• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

Чемпион біріншілікті жеңіліспен бастады

231 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстанның 26-шы чемпионаты сенсациямен басталды десе де болады. Соңғы жылдары айдарынан жел есіп жүрген «Астана» оңтүстік өңірі­не барып, Шымкенттің «Орда­басы» командасынан 0:3 есебімен оңбай жеңілді. Мұның алдында елордалық клуб еліміздің Супер­кубогы үшін болған сында «Қайрат­тың» алдында тізе бүккен еді. Есін жия алмаған екен... Шынтуайтына келгенде, бұл матчта «Астананың» басымдығы байқалған. Бірнеше мәрте қақпа алдында қауіпті сәттер туғызды да. Бірақ, жеме-жемге келгенде, әрекетінің бір де бірін голға айналдыра алмай, әлсіздік танытты. Сөйтіп, Мардан Төлебек (15-минут) пен Азат Нұрғалиев (75-ші) жә­не Абулай Диакате (88-ші) соқ­қан жауапсыз үш гол «Орда­басы» клубына ірі жеңіс әкелді. Маусымашар ойында «Тобыл­дың» да айы оңынан туды. Қоста­найлықтар өз алаңында «Аты­рауды» 3:0 есебімен ойсырата ұтып, биылғы аламанға жан-жақты дайын­дықпен келгенін аңғартты. Бұл ойындағы үш голдың да авторы Алексей Щеткин болғанын айта кету керек. Демек, бұл – биыл­ғы чем­пионаттағы тұңғыш хет-трик. Алғашқы турда Алматының «Қайраты» да үш ұпай олжалады. «Ақтөбемен» арада аса тартысты өткен ойында алаң иелері Жерар Гоу соққан жалғыз доптың арқа­сында жеңіске жетті. Өткен жылғы чемпионаттың қола жүлдегері «Ертіс» Павло­дар­да «Ақжайық» футбол клу­бын қабылдаған болатын. Екінші тайм басталмай жатып «Ертістің» шабуылшысы Аслан Дарабаев есеп ашты. Осы есеп кездесудің 84-ші минутына дейін өзгермей тұрған еді. Алайда, Фредди Коро­нель Ортиз алыстан теуіп, тура «тоғыздықтан» доп кіргізді де, таразы басын теңестіріп кетті. Арада төрт минут өткенде қонақ­тар­дың қорғаушысы айып ала­ңында Нұрбол Жұмасқалиевті шалып жығып, төреші пенальти белгілеген болатын. Он бір метрлік айып добын орындауға келгенде Стефан Живкович мергендік танытты. Есеп – 2:1. «Қайсар» өз алаңында «Оқжет­пестен» 1:0 есебімен басым түссе, «Тараз» бен «Шахтер» арасындағы матч 0:0 есебімен тең аяқталды. Премьер-лиганың екінші туры 12 наурызда өтеді. Бұл күні «Қай­сар» – «Тараз», «Қайрат» – «Оқжет­пес», «Тобыл» – «Ақтөбе», «Орда­басы» – «Атырау», «Ертіс» – «Астана» және «Ақжайық» – «Шах­тер» командалары жасыл алаң үстінде күш сынасып, өзара кім мық­тыны анықтайды. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»