«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті Ерік Имашев баспаналы болған жастарды арнайы құттықтап, шағын жатақхананың құтты қоныс болуын тіледі. «Бүгінде компания еңбеккерлерін әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қамту дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі қуанышты жағдай – болашақ теміржолшыларды даярлау мен мамандардың біліктілігін көтеруде ұлттық компанияның корпоративтік саясаты дұрыс екендігінің бір көрсеткіші», деді вице-президент. «ҚазККА» АҚ ректоры Бақытжан Қуанышевтің айтуынша, мемлекет тарапынан білім саласына көңіл бөлініп, оның ішінде экономикалық өсімге байланысты орта буын мамандарды даярлауға басымдық беріліп жатқан уақытта білім беру саласында қызмет етіп жүрген оқытушылардың баспанамен қамтамасыз етілуі жағымды жаңалық. Қуаныш иелері өз кезегінде ҚазККА мен ұлттық компания басшылығына алғыс айтты. «Өте жайлы тұрғын үйге ие болдық. Жанымызда парк бар. Іргемізде Есентай өзені ағып жатыр. Жас қызметкерлер мен шағын отбасылардың тұруына өте қолайлы», – дейді Радиотехника және коммуникация кафедрасының оқытушысы Дина Ақтайлақова. Айта кету керек, қазіргі таңда ҚазККА студенттері мен магистранттары түгелдей жатақханамен қамтылған.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ