Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жүзеге асыру және қолдау мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ведомствоның транзиттік және көліктік логистиканы дамыту департаменті директорының орынбасары Серік Башимов 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен таныстырды.
«Қазақстанның географиялық орналасуы Азия – Еуропа бағыты бойынша жүк тасымалдауда қолайлы жағдай тудырады. Осы мақсатта көлік-логистика кешенін дамыту, трансқазақстандық дәліздердің жаңа сәулетін қалыптастыру министрлік жұмысының басым бағыты. Өткен жылы транзиттік тасымалдан 267 млрд теңге пайда түсті, бұл бұрнағы жылғы көрсеткіштен 40 пайызға артық», деді С.Башимов. Оның айтуынша, үш жылдан кейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдан түсетін табыстың көлемі 4 млрд долларға жетуі тиіс. Үкіметтің алдында осындай міндет тұр.
«Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы темір жол қатынасы арқылы контейнерлік тасымалдан шамамен 1,5 млрд доллар түседі деген болжам бар. Қытай – Иран – Ирак темір жолынан 400 млн, сондай-ақ, Қытай – Кавказ – Ыстанбұл бағытындағы контейнерлік тасымалдан 400 млн доллар түсуі тиіс», деген министрлік өкілі Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жолаушылардың транзиттік тасымалы да пайда әкелетінін айтты. Соңғы бес жылда аталған көрсеткіш төрт есеге өскен. 2012 жылы Қазақстан территориясы арқылы ұшып өтетін жолаушылардың саны 120 мың адам болса, 2016 жылда олардың саны 478 мың адамға артты. Ағымдағы жылдың соңында жолаушылардың транзиттік тасымалы 600 мың адамға жетеді деген болжам бар. Өткен жылы осы тасымалдан түскен табыстың көлемі 267 млрд теңгені құраған.
Транзиттік және көліктік логистиканы дамыту департаменті директорының орынбасары Серік Башимовтің мәліметінше, ақылы жолдарды енгізудің арқасында Қазақстан арқылы өтетін жүктерден де табыс түседі. Оның жалпы көлемі 18 млн долларға дейін жетуі керек.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»