Не көріп жүрсіз?
Тәуелсіздікке қол жетті. Жиырма жыл болды. Содан бері тіл жөнінде көкезу боп айтып келеміз. Арнайы заң да бар. Басқа да заңнамалар бар. Ендеше, тіліміз неге кібіртіктейді?! Байқауымызша, соның басты себептерінің бірі – Үкіметтен бастап, төменгі лауазым иелерінің көпшілігі қазақ тіліне жетік еместігі зиянды әсер етуде. Өзі білмеген соң олар қарамағындағыларға талап қоя алмайды.
Тілдің дамуына телеарналардан беріліп жүрген хабарлардың кесірі де жетерлік. Бір кезде телехабарлардың қазақ тіліндегісі 50 пайыз болуы керек деген талап қойылған еді. Газеттердің бірінен мына деректі оқып қайран қалдым: «Қазақша хабар тарату бар-жоғы 10 пайыз көлемінде» екен. Енді 2012 жылы мемлекеттік тілдегі хабар 25 пайыздан кем болмауы керек, ал 2015 жылы 50 пайыздан төмендемеуі тиіс деген пікірді де естіп жүрміз. Осы сөз де жаныңды тілгілейді. Тәуелсіз ел екеніміз рас болса, қазақстандық телеарналарда хабарлар 90 пайыз болуы керек қой. Енді біз кімге жалтақтаймыз осы?! Қазақ халқының саны да басым болды. Сонда да баяғы жартас бір жартас. Сөзіміз жалаң болмас үшін «Астана» телеарнасы қазақ тіліне қанша уақыт бөледі екен, соған назар аударалық. Мысалы, 3 сәуір күнгі хабары таңертеңгі сағат жетіде басталып, келесі күнгі 1:40 сағаттан аса аяқталды. Барлығы тәулігіне 18 сағат шамасында. Қазақшасы 55 минуттік «Түйін сөз» хабары, 25 минуттік «Әсем әуен арнада» концерті, 30 минут «Жаңалықтар». Барлығы – 1 сағат 50 минут. Жанды бір тіліп өтті бұл. Бәлкім, басқа уақытта аздаған ауытқу болар, бірақ қазақша хабарының шамасы осындай ғана. Елордалық телеарна деген атына лайық деп айта аламыз ба бұны?!
Енді «Ел арнаны» алайық. Бұл арнаның да қазақша беретін хабарларының шамасын білейік деп бірер күн қарап көріп едік, көңілімізді мүлдем құлазытып жіберді. Арна өз жұмысын біз көрген күндері сағат 9-да бастап, 00:25-те «Құрсау» деген фильммен аяқтады. Қазақша берілгені – «Балалар уақыты» – 25 минут, «Мейрам – балаларға қамқорлық» – 30 минут, «Өзін-өзі тану – рухани білім беру» – 10 минут, «Өмірде болған оқиғалар» – 30 минут. Барлығы 1 сағат 35 минут.
Бұл екі арнада көркем фильмдерді көп көрсетеді. Айталық, біз қадағалап отырған күндері «Астанадан» – 6 фильм, «Ел арнадан» – 4 фильм көрсетілді. Оның ішінде орыс тілінен аударылған «Құрсау» деген фильм бар.
Басқа арналардың да бұлардан ерекшелігі шамалы. Президент Н.Назарбаев 1 наурыз күні бірнеше БАҚ журналистерімен кездесуі кезінде «Қыркүйектен бастап «Қазақстан» телеарнасы түгелдей қазақшаға көшу керек» дегені жұртты бір серпілтіп тастаған. Солай болады деген сенімдеміз.
Иә, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының орысша-қазақша араластырып, балдыр-батпақ жасауға әуес екенін жұрт бүгінде жиі айтып жүр. Расында да толықтай таза қазақшаға көшеді деп отырған телеарнадағы жағдай осы болса, онда өзгелері туралы не айтуға болады?! Өзге елдің шоуларын көшіріп алуға әбес бұл телеарна егер толық қазақшаға көшетін болса, онда жұмыс істейтін бастығы болсын, қосшысы болсын, телекөрермендердің осы секілді пікірлерін ескеруі тиіс. Әсіресе, ана тіліміздің қадір-қасиетін жоғалтып, өз елімізде жетімсіретпейтін мәселеге аса көңіл бөлулері керек.
Бұл ойды басқа телеарналарға да қарата айтуға әбден болады. Мысалы, аты қазақша болған соң «Ел арнаны» жиі қосамын. Сондағы бағдарламаның бірі «Азамат. Жастар парламенті» деп аталады. Бір сағатқа жуық. Мұнда да шетінен көсіліп жұрттың бәрі орысша сайрап жатады. Ара-арасында орысша, қазақша әр түрлі пікірлерді жосылтып, сөз жарыстыратындары да бар. Тіпті қазақша сөйлегендердің сөздерінің өзі де қойыртпақ. Субмәдениет, кружок, художник, культура, период подростковый, беспризорный деп тақылдай жөнелгенде осы әңгімені тыңдап отырған жастар қауымын бұдан қандай ой түйер екен деп аяп отырамын... Осы телеарнадан «Сүйінші» деген музыкалық бағдарлама көрсетіледі. Атына қарап, жан жадыратар жақсы ән беретін шығар деп үміттенесің. «Сүйінші» дегеніне қарағанда жүректі баурап алар жаңа ән берер деп күтесің. Алайда мұнда да жоғарыда айтқандай, қойыртпақ алдыңнан шығады. Әрі бағдарлама атына сай ән беріп жарытпайды. Яғни, сүйінші сұрарлық әсем ән тыңдай алмай жүрміз. Айтайын дегеніміз, соңғы кезде атын қазақша атап, араластырып жіберу осы арнаға әдет болып бара жатқандай.
Тағы бір айтарым, осы күні шоу деген сөзге үйір боп бара жатырмыз. «Пай-пай шоу» немесе шоу бизнес деп те жатамыз. Тіпті «Ел арнадан» берілген «Тапқыр достар» деген бағдарламаны «мемлекеттік тіл мәртебесін арттыратын токшоу» деп жүр. Сонда осы шоудың баламасы өз тілімізде жоқ па? Бұрынырақта «шоу» дегенді «думан» деп жүруші едік, одан неге жерініп жүрміз?
Мен бұл жерде тырнақ астынан кір іздейін деп отырғаным жоқ. Бар мақсатым – телеарнадағы тіл шұбарлығын айту, тілге сақ болу қажеттігін ескерту еді. Әрине, бұл менің ғана пікірім емес. Өз тіліне жанашырлықпен қарайтын барша қазақтың пікірі деп қараңыздар.
Орайы келгенде бұл телеарналарда көңілге қонатын, жанға жағатын, біліктілікті, сананы арттыратын, мәдениетіміздің дәстүрлі құндылығын насихаттайтын, тіліміздің жойылып кетпеуіне үлес қосатын бағдарламалар да жоқ емес. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына «Қазақстан – менің елім» бағдарламасы бойынша әр облыстың жетістігі жан-жақты сараланып көрсетілуі құптарлық жәйт десек, әнсүйер қауымға «Сағындырған әндер-ай» кештері қатты ұнайды. Сол секілді «Ән мен әнші», «Кеш жарық» бағдарламалары, кейбір сазгер мен әншінің шығармашылықтары көрсетілген сәттерді де мүлт жібермей қарауға тырысамыз. Дегенмен, бұрын да айтылған бір жағдайды тағы да еске сала кетейін. Түнгі 12-ден кейін концерт бергенмен, ешкім оны көріп жарытпайды ғой. Соны СТВ телеарнасы елеп-ескермей келеді. Олай дейтінім, түнгі 1:30-2:00 сағат кезінде «Ән көңілдің ажары» деген концерт беретінін қайтерсің. Мұны қалай түсінуіміз керек?! Шамасы, бұл да мемлекеттік тілде хабар беріп жүрміз деген көзалдау, дәлірек айтсақ қитұрқылық сияқты. Мұның аты қазақ халқын сыйламау, сол арқылы өзіңнің бет-бейнеңді көрсету, яғни өзіңді де сыйламау екенін соларға ескертетін, жөні келсе талап ететін біреу бар ма, жоқ па? Соны білгім келеді!
Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ, филология ғылымдарының кандидаты.