• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

«Камп Ноудағы» керемет

123 рет
көрсетілді

УЕФА-ның жыл сайын өткізетін клубтар арасындағы 1/8 фина­лын­дағы қарымта кездесулер әлем чемпионатынан кем түспейді. Қатардың Нассер Ганим әл-Хелаифи есімді бизнесмені сатып алған ПСЖ клубы осыдан үш апта бұрын өз алаңында атақты «Барселонаны» 4:0 есебімен ойсырата ұтқан еді. Париж командасы католониялықтарды жарыстан ерте шығарып тастайтын болды ғой деп біраз таңдай қаққанбыз. Бұл жеңіліс «Барселонаның» бас бапкеріне қатты батқан секілді. Маусым аяқталған соң, келісім­шартты созбайтынын, командадан кететінін мәлімдеп үлгерген болатын Луис Энрике сабаз... Әрине, Чемпиондар лигасының плей-офф бәсекесінде бірінші ойында 0:4 есебімен ұтылған коман­да­лардың ешқайсысы келесі кезеңге шыға алмаған. Бірақ көптеген сарап­­­шылар мұндай камбэкті әлемде жасай алатын жалғыз ко­ман­­да болса – ол «Барселона» деген. Мес­си бастаған жігіттер сол таң­­ғажайыпты іс жүзін­де дәлелдей алды. Бұл кездесуде алаң иелерінің ойынын өрбіткен, тарихи жеңісіне басты себепкер әдеттегідей Месси емес, бразилиялық Неймар болды. Әттең, Пеленің ізбасары саналатын футболшыға тұрақтылық жетіспейді. Кей ойындарда мүлдем алаңда бар-жоғын байқамай қала­сың. Әйтпесе, «Алтын доп» алуға да қауқары бар жігіт. Дегенмен, бұл матчта ол өзінің карьерасындағы ең үздік ойындарының бірін өткізді. «Барселона» мен ПСЖ ара­сындағы тартыстың «Камп Ноу­дағы» бөлімінде 7 гол соғылды. Оның алтауы «Барселона» фут­бол­­шыларына тиесілі. Тіпті, Кавани гол соққанда да «Барсе­лона» футболшыларының салы суға кетпеді, қайта ширай түсті. Фут­болда төрешінің соңғы ыс­қыры­ғына дейін ойнау керектігіне тағы көзіміз жеткендей болды. Жеңіс добының авторы – Серхио Роберто 93-минутта мергендік танытты. ПСЖ үшін үлкен өкініш. Кавани, Ди Мария, Драсклер се­кілді жұлдыздары бар команда екі матчта 5 доп соқса да, басым­дықты ұстап қала алмады. Футбол сонысымен қызық, сонысымен әсерлі. Әрине, төрешінің ПСЖ қақ­пасына пенальти белгілеуі күмәнді көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл жағдай «Барселонаның» жеңісіне күмән келтіре қоймас деп ойлаймыз. Ал Англияның «Арсенал» клу­бында мінез жоқ екеніне, тіпті бапкері Венгердің шау тарта баста­ғанына етіміз әбден үйреніп кетті. «Зеңбірекшілерге» жеребе бұл жолы да жолдас болмады. Кезекті рет «Баварияға» қарсылас атанып көріп еді. Екі ойында қақпасына 10 гол жіберді. Өз алаңындағы жеңілісі тіптен ұят болды. «Арсеналда» Лоран Косельни деген қорғаушы бар. Осы француз ойыншысына көп нәрсе байланыс­ты. Бірінші матчта 49-минутта жарақат алып, алаңнан ерте кетіп еді. «Неміс машинасы» қатарынан 4 гол соққан сабаз. Бұл жолы екінші рет сары қағаз алып, коман­дасын тіптен қиын жағдайға қалдырды. Сөйтіп, Анчелотти шәкірттері 5 доп­ты бірінен соң бірін топырлатты. Айта кету керек, матчта төреші Анастасиос Сидиропулостың жібер­ген қателіктері де аз емес. Бірақ «Арсеналдың» тым шарасыз­дығы жеңіліске сылтау бола қой­мас. Ал «Арсенал» бапкері Арсен Вен­гердің әзірге командадан ке­те қоятын жоспары жоқ секілді. «Бавария» мен «Барселонадан» бөлек, ширек финалға «Реал Мадрид» пен «Боруссия Д» командалары да жолдама алды. Дортмундтың «Боруссиясы» өз алаңында «Бенфиканы» ірі есеппен ұтты. Бұл ойында Пьер-Эмерик Обамеянг хет-трик жасады. Бір голды Кристиан Пулишич соқты. «Реал» қарымта ойында да «Наполиді» 3:1 есебімен тізе бүк­тірді. «Басы алтын» қорғаушы Серхио Рамос екі рет стандарттан қақ­па торын бүлк еткізген еді. Бірақ, біреуі қорғаушы Дрис Мер­тенске тиіп кетіп, автогол болып жазылды. Матч нәтижелері: «Арсенал» – «Бавария» – 1:5; Голдар: Тео Уолкотт, 20 (1:0). Роберт Левандовски, 55 – пенальтиден (1:1). Арьен Роббен, 68 (1:2). Дуглас Коста, 78 (1:3). Артуро Видаль, 80 (1:4). Артуро Видаль, 85 (1:5). «Наполи» – «Реал» – 1:3; Голдар: Дрис Мертенс, 24 (1:0). Серхио Рамос, 51 (1:1). Дрис Мертенс, 57 – өз қақпасына (1:2). Альваро Мората, 90+1 (1:3). «Барселона» –ПСЖ – 6:1; Голдар: Луис Суарес, 3 (1:0). Лейвин Кюрзава, 40 – өз қақпасына (2:0). Лионель Месси, 50 – пенальтиден (3:0). Эдинсон Кавани, 62 (3:1). Неймар, 88 (4:1). Неймар, 90+1 – пенальтиден (5:1). Серхи Роберто, 90+5 (6:1). «Боруссия Д» – «Бенфика» – 4:0; Голдар: Пьер-Эмерик Оба­меянг, 4 (1:0). Кристиан Пулишич, 59 (2:0). Пьер-Эмерик Обамеянг, 61 (3:0). Пьер-Эмерик Обамеянг, 85 (4:0). Бек ТӨЛЕУОВ, журналист