• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2017

Қостанайда «Бастаңғы» ойын-сауық кеші өтті

410 рет
көрсетілді

​Наурыз мерекесі қарсаңында өткен «Бастаңғы» ойын-сауық кеші көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Облыстық қазақ драма театрының жас әртістері және облыстағы өнерпаз жастардың күшімен өткен шара халқымыздың жарасымды дәстүрін жаңғыртқандай болды. Ертеде үлкен кісілер жол жүріп кеткенде, қыз-жігіттердің бір үйге жиналып, өткізген сауық кешін «бастаңғы» деп атаған. Бұл күнде бастаңғының аты белгілі болса да, заты көнере бастағаны тағы шындық.

Өнерпаз жастар әзіл-қалжыңға құрылған «Бастаңғы» кешінде халқымыздың ұмытыла бастаған дәстүрлерін, рухани құндылықтарымызды еске салып отырды. Сонымен қатар жастық дәуренге сай жарасымды көріністерді, ұлттық киімдердің сән үлгісін көрсетті. Әрине, кеш болған соң, ән мен жырға да кеңінен орын берілді. Жалпы кештің мақсаты да ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналса керек. Сонымен қатар, көрермендер кеште жаңа таланттардың есімін тұңғыш естіді.

Облыста бірінші рет өткізіліп отырған кеш ұлттық нақышқа, бояуға байлығымен де көрермендерді риза етті. «Мен өңірде «Бастаңғының» басталғанына қуандым. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттамаса көнере беретіні, кейінгі ұрпақтың оны мүлдем ұмытары хақ.Маған бүгінгі жастардың қазақы қалжыңдары, ұлттық ойындар мен жастық шаққа тән жарасымды мінездерді, бірлікке, достыққа, шынайылыққа тәрбиелейтін салттарымызды көрсете білгені қатты ұнады» дейді көрермен Бақытгүл Сүлейменова.

«Бастаңғыға» жиналғандардың қарасы көп болды. Театрдың залы лық толды. Ән мен жырға, қазақы әзіл-қалжыңға шөліркеген жұртшылық сахнадағы жастарды шапалақ ұрып, қолпаштаудан да кен де еткен жоқ. Ұлттық думан кештің өзегіндей болған Алдарды жас актер Олжас Бегайдаров жақсы алып шықты. Ұлттық думанды өткізу жөніндегі өнерлі жас Гүлден Молдахметованың бастамасын облыстық мәдениет басқармасы да қызу қолдады, ал сценариін журналист, ақын Абылай Мауданов жазды.

«Бастаңғыны» тек Наурызға теліп қоймай, алдағы уақытта әр мерекеде өткізуді ойластырып отырмыз. Өйткені уақыттың тығыздығына қарамай, «Бастаңғының» өтуіне Қостанайдағы әнші, күйші, ақын жастардың барлығы да атсалысты. Алдағы уақытта бұл ұлттық думанды дамыта түсетін боламыз» дейді Абылай Мауданов.

Нәзира Жәрімбеова

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар