Батыс Қазақстан облысы тасқын судың құрсауынан құтыла алар емес. Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейінің төмендеуі байқалғанымен, Орал қаласы мен бірқатар аудандардың жағдайы әлі де күрделі.
15 сәуір күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ТЖМ өртке қарсы күрес қызметі комитеті төрағасының орынбасары Болатбек Омаровтың Жайық өзені бір тәуліктің ішінде 14 см көтеріліп, қазір су деңгейі 708 см жеткенін мәлім етті. Арнасынан тасып аққан су облыс орталығына қарасты саяжай массивтері мен шағын аудандарды басып жатыр. Жайық өзенінің қойнауында орналасқан «Жұлдыз» шағын ауданы мен №4 саяжай ауылының тұрғындарын көшіру жалғасуда. №26, №5, №10 және №9 орта мектептер мен «Колос», «Жастар» мәдениет үйлерінде, қонақүйлерде ашылған эвакуациялық пункттерге 1028 адам жеткізіліп, ыстық тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етілді.
900-ден астам тұрғын үйді су басу қаупі төніп тұрған Зеленов ауданына қарасты Мичурин, Достық елді мекендеріне 100 мәшине топырақ пен құм толтырылған 20 мың дана қапшық жеткізіліп, бөгет бекітілді. Су тасқынымен күрес жұмыстарына кәсіпорын-ұйымдардан қосымша 40 инженерлік техника бөлініп, тасқынға бөгет болар құмқапшықтар қоры жасақталды.
Ешкімнің иелігінде жоқ «Казенный» тоғанында жарылыс жұмыстарын жүргізу арқылы Деркөл ауылы тұрғындарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Төтеншеліктер Қазталов ауданының да су тасқынынан зардап шегуі мүмкін екендігін айтып отыр. Қазірдің өзінде Жалпақтал ауылындағы Үлкен өзендегі су деңгейі – 732 см. Тәулігіне 17 см биіктеп отырған су қауіпті белгіден асып, өзен арнасындағы елді мекендерді басып қалуы мүмкін. Оның алдын алу үшін барлық қауіпті аумақтарда жарылыс жұмыстары жүргізілуде. Тасқала ауданындағы Махамбет ауылындағы бір ғана жарылысқа 460 кило тротил жарылғышы қолданылды.
Ақжайық ауданындағы жағдай да мәз емес. Чижа өзенінен аққан су бұл ауданға да жетіп, қыспаққа алды. Қарағаш ауылындағы 26 үй, Бозобай ауылындағы 11 үй тасқынға төтеп бере алмады. Киров-Чижа каналы тасып жатқандықтан, Алғабас ауылына да қиындық туып тұр. Қауіпті аумақта 1300 адам қалып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің МИ-8 тікұшақтарымен 81 адам көшірілді, олардың 52-сі балалар. Судан құтқару қызметі мен жедел-құтқару жасақтары адамдарды көшіруді жалғастыруда, ауданға қосымша құтқарушылар күші мен жүзу құралдары жөнелтілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел штабының мәлімдеуінше, қазіргі таңда облыста су тасқынынан зардап шеккен және су астында қалған тұрғын үйлердің жалпы саны 3076-ға жетті, сондай-ақ 2100 саяжай жарамсыз. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ, 76 бас ірі қара мен 600-ден астам ұсақ мал шығын болды.
– Толассыз жауған жаңбыр онсыз да күрделі жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді, – дейді төтеншеліктер. Облыста тек соңғы тәуліктің ішінде 514 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Төтенше жағдай орын алғалы бері барлығы 8600 адам су басқан аумақтардан шығарылды.
Екі ауданда және Орал қаласының кейбір бөлігінде 5200-ден астам үй электр қуатынан, 768 үй табиғи газдан және 630 абонент байланыстан ажыратылды.
Жағдай әзірге тек Тасқала ауданында ғана қалпына келе бастады. Су қайта бастаған елді мекендердің 852 тұрғыны баспаналарына оралды. Зеленый, Чувашка, Раздольный, Чернояров, Кузнецов және Ақжол ауылдарындағы мектептерде сабақ тоқтатылды. Оқушылар сабақтарын тасқын судың қаупі толық сейілгенде ғана жалғастыра алады.
Облыс халқы бірнеше күннен бері табиғи апатпен бел жазбай күресуде. Мекеме-ұйымдардың қызметкерлері мен еріктілер тобы құтқарушыларға тәулік бойы көмек көрсетуде. Жеке көлігімен келіп адамдарды көшіруге атсалысып жүргендер де бар. Сын сағатта төзімділік пен ұйымшылдық танытқан батысқазақстандықтарға Үкімет қаржылай қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеген болатын. Қазір құрамына Индустрия және жаңа технологиялар, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктері мен құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің мамандары енген Үкімет комиссиясы апат салдарынан болған материалдық шығын көлемін анықтауда. 14 сәуір күні Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов комиссия мүшелерімен бірге тікұшақпен облыс аумағын айнала ұшып өтіп, қалыптасқан жағдайды бағдарлап қайтқан болатын. Үкіметтен жедел түрде бөлінген қомақты қаржы ең алдымен басты үш бағытқа жұмсалатын болады. Атап айтқанда, су шайып кеткен 50 шақырым жол мен көшелерді, 12 шақырым электр және газ желілерін қалпына келтіруге пайдаланылады. Сонымен қатар үй-күйсіз қалғандар үшін қалада көп қабатты тұрғын үй, ал Зеленов ауданында жаңа ауыл бой көтеріп, қоныстанушыларға берілетін болады. Жөндеуге келетін үйлер қалпына келтірілмек. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жай-күйсіз қалған саяжайды мекендеушілерге де мейлінше көмек көрсетіліп, өтемақы төлеу қарастырылатынын айтты. Жалпы, қамқорлықты қажет ететін осындай тұрғындарға көмек көрсету үшін ірі бизнес компания басшыларына үндеу жолданған. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко тұрғын үй салу мәселесін мамыр айынан кешіктірмей қолға алып, салқын түспей бітіру қажеттігін айтты. Сол сияқты су астында қалған ауыл шаруашылығындық жерлер мен мал шығынын да есептеп, өтемақыны төлеу жәйін әкімдер заңгерлермен, депутаттармен біріге шешуі тиіс.
Батыс Қазақстан облысы.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛИЛОВ.