• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Сыбайластықпен қоғам болып күрескен ұтымды

177 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес қызу қарқын алып, қоғамды қолы таза емес жандардан арылту жұмыстары жолға қойылып келеді. Соның бір дәлелі Көкшетауда «Жемқорлыққа қарсы тұңғыш медиа-орталық республикалық қоғамдық бірлестігі өткізген «Жемқорлыққа қарсы қоғамдық пікір мен халықтың ойын қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың рөлі» атты форум болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы бірінші форум Астана қала­сында өткені белгілі. Бұл – екінші шара. Енді ұйымдастырушылар мұндай игі шараларды еліміздің әр өңірінде өткізіп тұруды көздеп отыр. Аталған шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлықпен күрес үде­рісіндегі қоғамның және қо­ғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту. Ең бастысы, ел тұрғындарының санасына жемқорлықтың қоғам мен мемлекет үшін қауіптілігін жеткізу. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің директоры Салауат Мұқсимов жиында жемқорлық тәуекелдері мен себептерін жоюға толық мүмкіндік бар екендігін алға тартты. Өткен жылы қолда­ныстағы заңнама ауқымды инвен­таризацияға ұшы­рап, соның нәтижесінде екі мыңнан астам жемқорлық тәуекелдері анық­талып, соның мың жарымы жойылғаны ерекше аталды. Ендігі мәселе – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қоғам болып жұмылу. Сыбайлас жемқорлық – тек құқық­тық көрініс қана емес, терең жа­ғым­сыз іс-әрекет екенін қоғамға жеткізу және әрбір мемлекеттік қызметкерге көрсетілген сенімге селкеу түсірудің алдын алу. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп келе жатқандығына назар аудартты. Елбасы «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес нақты тапсырмалар жүк­тесе, биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін мәлімдеді. Дей тұр­ғанмен, негізгі басымдық әлі сыбайластық салдарымен күреске бағытталып келеді. Сондықтан да бұл іске қоғамның барлық өкілдері қатысқаны маңызды. Бұл ретте барлық азаматтық институттардың және азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресінсіз еш нәтиже болмайтыны түсінікті. Басқосуда мәселенің осы жағына баса назар аударылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы