• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

Білімді ұрпақ қана биікке ұмтыла алады

172 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баспасөз мәслихатын өткізіп, білім саласындағы атқарылып жатқан істер туралы баяндап берді. «2016-2019 жылдарға арналған білім берудің мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге ерекше назар аударылған. Мақсаты – төрт жылдың ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 100% мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету. Осы орайда біршама жұмыстар атқарылуда. Министрлік жаңа балабақшаларды ашу мақсатында, МЖӘ-ні дамытумен белсенді түрде айналысып жатыр. 2016 жылы 77 мың орынға 825 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Олардың ішінде 600-і жеке балабақша. Осының арқасында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету деңгейі 2 пайызға өсті және 85 пайызды құрады. Білім және ғылым министрлігі осы үрдіске бизнес бастамаларды тарту жұмысын әрі қарай жалғастыруды жоспарлайды. Кезекке тұру бізде автоматты түрде жүргізіледі, алайда орындарды бөлу білім берудің облыстық бөлімшелерінде қолмен жүргізіледі. Бұл белгілі бір қиындықтарды туындатып, азаматтар тарапынан көңіл толмаушылықты байқатады», деді Е. Сағадиев. Министр 2016 жылы 1-сыныптарда бірыңғай бағдарлама мен бірыңғай базалық оқулық енгізілгеннен кейін мұғалімдердің белгілі бір қиындықтарға тап болғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда бірінші сынып оқу­шыларының 80%-ы жүгіртіп оқи ал­са, ал 20%-ы әріп те танымайды. Сол себепті сынып түгел барлық бағдар­ла­маны басынан бастап өтуге мәжбүр», деді Е.Сағадиев. «Осыған байланысты мектеп алдындағы дайындыққа да бірыңғай оқу бағдарламасын енгізу қажеттілігі туындады. Осы жаңашылдықты енгізгеннен кейін балалар 1 сыныпқа бірыңғай мектеп бағдарламасын меңгеруге бірдей дайын болып келеді деп күтілуде. Нөлдік сыныпты мектепте де, сондай-ақ, балабақшада да өтуге болады. Ал «Сауат ашу» оқулығына келер болсақ, ол екі кітапқа бөлінеді: нөлдік сыныпқа «Әліппе» және бірінші сыныпқа «Ана тілі». Бұл 2019 жылдан бастап енеді. Нөлдік сыныпқа балама – қашықтықтан оқыту бар. Оның базалық бағдарламасы мен оқыту курсы Отбасы.kz сайтында салынған», деді министр. «Қазіргі уақытта білесіздер, жағ­дайымыз жаман емес. 90 пайыз қазақтың балалары қазақ тілінде, қазақ мектептерінде оқып жатыр. ҰБТ-да 80 пайыз балалар қазақ мектептерінің оқушылары болды. Енді баса назар аударатын мәселелердің бірі – орыс мектептеріндегі балалардың қазақ тіліне шорқақтығы. 500 мың бала 11 жыл бойы оқыса да қазақша сөйлемейді. Осыған байланысты бізде жаңа әдістеме дайын. Оны тізімге енген 150 мектепке қанатқақты негізінде енгізуді көздеп отырмыз. Егер барлығы ойдағыдай болса, 2018-2019 оқу жылынан бастап оны әр мектепке енгіземіз», деді Е.Сағадиев. Сонымен қатар, ол қазақ тілін үй­ренушілерге арналған soile.kz деп аталатын мобильді жүйенің көмегі көп екенін, оны әрбір адам ұялы телефонына жүктеп алуға мүмкіндігі барын атап өтті. Министрдің тоқталған тағы бір мәселесі – оқушыға берілетін үй жұмысының көлемі. «Біздің оқушылар үй жұмысын орындау уақыты бойынша 65 мем­ле­кеттің ішінде 4-орын алып отыр. Оқыту жүйесін дұрыс жолға қойған жағдайда үй жұмысын азайтуға болады, азайту керек. Себебі, бұл ата-аналардың да, мұғалімдердің де пікірі. Қазіргі уақыт­та осы мәселеге байланысты екі топ құ­рылды. Олар үй жұмысын барлық пән­дер бойынша азайту немесе кейбір пән­дер бойынша ғана беру ұсынысын қарас­тыруда. Бір айдың ішінде бұл шаруа пысықталып, депутаттардың қарауына ұсынылып, бір келісімге келеміз», – деді. Біраз уақыт бұрын депутат Бекболат Тілеухан оқулықтағы олқылықтарға бай­ла­нысты Е.Сағадиевті баспасөз бетін­де жекпе-жекке шақырғаны белгілі. Жур­на­листердің осыған байланысты қойған сұрағына Білім және ғылым министрі өз жауабын былайша берді: «Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Біз Бекболат Тілеуханды оқулықтарға бай­ланысты комиссияға шақырдық. Ол сол комиссияға қатысып, жұмысын көр­сетсін. Мен баспасөз бетінде жекпе-жекке шығуға қарсы емеспін. Бірақ бұл Үкіметтің жұмысы деп ойламаймын», – деді ол. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»