• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2011

Халықаралық қарыздар заңмен бекіді

460 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысы Белоруссия астана­сы Минск қаласында орын алған террорлық актінің салда­ры­нан қаза тапқандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаумен басталды. Осы оқиғаға орай палата Төрағасы Мәжіліс де­путат­тары атынан Беларусь Парламенті басшыларына беларусь хал­қы­ның қайғысына ортақ екендігін білдіріп жеделхат жолдады. Күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне халыққа қызмет көр­сету орталықтарының мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қызу талқыға түсті. Заң жобасына депутаттар бастамашы болса, ол бойынша баяндаманы Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева жасады. Ал Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұма­ға­лиев көптеген сұрақтарға жауап берді. Заңдық құжат «бір терезе» қағидаты бойынша заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік қыз­мет көрсетудегі қарым-қаты­нас­тар­ды реттеуді және жетілдіруді көздейді. Заң жобасы аталмыш функцияларды жергілікті биліктен ақпарат саласындағы құзыр­лы органға беруді қарастырады. Сондай-ақ, құжатқа «автоматтан­ды­ру», «мекен-жай тіркейтін код» сияқты ұғымдар енгізіліп отыр екен. Бұдан кейін бірқатар халық­аралық құжаттар қаралды. «Қа­зақ­стан Республикасының Үкі­меті мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Рес­пуб­ликасының дипломатиялық өкіл­діктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер учаскелерін беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жо­басы толықтай қолдау тапты. Ал «Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев баяндама жаса­ды. «Ұлттық валюталардың рөлі жоғарылап, оларға деген сенім артады деп ойлаймыз. Келісім шарт­тары орындалса, Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің резиденттері арасында сыртқы сауда-саттық жағдайы жақсарып, валюталық реттеу мен валю­та­лық қадағалау заңнамалары біртіндеп жақындай түседі», деді ол өз сөзінде. Келісім валюталық сая­сатты қалыптастыру мен жүр­гізудің тәсілдерін кезең-кезеңі­мен жақындатуды көздейді. Заң жобасы депутат Сауырбай Есжа­нов­тың қосымша баяндамасынан кейін толықтай мақұлданды. Сондай-ақ отырыста «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Жапония Үкіметі ара­сын­да­ғы ОАӨЭЫ (Жамбыл облысы) кө­лік дәлізін қайта жаңарту жо­ба­сын жүзеге асыру үшін қарыз тарту туралы ноталар алмасу ны­санындағы келісімді ратифика­ция­­лау туралы», «Жапония халық­ара­лық ынтымақтастық агенттігі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы ОАӨЭЫ (Жамбыл облысы) Көлік дәлізін қайта жаңарту жобасы бойынша қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі (Жамбыл облысындағы учаскелер) («Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­ара­лық транзит дәлізі), Инвес­ти­циялық бағдарлама – 3-жоба) ратификациялау туралы» үш заң жо­басына қатысты баяндаманы Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев жасады. Одан белгілі болғандай, еліміз Үкіметі мен жапондық агенттік арасында жалпы сомасы 6 миллиард 361 миллион жапон йенін (68 млн. АҚШ доллары) құрай­тын қарыз туралы келісімге қол қойылған. Қарыз 7 жылдық же­ңіл­дік кезеңін қоса алғанда 25 жылға беріледі. Төлемақы жарты жылда бір рет 1,7 пайыздық ставкамен қарастырылады. Жапония агенттігінің қаражаты Жамбыл облысындағы ұзындығы 20 км. (383-404 км.) Құлан ауылының айналма жолын салуға, ал Азия банкінің қаражаты 98 км. құ­райтын (Отар – Благовещенка (Қордай асуынан айналып) (162-260 км.), Қордай – Қарасу (Қыр­ғызстан шекарасына кіреберіс) құрылыс жұмыстарына жұм­са­ла­ды. Қосындысында 118 шақырым жол салынатын болады. 2010 жыл­ғы 15 желтоқсанда Азия банкінен жалпы сомасы 173 миллион АҚШ долларын құрайтын III транш бойынша қарыз алу тура­лы келісімге қол қойылса, қарыз 4 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 19 жылға беріледі. Пайыз­­дық ставкасы – LIBOR+0,2 пайыз. Азия Даму банкі ұсына­тын қарыздың жалпы сомасы Жамбыл облысындағы учаскелерді қаржыландыру үшін төрт транш бойынша 700 млн. АҚШ долларына тең. Министр аталған учаскелерде 17 көпір мен 135 су өткізу құбырлары салынатыны­нан да хабардар етті. Қазіргі уа­қыт­та халықаралық конкурс негізінде осы учаскелерге мердігерлерді таңдау жөніндегі конкурс жүргізілуде және ағымдағы жыл­дың маусым айында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда, деді Б.Камалиев. Сондай-ақ «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкі­ме­ті арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіз­дігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтама­сыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақ­стан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персонал­дың әуе транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралып, толықтай мақұлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.