• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Мүмкіндіктер мүлт жіберілмесе игі

122 рет
көрсетілді

Қазір азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әлем бойынша бірінші кезекке шықты. Барша адамзатты ерекше толғандыратын түйінді проблемаға айналды. Елбасы ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жатқызғаны мәлім. Демографтардың болжамы бо­йынша, жер бетін мекендейтін халық­тың саны 2050 жылға таман 9 мил­лиардқа жететін болса, ахуалдың күрделене түсері анық. Өйткені, бүгінде 7 миллиардқа жуық тұрғынның 1 миллиардтан астамы тоя тамақ ішпейтіндіктен ашқұрсақ жүреді екен. Сондықтан, алдағы 30 жылдың ішінде өнім өндіру көлемін кемінде 1,5 есеге дейін арттыру міндеті тұр. Бұл тұрғыдан алғанда, Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның мол мүм­кіндіктері бар. Жеріміз кең, асты-үсті қазба байлықтарға толы. Ең бас­тысы, климаттық орналасуымыз ауыл шаруашылығы үшін қолайлы. Оның үстіне 180 миллион гектар жайылым, 25 миллион гектар егістік жер – таусылмас байлығымыз, орасан резерв көзі. Десек те, бұл саладағы әлеуетіміз толық пайдаланылып жатыр деп айта алмаймыз. Әлемдегі жетекші елдер­мен салыстырғанда, ұсақ тауарлы шаруашылықтар әлі басым, еңбек өнім­ділігі төмен. Ғылым жаңалықтарын енгізу, өндіріспен ұштастыру, заманауи техникалармен жарақтандыру жағы кемшін. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 1,1 тоннадан, бір сиырдан жылына сауылатын сүт 2,2 тоннадан ғана айналады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісі ішкі жалпы өнімнің 5 пайыздан төмен деңгейін құрайды. АҚШ пен Германияда 1 пайыз төңірегінде. Демек, ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесіне қарап ор­нын, маңыздылығын бағалауға бол­майды деген сөз. Республика тұрғын­дарының 43 пайызы ауылдық жер­лерде тұрғанымен, еңбекке жарамды адамдардың 18 пайызы ғана ауыл шаруа­шылығымен айналысады. Экс­порт­тық үлесіміз небәрі 27 пайыз ғана. Ғылым жетістіктері мен жаңалық­тары өндіріске кеңінен енгізілетін болса, бұл көрсеткіштерді екі есеге дейін арттыруға болатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде еліміздің экономикасында үдемелі даму жалғасып келеді. Үкімет тарапынан атқарылып жатқан ауқымды шаралар көп. «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданғанда, ауыл шаруашылығын қаржылық демеу жағына көбірек көңіл бөлінді. Салаға бөлінетін қаржы көлемін ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін ұлғайту белгіленді. Шапшаң қарқынмен дамып келе жатқан өркениет көшіне, ғылыми-техникалық үдеріске ілесу үшін уақыт ағымына бейімделу, соған сәйкес қимылдау, шешім қабылдау, рефор­малардың жүзеге асырылуы қа­лып­ты жайт. 2017-2021 жылдарды қамти­тын бағдарлама – бұрынғысының толық­тырылған, жаңар­тылған нұсқасы. Кезінде асыл тұқымды мал санын көбейту мақ­саты­мен олар шет елдерден сатып алын­ды. Бұл қажеттіліктен туын­даса, қазір жағдай да, талап та өзгеше. Енді сапа­лы жем­азық өндірісіне, шаруа­шылықтарды ірілен­діруге, ауылдарда кәсіпкерлікті жандандыруға, төрт түлік малдан бала-шаға нәпақасын айырып отырған отбасыларға қолдау көрсетуге күрт бетбұрыс жасалып отыр. Субсидия бөлу мәселесі түпкілікті шешілді. Бұдан былай осы қаржыны орынды жұмсау жағын ойластыру қажет. Өндіріс пен ғылымды ұштас­тыру, ғылыми жетістіктерді коммерция­лан­дыру, технологиялар трансферті секіл­ді мәселелерге қол жеткіз­бейін­ше, іл­гері басу қиын. Өркениетті елдерде ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 4-5 пайы­зын құрайтынын ескерсек, ғылым жаңа­лықтарын тиімді пайдалану ар­қылы ғана белгілі нәтижеге жете алары­мыз анық. Себебі, кез келген ел экономикасының қарқынды дамуы оның ғылым деңгейімен де өлшенеді. Ал ғылымға сұраныс болу үшін іргелі өндіріс ошақтары болуы шарт. Тағы бір ескеретін жайт, дамыған елдерде қомақты қаржыны жеке компаниялар мен кәсіпкерлер құяды. Үкіметтің осыған бейімделуі құптарлық. Индуст­рия­лық-инновациялық дамыту бағдар­ламасы өндіріс орындарының әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Онымен бірге ғы­лым­­н­ың да өркендері сөзсіз. Ғылым қо­ры, Ұлттық технологияларды дамы­ту агент­тігі, Дүниежүзілік банк­тің ғы­лым ко­митетінің ғылымды коммер­циялан­дыру­ға бағытталған жобалары да үміттендіреді. Сондай-ақ, ғылымға бейімі бар жас­тарды ауыл шаруашылығы саласына тарту – шетін мәселелердің бірі. Әсіресе, ұл балалардың мал шаруашылығы ма­ман­дықтарын таңдауы сирексіді. Кері­сінше, кездейсоқ келушілердің қата­ры артып бара жатқан секілді. Бүгін­­де ауыл шаруашылығы маман­дары­­ның 70-80 пайыздан астамын қыздар құрай­ды. Бұл да ойланатын жайт. Бір сөзбен айтқанда, кадр тапшы­лығын кешенді түрде шешпей, жағдай жақсармайды. Әйіп ЫСҚАҚОВ, биология ғылымдарының докторы, профессор