Алдын-ала мәліметтер бойынша бұл WBC International белбеуі болуы мүмкін.
«Енді 22 сәуірден кейін шаршы алаңға шығуды жоспарлап жүрмін. Менеджерім Сергей Завилейский WBC International титулы үшін кездесу өткізуіме рұқсат берілгенін айтты. Қазіргі уақытта бокс кешінің күні мен өтетін орнын қарастырып жатырмыз. Бұл кездесу Қазақстанда, Ресейде немесе Испанияда өтуі мүмкін. Әрине, мен өз елімде өткенін қалаймын. Сонымен қатар, рейтингі жоғары екі боксшыны қарастырудамыз. Осы екеуінің бірін таңдаймыз. Жақында бәрі белгілі болады», - деді Фируза Шәріпова.
Айта кетейік, қазақстандық былғары қолғап шебері соңғы рет 4 наурызда Мәскеуде ресейлік Юлия Чернобородовамен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен болатын. Осы айқастың алдында жерлесіміз спарринг-жаттығу кезінде мұрнынан жарақат алып қалған. Юлия Чернобородовамен кездесуінен кейін дәрігерлер кем дегенде үш аптадай жұдырықтасуға болмайтынын ескерткен болатын.
Ресей астанасына келген кіші Флойд Мэйуезер Шәріповаға ақыл-кеңестерін айтып, сәттілік тіледі.