• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

«Дала қасқырлары» жеке-дара көш бастады

211 рет
көрсетілді

Чемпионатты ірі жеңіспен бастаған «Тобыл» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады. Стадион дайын болмағандықтан ойын Қостанайда емес, Затобольск деген қалада өткен еді. Сыралғы қарсыластар арасындағы матч алма-кезек шабуылмен өрбіді. Алғашқы минуттарда алаң иелерінің шабуылшысы Джордже Деспотович баспен ұрып, қақпаға қауіп төндірсе, қонақтардың ойыншысы Игорь Зенькович алыстан теуіп, есеп аша жаздады. Ойынның екінші бөлігінде чемпионат сұрмергені Алексей Щеткиннің гол соғатын екі бірдей мүмкіндігі болған. Алайда, шабуылшының соққылары қақпадан қиыс кетіп жатты. Ойынның соңына таман қостанайлықтар қарсылас қақпаны торуылға алды. Бірақ, бұл ойында сенімді өнер көрсеткен қақпашы Самат Отарбаевты қапы қалдырудың сәті түспеді. Матч 0:0 есебімен тең аяқталды. Премьер-лигаға қайта орал­­ған «Қайсар» бірінші тур­д­а «Оқжетпесті» ірі есеп­пен ұтқан болатын. Бұл же­ңіс қанат­тандырған қызы­лор­­далықтар екінші турда да шабыт­пен ойнап, өз алаңында «Та­разды» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ойында есепті қонақтардың шабуылшысы Руслан Мұха­метшин ашты. Таблодағы есепті матчтың 34-минутында Владимир Аржанов теңестірді. Ал «Қайсарға» жеңіс әкелген екінші голды кездесудің 72-минутында Саиди Нтибазонкиза соқты. Осы жеңістен кейін «Дала қас­қырлары» турнир кестесінде алты ұпаймен жеке-дара көш бастады. Бұл турда «Астана» Пав­лодар барып, жергілікті «Ертіс­пен» күш сынасты. Ойын басталғаннан-ақ қонақтардың басымдығы байқалды. Тіпті, олар 14-минутта есеп ашып, алға да шықты. Допты алыстан теуіп «тоғыздыққа» тура кіргізген Серікжан Мужиков болатын. Бір қызығы, бұл гол – «Астананың» барлық турнирлерде соққан 500-ші голы еді. Көп ұзамай, алаң иелері де өз дегендеріне жетті. Кездесудің 31-минутында Евгений Ткачук қақпаны дәл көздеді. Ойын соңына дейін осы есеп өзгермей, матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Бірінші турда аса ауыр кездесу өткізіп, шаршаңқыраған «Қайрат» Көкшетауға барып, «Оқжетпеспен» ойнады. Кез­десуді екі команда да аса сақ бастаған болатын. Дегенмен, ойынның 19-минутында алаң иелері алға шықты. Лукас Хорват берген пас­ты Александр Козлов голға айналдыра білді. Соғылған голдың алматылықтарды қам­шылағаны рас. Көп ұзамай Исаэльден тамаша пас алған Жарко Маркович қақпаны дәл көздеді. Екінші таймда алаңға ойыншы алмастырып шыққан Андрей Аршавин кездесудің көрігін қыздырған еді. Бірақ, ресейлік шебер бірден гол соғатын тамаша мүмкіндікті жіберіп алды. Матчтың 53-ми­нутында Елдос Ахметовтің алаңнан қуылғанына қарамастан, «Қайрат» алаң иелерін тықсы­рып-ақ бақты. Кездесудің 82-ми­ну­тында Андрей Аршавин көздеген мақсатына жетті. Бірақ, алматылықтар жеңісті уыста ұстап тұра алмады. Қосымша уа­қытта «Қайраттың» қақпасына бел­гіленген пенальтиді сәтті орын­даған Виталий Волков ко­ман­дасын жеңілістен құтқарып қалды. Бұл турда «Ордабасы» мен «Атырау» да тең ойнады. Есеп – 1:1. «Ақжайық» пен «Шахтер» арасындағы матч соғылған гол­дар­дың көптігімен есте қалды. Бұл ойында есеп кездесу бастал­май жатып ашылды: Матиас Рубио қақпа алдындағы қар­балас­ты шебер пайдалана білді. Екінші голды пенальтиді сәтті орындаған Азу Изука соқты. Кездесудің екінші бөлігін қарағандылықтар ширақ бастады. Ойынның 69-минутында оң қанаттан берілген допты баспен дәл соққан Дәуренбек Тәжімбетов есеп айырмашылығын қыс­қартты. Алайда, арада үш минут­тай өткенде тағы да Азу Изука мергендік танытып, есепті 3:1-ге жеткізді. Келесі 3-ші тур 17-18 наурызда өтеді. «Тараз» бен «Қайрат» және «Астана» мен «Ақжайық» 17 наурыз күні өзара күш сынасса, 18-і күні «Атырау» – «Ертіс», «Ақтөбе» – «Ордабасы», «Оқжет­пес» – «Тобыл» және «Шахтер» – «Қайсар» матчтары ойналады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»