Берері көп сайын даламыздың қар көбесі сөгіліп,әр жері,төбе,адырлардың басы қара қошқылданып қалыпты.Біз үй жанына келіп тоқтағанда,күн де сәскеге тақап қалған-ды.Үй жаққа бет ала бергенімізде, аяғындағы кебісін тарпылдатып мал қора жақтан келе жатқан «қара жеңгемді» көрдім.Анадайдан көрген мені: – «Кіші ұл-ау», аузыңның салымы бар екен,сары уызға дөп келдің,екі күн болды,қызыл ала сиырдың уызын жинап жүр едім деп, − аңқылдап қарсы алып жатыр. Менің ішім жылып сала берді. Әрқашан бала кезімде еркелетіп қойған атымен атап, ылғи осылай қарсы алатын жаны жайсаң жеңгемнің құшағына ене бердім. Көрмегелі бір айға толмаса да, көптен көрмегендей, салдырлап немере інілерім мен қарындастарымның саулығын айтып, ауылдың біраз жаңалығын тізіп тұрып жеткізді. Уыз демекші, көз алдыма бал дәурен балалық шағым есіме түсті. Ақ жаулықты әжелеріміз бен мейірбан аналарымыз уызға ерекше мән беріп бағалай білген. Уыз дегеніміз − жаңа бұзаулаған сиырдың, қозылаған қойдың, лақтаған ешкінің алғашқы сүті. Алғаш төлдеген малды сарқып саумай, төліне қалдырып отырады. Уыз қою болса − сары, ал сұйықтау болса-ақ уыз деп айтатыны есімде қалыпты.Осы бір ұлттық тағамды бала кезімде әжелеріміз қойдың бүйеніне толтырып пісіргенін де көрдім.Сиыр бұзаулағаннан кейін екі-үш күн өткен соң ата дәстүрімен, қысқы соғымнан қалған етті пісіріп, ағайын-туыстар, көрші қолаңдар мен жора-жолдастар шақырылып уыз береді. Табиғаттың ұлылығы шығар, жас төлдеген аналық уызындағыдай қуаттылық әйел анаға тән. Сондықтан болар, біздің атам қазақ «уызға жарыған» деген сөз қалдырған. Жарықтық уыздың құндылығы болар, желіндеген малдың желіні толып, тырсиғанмен, уыз жармай төлдемейтіні тағы бар екенін ауылдың қарияларынан талай естідім. Айтайын дегенім «қара жеңгемнің» металл ыдысқа пісіріп берген уызы мен сүр болуға айналған жылқы етінен ауыз тиіп, ата салтымыздың, соның ішінде ұлттық тағамымыздың тіл үйірер дәміне тамсандым. Көненің көзі ұмытылмағанына, қазақ ауылындағы ұлттық дәстүрдің жоғалып кетпеуіне дәнекер болып жүрген «қара жеңгемдей» ақ жаулықты, көңілі ашық жандарға дән риза болып, бойыма қуат, көңілімде шаттық орнағандай болды. Батагөй ата-бабаларымыз Наурыз мейрамында «ақ мол болсын» деп ақ жол тілеп жатқаны,нағыз қазақи дәстүріміз емес пе!
Амангелді ЕСТАЙ, зейнеткер Ақмола облысы, Есіл ауданы, Красивое ауылы