• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Бақытжан Сағынтаев Маңғыстау облысының жаңа әкіміне нақты тапсырмалар берді

130 рет
көрсетілді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Маңғыстау облысының активімен кездесу барысында өңірдің жаңа әкімі Ералы Тоғжановқа бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Б. Сағынтаев бастапқыда облысқа Алик Айдарбаев басшылық еткен кезде өңірдің серпінді дамығанын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары тұрғысынан дамудың барлық бағыты бойынша жұмысты жандандыру қажет.

Бірінші кезекте цифрлық технологиялар қолданылған жаңа индустрияларға назар аудару керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлық индустрияны дамыту барлық өзге салаларға серпін береді, деп еске салды Б. Сағынтаев. Ақпараттандырусыз табысты даму мүмкін емес және біздің еліміз бәсекеге қабілетті бола алмайды. Өңірде тек мұнай саласын ғана дамытып қоймай, сонымен қоса қарапайым нәрселердің экономикасына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен екпін қою керек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға баса назар аудару керек, деп атап өтті Премьер-Министр Б. Сағынтаев.

Көлік-логистика инфрақұрылымының дамуына бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасын сапалы әрі уақытылы іске асырумен қамтамасыз ету қажет. Индустрияландыруды экономиканың дәстүрлі салаларын, әсіресе еліміздің мұнай-газ кешенін жаңғыртуға басымдық бере отырып дамыту керек. Өнеркәсіптік саясат – елімізді Үшінші жаңғыртудың маңызды түйіні, деді Премьер-Министр.

Минералды-шикізат базасын дамыту, облыста өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемін ұлғайту үлкен назарды талап етеді. Бұдан өзге, инвестицияларды тарту жұмысын жандандыру қажет.

Сондай-ақ, басымдықты салалар ретінде Премьер-Министр «Нұрлы жер» тұрғын-үй бағдарламасын іске асыру және облыста туризмді дамыту міндеттерін айтты.