры­мыз атсалысты. Өйткені, кез келген ша­һардың атағын алыс-жақынға жая­тын оның сәулеттік тұрғыдан сән­ді ғи­мараттары ғана емес. Ол ең әуе­лі ақ ниет­ті адамдарымен әдемі. Хал­қы­мыз­дың қаймағы саналатын санаткер зия­лы­­ларымен қадірлі. Көреген ұлт көшбасшысының тікелей шақыруымен мақтан тұтып, маңдайға басар небір марғасқаларымыз мұнда көшіп келгені мәлім. Олар тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа орда­сының қазығын қағысып, шаңыр­а­ғын көтерісуге көп үлес қосты. Солай­ша Қазақстанды соны соқпақпен өркениет өріне бастаған Тұңғыш Президентіміздің игі идеяларына қызу қолдау білдірді. Өкінішке қарай, сол жақсы-жайсаңдарымыздың біразы өмірден өтіп кетті. Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Жұмагүл Саухаттың құрастыруымен жуырда жарық көрген «Сағындырған асылдар» атты кітап қазір арамызда жоқ болса да есімдері елдің есінен кетпес Кәкімбек Салықов, Еркеғали Рахмадиев, Сәкен Жүнісов, Әзірбайжан Мәмбетов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Рымғали Нұрғали, Дүкенбай Досжан, Ақселеу Сейдімбек, Әшірбек Сығай, Нұрғожа Ораз секілді аяулы жандардың жарқын бейнелерін жадымызда қайта бір жаңғыртуға арналған. Жылы есте­ліктерге толы жинаққа, сондай-ақ мар­құмдардың көздері тірісінде жазған мазмұнды-мағыналы мақалалары, сыр-сұхбаттары, ой-толғаулары еніпті. Аталарымыздың айтуынша, аруақ айтқан сайын аунайтын көрінеді. Ендеше, бұл еңбектің өз міндетін мейлінше өтеп, оқырманның рухани олжасына айналарына шек келтірмейміз. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»