• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

2020 жылға қарай Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі құрылады

874 рет
көрсетілді

2020 жылға қарай Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. «1998 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан өзгерістеріміз тұжырымдамалық, құрылымдық өзгерістер саналады. Бұрын зенйтақыны тек мемлекет төлеп келген болса, енді құрылымдық өзгеріске сәйкес зейнатақыны төлеу үшін  үш субъект жауапты болады: мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы. Бұл ретте әр азамат өзінің жауапкершілігін білуі тиіс. Зейнетке шығу үшін  қажетті жарна төлеп отыруы қажет»,-  деді министр. Оның атап өтуінше, мемлекет өз тарабынан барлық зейнетақы төлемдерін төлеп келеді және оның көлемін арттыру мәселесін де қолға алуда. «Біз бәріміз жұмысшы ретінде  жалақымыздан 10 пайыздық жарнамызды төлеп келеміз. Енді біздің зейнетақы қорымызға үшінші субъект төлем жасайды. Қазіргі уақытқа дейін жұмыс беруші қызметкеріне зейнетақы жарнасын төлеп келе жатқан жоқ. Біз өзіміздің еңбекақымыздан 10 пайыз төлеп келеміз. Енді өзгерістерге сәйкес 2020 жылдан бастап жұмыс беруші өзінің қаражаты есебінен қосымша 5 пайыз төлейтін болады. Міне осы үш субъектіден тұратын көпдеңгейлі зейнатқы жүйесін біз 2020 жылға қарай толық түзіп бітуміз керек»,-  деді министр. Сонымен қатар Тамара Дүйсенова  жылдан бастап зейнет жасын арттыру басталатынын айтты. «Өздеріңізде білесіздер, 2014 жылы зейнетақыны одан ары жаңғырту жөніндегі тұжырымдама, Заң  қабылданды. Соған сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнет жасын арттыру басталады. Бірақ біз әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін арттыруды 10 жыл  ішінде, 2018 жылдан 2028 жылға дейін  жүргіземіз. Яғни, әйел азаматшаларымыз 2028 жылы ғана 63 жасқа толғанда  зейнеткерлікке  шығады», - деді Тамара Дүйсенова. Оның айтуынша, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде  зейнетақының базалық деңгейі көтеріледі. «Сондықтан оған іліккен азаматшалардың базалық зейнетақылары 2 есеге ұлғайтылып беріледі. Яғни, азаматшаларымыз зейнетақы көлемінен ұтатын болады. Ары қарай әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін ұлғайту үшін  жарты жылдан қосылып  отырады», - деді ол. Министрдің сөзіне қарағанда, 2010 жылы құрылған Әлеуметтік сақтандыру қорынан дүниеге  бала әкелген аналарға жәрдемақы беріліп келеді. «Дүниеге бала әкелген 150  мыңға жуық ана өз жалақыларының 40 пайызын аталған қордан алатын. 2016 жылы аталған қордан жәрдемақы алатын аналардың саны 255 мыңға жетті. Яғни 105 мыңға артып отыр. Демек, біз осы уақытта аналарды жұмысқа тартуға көп көңіл бөлдік деген сөз. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген аналардың саны көбеюде»,-  деді Дүйсенова.