• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

Өңірді дағдылы уақыт өлшеміне көшірген ұтымды

307 рет
көрсетілді

Жақында өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолданды. Онда төмендегі мәселе қозғалып, былай делінеді: «Біздің осы депутаттық сауалымызға негіз болған мәселе жуырда ғана өңір­лерде болып, халықпен болған кез­десу­­лерде соңғы он жыл бойы үнемі ай­ты­лып, жазылып жүрген гео­гра­фия­лық сағаттық белдеудегі уақыт өл­шемі­нің қолайсыздығы туралы ұсы­ныс-тілектер мен Арал және Қазалы аудан­дық мәслихат депутаттарының өтініш хаттары себеп болып отыр. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің 2005 жылғы 15 наурыздағы № 231 Қау­лысына сәйкес, Қазақстанда «жаз­ғы» және «қысқы» уақытқа көшу тоқта­ты­лып, бұған дейін көрші Ақтөбе об­лы­сы­мен бір сағаттық белдеуде жат­қан Қызылорда және Қостанай облыс­тары­ның уақыт өлшемін дағдылы уақытына бір сағат ілгері жылжыту туралы шешім қабылданған болатын. Уақыттың табиғи уақыттан бір сағат ілгері ауысқандығы шығыстан батысқа дейін 850 шақырым созылып жатқан жер көлемі бар, еліміздің оңтүстік-батыс өңірінде орналасқан Қызылорда халқы үшін өте қолайсыз болып отыр. Біз осыдан екі жыл бұрын Үкімет алдына осы мәселені жан-жақты зерттеп, оң шешім қабылдау туралы депутаттық сауал да жолдағанбыз. Өкінішке қарай, Қазақ­стан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жасаған жұ­мы­с­тары бойынша облыста уақыт санау тәртібінің ауысуына байла­ныс­ты тұрғындар көзқарасын анықтау мақ­сатында жүргізілген әлеуметтік сауал­дама да, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігіне қарасты «Еңбек гигие­насы және Кәсіби аурулардың ұлттық орта­лы­ғы» мекемесінің аймақ халқының ден­сау­лығына әсерін ғылыми тұрғыда зерт­теу жұмыстары да өз дәрежесінде жүргі­зілмегендіктен, еш нәтиже берген жоқ. Географиялық белдеуге сәйкес қалып­тасып қалған табиғи, үйреншікті биоло­гиялық уақытты бұзу өңір халқы­ның тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, ден­сау­лығына кері әсерін тигізіп, жыл­дар бойы қалыптасқан өмір ырғағын бұзу­да. Оған дәлел ретінде Адам эвол­ю­ция­сы, сомнология, физиология, хрономедицина салаларын ондаған жылдар бойы зерттеген В.Ковальзон, С.Ра­по­порт, В.Дорохов, А.Панин сияқты Рес­ей­дің ірі ғалымдары «адамды өз гео­графия­лық уақытымен таңның атуынан бұрын үнемі мәжбүрлеп тұрғызу созыл­малы аурулардың өршуіне, обыр, қан тамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғаларының көбеюіне және жаңа аурулардың пайда болуына да себеп болады және оның әсері «күзгі-қысқы» уақыттарда қатты сезіледі» деп ғылыми тұжырым жасаған. Осы ғалымдар айтқан аурулардың көбеюі, адамдардың ұйқышылдығы, бас ауыру сияқты симптомдары Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының сауалдамасы бойынша өңірімізде жылдан-жылға қатты сезілуде. Таңертең балабақшаға, мектепке баратын 250 мың бүлдіршін мен оқушы­лардың ұйқысынан табиғи уақыттан бір сағат ерте тұруы, тас қараңғыда мектепке баруы балалардың денсаулығына, қала­берді сабақ үлгеріміне кері әсер ететінін мұғалімдер де, дәрігерлер де үнемі айтып келеді. Сонымен қатар, соңғы он жылдың ішінде мектеп жасындағы балалардың арасында аурушаңдық көбейіп кеткен. Оның үстіне, уақытты бір сағат ілгері жылжыту электр энергиясын артық шы­ғындауға әкеп соқтырып отыр. Уақыт стандартының әртүрлі болуы – 2,7 млн шаршы шақырым орасан зор жер көлемін алып жатқан еліміз үшін табиғи заңдылық. Он бір түрлі уақыт белдеуі бар көрші Ресей мемлекетінің барлық өңірлері Мәскеу уақытымен жүріп жат­қан жоқ. Уақыттық белдеу күннің шы­ғуы­мен анықталады. Қызылорда об­лы­сы­ның аумағы шамамен 53 – 680 мери­­­диан ара­сында орналасқандықтан, 1 сағат­­тық айыр­машылық анық байқала­ды. Бұл – таза табиғи уақыт. Сондықтан да, осындай гео­графиялық табиғи уа­қыт­­ты бұрынғы қал­пына келтіру еш­қан­­дай қаржылай шығы­н­ды қажет етпей­­тінін ескере отырып, Үкімет өңір халқы­ның талап-тілектеріне сай оң шешім қабыл­дайды деп сенім білдіреміз. Құрметпен, Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Бекмырза ЕЛАМАНОВ, Абзал ЕРАЛИЕВ, Геннадий ШИПОВСКИХ, Сенат және Мәжіліс депутаттары