• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2017

Жаңғыру жаңарған Конституциядан басталды

132 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының ең негізгі тіре­гі Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдап, тиіс­ті заңға қол қойды. Осылайша, тәу­ел­сіздік тарихының 25 жылдық аса ма­ңызды белесінен абыроймен өткен Қазақ елі дамудың келесі кезеңіне заман талабына сай жаңғырған жаңа Кон­ституциямен қадам басты. Жұртшылық назарына Елбасының өзі ұсынған конституциялық реформалар жобасы бір ай бойына жалпыұлттық тал­қыға түскені мәлім. Бұл орайдағы талқылауға «Егемен Қазақстан» газеті арқылы ел жұртшылығы – зиялы қауым өкілдері, халқымызға белгілі заңгерлер мен сарапшылар ға­на емес, алыс-жақын шет елдердің мем­лекет және қоғам қайраткерлері, ха­лық­аралық сарапшылар да белсене қатысты. Олардың барлығы дерлік өз пікірлері мен пайымдауларында Қазақстан Президентінің дәл қазіргі ке­зең­де ұсынып отырған конституциялық өз­г­ерістерін жоғары бағалап, бұл қадам Қазақ елімен бірге тұтастай Еуразия өңіріндегі демократиялық үдерістерге тың серпін беретінін алға тартты. Жаңарған Конституцияның мән-маңызын, ондағы әрбір баптың келешекте атқарар қызметін заң саласының білгірлері, саясаттанушылар мен сарапшылар, мемлекет тарихын зерделейтін зерттеушілер әлі айта жатар. Біз осы бағанда тек екі мәселеге назар аударғанды жөн көрдік. Біріншіден, бұл өзгерістер билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктер мен құзыреттіліктің ара-салмағын теңге­ре түсті. Яғни, осы уақытқа дейін Президент­тің қолына шоғырланып келген бір­ша­ма құзырет Үкімет пен Парламентке бе­рілді. Мысалы, ендігі уақытта Үкімет құра­мын жасақтауға Парламент тікелей ық­пал ететін болса, Үкімет өзі әзірлеген мем­лекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына өзі жауап береді, сондай-ақ, бұрын Президенттің құзырында болып келген кейбір мәселелерді өзі шешетін болды. Бұл өзгерістер тұтас­тай билік тармақтарының икемді әрі сапа­лы жұмысына әсер етеді. Шешім қабылдау үдерістерін жылдамдатады. Сарапшылардың басым көпшілігі осы тұсқа көбірек тоқталып жатты. Бірақ біздіңше, бұл өзгерістер биліктің үш тармағының арақатынасындағы өзара теңгерімді қамтамасыз етіп, саяси тұрақтылықты нығайтады. Елдің алда­ғы уақытта да береке-бірлігін сақтап, ал­ған бағдарынан таймай, орнықты әрі тұ­рақ­ты дамуын жалғастыруы үшін ең маңыздысы да осы деп ойлаймыз. Екіншіден, Елбасының ерен еңбегін айшықтауға қатысты көптеген ұсыныстар осы жолы да айтылды. Елордаға атын беруден бастап, Астана халықаралық әуежайын Н.Ә.Назарбаев атымен атау сынды біраз жыл бұрын жасалған ұсыныстар қайта көтерілді. Расында да, Қазақстанның қалып­тасып, дамуындағы Тұңғыш Президент­тің еңбегі орасан. Оған таяу келеше­к­те әлі талай көз жеткізетін боламыз. Елбасы әлі дербес мемлекеттік инсти­тут­тары қалыптаса қоймаған елдің мем­лекеттілігін нығайтып, қиын-қыс­тау күндерден, тағдырлы сәттерден аман-есен алып шықты. Ширек ғасыр ішін­де кеткеніміз келді, ортамыз толды. Татулық пен бірліктің, берекелі еңбек­тің нәтижесінде бақ-дәулетіміз артты. Өрке­ниет­тер өрісінде көш бастаған алып мем­ле­кеттердің мұрагері болған Ұлы Дала елі жаһандық үдерістерге қайта аралас­ты. Арағайындыққа да, төрелік айтар тө­бе­би­лікке де түсе алатын еңсесі биік ел ре­тінде танылды. Тәуелсіздіктің бастауында тізгінін ұстаған еріне Елбасым деп ере білген еліміздің өз Көшбасшысын айрықша қадір тұтатыны да сондықтан. Бұл – бізге ғана емес, өзге жұрттарға да тән тарихи заңдылық болса керек. Қай халық та өз тарихының ұлы дәуірін бастап берген перзенттерінен ықылас-мейірін аямайды екен. АҚШ-тың тәуелсіздігін жария­лап қана қоймай, оның қуатты мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалаған Дж.Вашингтонды америкалықтар қалай құрметтесе, Бесінші республикасын құ­рып, Францияның серпінді дамуына жол ашқан Шарль де Гольді – француздар, Германияны біріктіріп, мықты империяға айналдырған Бисмаркты немістер дәл солай әлі күнге дейін ұлықтайды. Туысқан Түркия мемлекетін құрған, түрік баласының еңсесін тіктеп, елін қай­та жаңғыртқан Мұстафа Кемал Ата­түрік те солай. Ендеше, сан ғасырлар бойы баба­ла­рымыздың аңсары болған Тәуел­сіз­дік туын желбіретіп, жасампаз мем­ле­кет құрған, Алаштың асқақ арманын жү­зе­ге асырып, Қазақ елін төрт­күл дү­ние­­ге танытқан, еңсесін тіктеп, елдік­тің биік белесіне шығарған Елбасын елі­­нің айрықша құрмет тұтуы да заң­ды­лық. Елбасы үшін де қабырғалы хал­­қы­ның риясыз ықылас-мейірінен ар­­тық, одан биік ештеңе жоқ. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де сан рет айт­­қан. Сондықтан да болар, заңды қа­былд­­ау барысында Президент есімін ұлықтауға байланысты көптеген ұсыныс қабылданбады, бірақ Конституцияда бекітілген Елбасының мәртебесі ешқашан өзгертілмейтіні нақтыланды. Айбын ШАҒАЛАҚ, «Егемен Қазақстан»