• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2017

«Көзімнің қарасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті

469 рет
көрсетілді

  Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында осы оқу ордасының «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы мен «Қазақфильм» кино­сту­диясының ұйымдастыруымен кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. «Көзімнің қарасы» кітабы тек кино саласында ғана емес, көркем проза жанрында да еңбектеніп келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, тәуелсіз «Тарлан» және Француз киноөнер академиясы Жорж және Рита Садуль атындағы жүлдесінің иегері Сатыбалды Нарымбетовтің авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды. Бұдан бұрын да режиссер-қаламгердің «Тентек» атты кітабы, «Ассалаумағалейкум, Ат­лан­ти­да!» атты повесть, әңгімелер жинағы жа­рық көрген. Жа­ңа туындыда жазушының өнер әле­мі, әріптестері ту­ралы, қоғам мен руханият жайлы тол­ға­мдары, эсселері мен естеліктері және әріп­тес­терінің автор туралы ой-толғамдары қамтылған. Өнер туралы әсерлі әңгімелер айтылған кешке белгілі қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты. «Сатыбалды Нарымбетов – бұл қазіргі қазақ көркемөнерінің биігін, парасатын, пәлсапасын айқындайтын есімдердің бірі. Өнері әлемге танымал, ресми де, бейресми де мойындалған, өмір ұстанымы, өмір салты, жалпы болмысымен суреткерлік табиғаттың маңызын, мәнісін аша түсетін тұлға», дейді кітаптың алғысөзін жазған белгілі сыншы, мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ