«Бір тал кессең – он тал ек» дегенді ес білгелі құлағына құйып өскен халық үшін оның тәлім-тәрбиелік мәні бөлек. Осы орайда, қарапайым халықты айтпағанда, елімізге келген шетелдік мәртебелі меймандардың өзінің тал отырғызуы дәстүрге айналғанын айта кету керек.
Елордаға ат басын тіреп, Ақордаға ат байлаған білдей бір мемлекеттің тізгінін ұстаған тұлғалары қолына күрек алып, Қазақстанмен арадағы ұзақ жылдарға созылатын достықтың дәнекері болсын деген игі ниетпен қазақ топырағына ағаш отырғызғанын көріп жүрміз. Астанадағы Отан-Ана монументінің іргесіндегі алаңда президенттер отырғызған шырша ағаштары жайқалып тұрғаны соның бір айғағындай.
Тяньшань шыршаларының түбіндегі тақтайшаларға көз жүгіртіп шықсаңыз, біздің елге келген мемлекет басшыларының толық емес тізімін осы жерден табарыңыз хақ. Елбасы Н.Назарбаев отырғызған шыршамен бір қатарда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев, Иордания Хашимит Корольдігінің королі Абдолла ІІ ибн Әл-Хуссейн, Ұлыбританияның экс-премьері Дэвид Кэмерон, Германияның экс-президенті Хорс Келер сынды мемлекет басшыларының шыршалары қаздай тізіліп тұр. Италия, Украина, Словакия, Өзбекстан, Хорватия, Словения, Греция, Мысыр, Оңтүстік Корея, Польша, Вьетнам, Түрікменстан, Моңғолия сынды мемлекеттер басшыларының аты-жөндері де ағаш тақтайшаларға жазулы тұр. Ұзын саны алпысқа жуықтайды.
Ертеректе келген президенттер шыршаларының бұтақтары отау орнындай жерге қанат жайып, 8-9 метрге дейін бой түзеп қалыпты. «Кенже» көшеттер де олардан қалысар емес. ҚХР-дың бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао мен қазіргі төраға Си Цзиньпиннің де Астанаға келгеніне, шырша еккендеріне қарап, екі мемлекеттің арасындағы қатынастардың тарихы ертерек басталып, қазір де қанат жайып келе жатқанын білуге болады.
Шыршалар өскен алаңқайдың бір бұрышында «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ мамандары жаңа көшетке орын әзірлеп жатыр екен. Жандарына барып, аз-кем әңгімеге тарттық. Қаланы көгалдандыру мекемесінің белді қызметкерлері Дидар Телжанов пен Руслан Қабкеновке мемлекет басшыларына тал егуге қолғабыс жасау таңсық жұмыс емес. Бірақ жауапкершілігі көп жұмыс. Екеуі талай президентке жұмыс қолғабын кигізіп, күрегін әперіп, ағашқа су құйысқан. Қарапайым жігіттер оны айтып мақтанған жоқ, өзіміз суыртпақтап сұрап алдық.
– Шыршалар қаланың сыртындағы «Зеленстройдың» тәлімбағында күтіп-бапталады,– дейді Руслан. – Түбіндегі топырағымен бірге қазып әкелеміз. Түбіне тыңайтқыш дәрілерін саламыз. Президенттер еккен ағаштардың ешқайсысы солып қалған емес. Сапалы сұрыпталған, күтімі жақсы көшеттер ғой.
Руслан мен Дидардың қолында көшеттерге топырақ салатын, қызыл барқытпен қапталған «эксклюзив» күрек, президенттердің есімдері жазылатын тақтайша, су құятын ыдыс, басқа да керек-жарақтары салынған жәшік бар. Екеуі жұмыс қолғабын кигізіп, күректерін әперіп, қолғабыс жасаған. Дидардың айтуынша, күн жылынғаннан кейін ағаштарды аптасына екі мәрте суарып, топырағын қопсытып тұрады.
Отан-Ана монументінен бөлек, «Атамекен» этномемориалдық кешені жанындағы Тутөбенің етегінде де мәртебелі меймандар еккен шыршалар самсап тұр. Ресей Президенті В.Путин, Қырғызстанның экс-президенті А.Ақаев, Түрік Республикасының бұрынғы президенті С.Демирел, Украинаның бұрынғы басшысы Л.Кучма сынды саясаткерлердің ізі қалған жер. Жалпы, шет мемлекет басшылары басқа ағаш емес, тяньшань шыршасын егуінің өзінде бір мән жатқандай. Әсемдігін, аңқыған хош иісін айтпағанда, бұл – үш ғасырдан астам уақыт жасайтын, діңі екі метрге, биіктігі ондаған метрге дейін жететін ағаш. Бір бой алып кетсе, табиғаттың қатал мінезіне, топырақтың тастағына қарамастан, өршеленіп өсе береді. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қағида бар. Қанат жайған Астанамен бірге, президенттер еккен көшеттер де жайқалып өсіп келеді. Бұл ағаштар Қазақстанның басқа мемлекеттермен арадағы берік байланысының, достығының, бауырластығының белгісі сияқты.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан