• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2017

Баукеңнің маузері

220 рет
көрсетілді

Даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы өзінің фотосуреттерін, күнделікті өмірде пайдаланған ыдыстарын, кітаптарын, маузерін, сонымен қоса темекі тартатын мүштегін, картасын және қойын дәптерін 1965 жылы Ялтада жазған өсиет хатында Жамбыл облыстық музейіне қалдырғанын айтқан. Бүгінгі таңда аталған тарихи-өлкетану музейінің «Жамбылдықтар – Ұлы Отан соғыс жылдарында» атты залында Бауыржан Момышұлының жеке заттары экспозицияда орын алған. Тек өткен жылы батырдың соғыста пайдаланған картасы мен қойын дәптері Астана қаласындағы «Әскери музейге» берілген екен. Музейде оқ пен оттың куәсіндей болып тұрған маузер батырдың көзі ғана емес, айбар-сесі, рухы болып асқақтайды. «Күндей күркіреп өткен» соғыстың қайғысы мен қасіретін маузер де бойына бүгіп, болмысына жасырып тұрғандай. Жәдігердің тұсында «Маузер полковника Бауыржана Момышулы» деген жазу бар. Бар өмірін әскери қызметке арнап, Ұлы Отан соғысына қатысқан даңқты қолбасшы бұл маузерді сол отты жылдары пайдаланып, кейіннен көзінің тірісінде Әулиеата музейіне тапсырған. Музейдің ғылыми экспозициялық жұмыс және қорды есепке алу бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Қыздарбекованың айтуынша, Бауыржан Момышұлы Әулиеата жеріне бір келгенінде өзінің қылышы мен домбырасын да жергілікті музейге сыйлайтын ойы бар екенін айтқан екен. Өкінішке қарай, әлдебір кісіден беріп жіберген құнды жәдігерлер сол күйі мұнда жетпеген. Егер құнды қазына Жамбыл жеріне жетіп, музей төрінен орын алғанда жұртшылық бүгінде тағы бір тағдырлы жәдігердің куәгері болатын еді. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі 1931 жылы 25 тамызда Әулиеата өлкетану музейін ашу туралы қабылданған шешім негізінде құрылған. Бүгінде 85 жылдық тарихы бар музейге келушілердің қатары қалың. Әсіресе, Бауыржан Момышұлының тұтынған бұйымдары және өзге де заттары жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп келеді. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы