Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және басқа мемлекеттер аумағынан әкелінген азық-түлік өнімдерінің сапасы алаңдатпай қоймайды. Мәселен, Азық-түлік қауіпсіздігі индексіне (The Global Food Security Index) сәйкес, Қазақстан 2016 жылдың қорытындысы бойынша рейтингке қатысушы 113 елдің арасында 2015 жылмен салыстырғанда 56-орыннан 68-орынға сырғыды.
Техникалық пальма майын және басқа да күмәнді ингредиенттерді қолдану өндірушілердің азық-түлік өнімдеріне шығындарын айтарлықтай арзандататыны белгілі. Бірақ оларды қолдану азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін болжап болмайтын келеңсіз салдарларға алып келуі мүмкін, бірінші кезекте біздің балаларымызға кері әсер етеді.
Тек ресми статистикалық деректер бойынша елге 2015 жылы 5 532 787 тонна, 2016 жылы 5 874 295 тонна азық-түлік өнімдері импортталған. Сонымен қатар, 2016 жылы Қазақстанға Малайзия мен Ираннан жалпы көлемі 1 092 576 тонна болатын пальма майы әкелініпті. Пальма майы отандық өндірістің басқа шикізат баламаларынан әлдеқайда арзан, сондықтан, ол құрамында бар кез келген өнім өндірісте отандық ингредиенттер қолданған азық-түліктерден арзан болып келетінін атап өткен жөн.
Мамандардың пікірінше, құрамында төмен сапалы пальма майы қолданылған азық-түлік өнімдерін тұтыну жүрек-қан тамырларының ұюына, атеросклероз ауруларының дамуына, семіруге, холестерин деңгейінің артуына, онкология ауруларының дамуына алып келеді екен. Медициналық зерттеулер көрсеткендей, пальма майы ең күшті канцерогендердің бірі болып табылады, сондай-ақ қан тамырлары, ішектер мен басқа да органдардың қабырғаларында қоқыстардың пайда болуына соқтырады. Себебі, пальма майының еру температурасы 42°С, адам денесінің температурасынан жоғары.
Оны қолданудың тағы бір кері сипаты бар: пальма майының құрамында үлкен көлемде қаныққан май қышқылдары болса, олардың негізгісі – олеин қышқылы.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша біздің еліміздің уәкілетті органы 2015 жылдан азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік мониторингін жүргізетінін атап өткен жөн. Олар тек 2015 жылы 30,1% сәйкессіз азық-түлік өнімдерінің өткізілгенін, ал 2016 жылы мұндай өнімнің 12%-ы өткізілгенін анықтады. Азық-түлік өнімдері нормаларына сәйкессіздіктің ең көп пайызы нақты импорттық өнімдердің үлесіне тиіп отыр – 86%, олардың 61%-ы Ресей Федерациясына тиесілі. Көрсетілген талаптарға жауап бермейтін отандық өндірушілердің өнімдері тек 14%-ды құрайды.
Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) шарттық-құқықтық базасын талдау оның қолданыстағы Техникалық регламентінде пальма майын, оның ішінде төмен сапалы пальма майын қолдануға толық тыйым салынбағанын, тек әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған зиянды заттар нақтыланбай, жалпы көрсеткіштер регламенттелгенін көрсетті. ЕЭО-ның Техникалық регламенті тек азық-түлік өнімдерін маркалау бойынша міндетті талаптардан тұрады. Бұл өндірушілерге көрсетілген талаптарды ресми орындай отырып, құрамында төмен сапалы пальма майы бар азық-түлікті өндіруге және бөлшек сауда жүйесіне жеткізуге мүмкіндік туғызып отыр.
Осыған орай, Үкімет тарапынан уәкілетті мемлекеттік органдарға азық-түлік өнімдерінде зиянды заттарды, соның ішінде пальма майын қолдануға тыйым салуды көздейтін техникалық регламенттерге өзгерістерді пысықтау және осы өзгерістерді ЕЭО-ның Техникалық регламентіне енгізуге бастамашылық жасау бойынша тапсырма берілуі керек болып тұр.
Төлеубек МҰҚАШЕВ,
Сенат депутаты