Конституциялық Кеңесте еліміздің Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігін анықтау туралы Президент өтінішін қарау бойынша отырыс өтті. Бұған дейін, яғни 6 наурызда Конституциялық Кеңес Елбасы өтінішін өндіріске қабылдаған болатын.
Бұл жиынға Конституциялық Кеңес Төрағасы И. Рогов қатысқан жоқ. Себебі, ағымдағы жылдың 7 наурызында Конституциялық Кеңес Төрағасы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарау бойынша палаталардың бірлескен комиссиясы құрамында болуына байланысты өздігінен бас тартатынын мәлімдеген еді. Осы орайда, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 11- бабы 5-тармағы және Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Регламентінің 10-тармағына сәйкес, Конституциялық Кеңес оның өздігінен бас тартуын қанағаттандырды.
Конституциялық Кеңес отырысына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Аманжол Нұрмағамбетов төрағалық етті. Ол конституциялық өндіріске қатысушылар өкілеттікке сәйкес, тең құқыққа ие екенін жеткізе келе, олардың құқықтары мен міндеттеріне жан-жақты тоқталып өтті.
Бұдан кейін сөз Конституциялық Кеңес мүшесі Виктор Мариновскийге берілді. Биыл 6 наурыз күні Конституциялық Кеңеске «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өтініші түсті. Сол күні, яғни 6 наурызда Конституциялық Кеңес Елбасының өтінішін конституциялық өндіріске қабылдаған еді. Бұдан кейін бұл мәселе туралы Конституциялық өндіріске қатысушылар анықталып, хабарландырылды. Мемлекеттік органдардың, оның ішінде Үкіметтің, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Әділет, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктерінің, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, сондай-ақ, ғылыми мекемелер мен оқу орындарының пікірлері, тұжырым-қорытындылары алынды. Бұған қоса, бұл мәселе бойынша тұжырым жасайтын ғылым және құқықтану салаларының сарапшылары, мәселен, Ж.Бұсырманов, Е.Абайділдинов секілді заң ғылымдарының докторлары, профессорлар анықталды. Жалпы, аталған өтініш бойынша анықталған азаматтар белгіленген уақытта өздерінің тұжырымдарын айтты. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы мен өзге шет мемлекеттердің заңнама мен заң қолдану тәжірибелері сарапталды. Барлық қажетті материалдардың көшірмелері белгіленген уақытта Конституциялық Кеңестің мүшелеріне тапсырылды, деді В. Мариновский. Оның айтуынша, аталған мәселе бойынша тиісті іс-шаралар атқарылып, қамтамасыз етілген.
Әділет министрі Марат Бекетаев Конституциялық Кеңес Төрағасының сұрауына сәйкес, Үкімет Президент өтініші бойынша қорытынды тұжырымдаманы бергенін айтты. Заң Парламенттің рөлін жоғарылатуды, Президент өкілеттіктерінің бір бөлігін қайта бөлуді, сот жүйесі мен прокуратураның, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының конституциялық негіздерін нақтылауды көздейді. Жалпы алғанда, заң Конституцияның 25 бабына 33 түзетуді енгізуді қамтиды, дей келе, Парламент қабылдаған заңды талдаудың нәтижесі бойынша Үкімет келесідей қорытынды жасайтынын жеткізді.
Біріншіден, заңның аясында Үкіметті құру бойынша Парламент Мәжілісінің рөлі кеңейтіледі. Премьер-Министр Үкімет мүшелерінің кандидатураларын Парламент Мәжілісімен келісіп, кеңескеннен кейін ғана Президентке таныстырады. Сондай-ақ, егер, заңды орындамаған жағдайда Парламенттің әрбір палатасына Үкімет мүшелерін орындарынан босату туралы Елбасына өтініш айтуларына құқық беріледі. Бұл ретте, Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Бұл тетік биліктің барлық тармақтарының жұмыс тиімділігін арттыруға сеп болады. Екіншіден, Президент өкілеттіктерінің біршама бөлігін билік тармақтары арасында бөлу аясында Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қаржыландырудың бірыңғай жүйесін бекіту функциясы беріледі. Бұл өкілеттіктер Мемлекет басшысымен келіскеннен кейін ғана жүзеге асады, деді М.Бекетаев.
Сонымен қатар, ол соттарға жүктелетін талап-міндеттер Конституциялық заң арқылы айқындалатынын және арнайы заңның аясында прокурорлық бақылаудың шегі нақты түрде белгіленетінін, бүгінде жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметі жетілдіріліп жатқанын жеткізді. Мәселен, заң шеңберінде мәслихаттар өкілеттіктері Үкімет пен Парламент палаталарының төрағалары өзара келіскеннен кейін Президенттің ұйғарымымен мерзімінен бұрын тоқтатылады. Бұл Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін және мәслихаттардың мәртебесін арттыратын болады. Сондай-ақ, заң аясында аудан және ауыл әкімдерін тағайындау мен сайлау үдерісі жүзеге асырылады, бұрын бұл процедуралар Президенттің Жарлықтары негізінде анықталатын еді. Сонымен қатар, конституциялық құрылыс негіздерін қорғау күшейтіледі. Ел тәуелсіздігінің кепілдіктері қатаңдатылады. Мемлекеттің тәуелсіздігі ешбір жағдайда өзгертуге жатпайтындығы нақты бекітіледі. Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы негізін қалаған түбегейлі қағидаттар өзгертуге жатпайды. Аталған бекітілімдердің мақсатқа сәйкестігі тәуелсіз Қазақстанды құрушы Елбасының тарихи рөліне негізделеді. Бұлардың барлығы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға, Конституциямен бекітілген құндылықтар мен мемлекет қызметінің түбегейлі қағидаттарына, республиканың басқару нысанына, сондай-ақ, Конституцияға түзетулерді енгізу тәртібіне сәйкес келетініне дәлел болып табылады, деді Әділет министрі.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне қатысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құзыретіне жататын бір толықтыру бар екенін айтты. Ол – Конституцияның 39-бабының, 2-тармағына «конфессияаралық» деген сөзді қосу екен. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйғарымы бойынша, бұл толықтыруды қажет әрі тиімді деп санаймыз. Бұған бірнеше себеп бар. Бүгінде ұлт және конфессия арасындағы шекара көп жағдайда сәйкес келмей жатады. Бір ұлттың немесе этностың өкілі басқа конфессиялардың өкілі болуы әбден мүмкін. Сондықтан, бүкіл дүние жүзінде және елімізде конфессияаралық келісім мәселесі өзекті болып тұр. Соңғы жылдары елде ұлтаралық келіспеушілікке негізделген терактілер орын алған жоқ. Өкінішке қарай, дүниенің әр қиырында діни қарама-қайшылыққа негізделген түрлі терактілер мен зорлық-зомбылық әрекеттер орын алуда. Қазіргі таңда заңда діни қарама-қайшылықты ушықтыруға және діни экстремизмге қарсы бағытталған нормалар бар. Десек те, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың аталған қауіптердің алдын алудағы профилактикалық сипаты анағұрлым кең және басым, деді Н.Ермекбаев.
Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Сенат комитеттерінде талқыланып, оның қорытындылары Бірлескен комиссияның қарауына ұсынылғанын атап өтті. Қолданыстағы Конституцияның 19 бабына 24 түзету енгізу ұсынылып, олар жан-жақты қаралды. Бұл ұсыныстар бойынша небәрі 10 түзету қабылданды. Сенат комитеттері сол ұсыныстарды толығымен қолдайды. Сонымен, 6 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екінші оқылымда мақұлдады, деді С.Ақылбай.
Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты Мемлекет басшысының ұсынысының өзегі билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлуге негізделгенін, ал бұл өзгерістер Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталғанын жеткізді. Парламенттің заң билігін қамтамасыз ететіндігі жөнінде арнайы норма бекітіледі. Ал Президенттің әлеуметтік-экономикалық саладағы өкілеттігін Үкіметке беру мәселесі айқындалады. Жалпы алғанда, бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы теңгерімділікті конституциялық деңгейде шешуді көздейді, деді Н.Әбдіров.
Конституциялық Кеңестің отырысына қатысып, сөз сөйлеген азаматтардың арасында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі А.Рақышева, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Ә.Шәкіров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М. Қолқабаев, Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М. Тілеуберді, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Демеуов, «Діндерді зерттеу орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры, Қазақстан Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес мүшесі Ю.Денисенко секілді азаматтар болды.
Отырыс қорытындысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» Заңның Қазақстан Конституциясына сәйкестігін анықтау мақсатында Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысы жария етілді.
Бұған дейін атап өткеніміздей, 6 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті аталған заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына, оның ішінде Конституцияда белгіленген құндылықтарға республика қызметінің түбегейлі принциптеріне, басқару нысанына сәйкестігін қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдаған болатын.
Осы орайда, Конституциялық Кеңес өз шешімінде 2017 жылы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдап, 2017 жылы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына, оның ішінде республиканың конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне және басқару нысанына сәйкес келеді деп қаулы етті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»