Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған палата депутаттары «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағын аралады. Олар көрме нысандары жұмысымен танысып, халықаралық шараны ұйымдастыруға арналған жиынға қатысты.
Жиналыс барысында орасан зор жұмыстар атқарылғанын алға тартқан Мәжіліс Төрағасы тура үш айдан кейін елордамыз «жасыл энергетика» саласында әлемдік үздік әзірлемелерді паш ететін орталыққа айналатынын атап өтті. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық жоғары беделінің арқасында біздің еліміз осы ғажайып әрі бірегей шараны өткізуге мүмкіндік алды», – деді Н.Нығматулин.
Оның пікірінше, ауқымды шараны ұйымдастыруда белгілі бір деңгейде депутаттық корпустың да өз үлесі бар. Мәселен, Парламентте Халықаралық көрмелер туралы конвенция ратификацияланды, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мәселелері жөнінде арнайы заң қабылданды.
Айта кетейік, «Болашақтың энергиясы» деп аталатын ұлттық жобаның басты мақсаты қоғам назарын электр қуатын орынды жұмсау мәселесіне аудара отырып, энергия қуатын таусылмайтын инновациялық энергия қуатымен алмастыру болып табылады.
Алқалы кеңеске «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов пен басқа да жауапты департаменттердің басшылары қатысып, депутаттар назарына көрме жұмысы жайында толыққанды мәліметтер ұсынды. Сонымен қатар, алдағы жоспарлар жайында да тыңғылықты баяндады. Ал көрме жұмысымен жақыннан танысу кезінде Мәжіліс депутаттары Қазақстанның ұлттық сфера-павильоны мен халықаралық деңгейдегі павильондарға, Конгресс-орталыққа, бірыңғай қызмет көрсету орталығына, ЭКСПО-қалашық сынды нысандарға айрықша назар аударды.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық павильонның құрылысы 2017 жылдың мамыр айында толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Сондықтан да бұл нысанда ішкі құрылыс жұмыстары қызу жүргізілу үстінде.
Шара аясында депутаттар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттер сатып алды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»