• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Варнаға гастрольдік сапармен барады

357 рет
көрсетілді

Наурыз мерекесі күндері Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Болгария еліне тұңғыш рет гастрольдік сапармен барғалы отыр. Пловдив, София, Варна қалаларында 19-26 наурыз аралығында өтетін «Ұлы дала әуендері» атты концерттік бағдарламаларда Құрманғазы, Түркеш, Шәмші Қалдаяқов, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджанов сынды қазақ композиторларының күйлері мен әндері, әлем классиктері Жорж Бизе, Антонио Вивальди, Имре Кальман, Иоганн Штраус, Андерсонның шығармалары салтанат құрады. Ұлттық аспаптар күмбірі болгар халқының халық әндері мен фольклорлық шығармаларын да әуелетеді. Үстіміздегі жылы Қазақстан мен Болгария арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толады. Осы мерейтойға орайластырылған гастрольдік сапар Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстанның Болгария Республикасындағы елшілігінің тікелей қолдауымен жүзеге асады. Гастрольдік сапардың мақсаты – екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайту ғана емес, елордада өтетін ЕХРО-2017 көрмесінің маңыздылығын айшықтау болып тұр. Гастрольдік сапар нәтижесі бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өнер ұжымдары мен меморандумға қол қойылып, өзара әріптестікті дамыту мақсатында жұмыс жүргізілетін болады. Іс-шараға Құрманғазы атындағы оркестрімен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Ерлан Рысқали, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев, Республикалық және Халықаралық конкурстардың лауреаттары Ағайша Жұрбай, Асел Рақымжан қатысады.   Болгарияға оркестрді бас дирижер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Арман Жүдебаев пен дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров бастап барады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ