Алматыдан Талғат СҮЙІНБАЙ:
Көктемгі күннің қызуы көтерілген сәтте, Алатаудан ескен жылы леп алып шаһарды бірден мереке құшағына алды. Алматының «Астана» деп аталатын бас алаңына қарақұрым жұрт жиналды. Ән шырқалып, айналаға тараған Наурыз Дәмінің хош иісі танауды қусырып жіберді. Қара қазаннан бұрқ-бұрқ қайнаған наурыз көже мен буы бұрқыраған тәтті палаудың, бауырсақтың иісін-ай, шіркін!..
Әрине, әдеттегідей төрге сәнімен қойылған баспалдақты орындықтарға Қазақстанның ең таңдаулы жақсылары мен жайсаңдары – Алматы қаласының құрметті азаматтары, халық қалаулылары, мәдениет және өнер қайраткерлері жайласып отырды. Олардың арасында Қазақстанның Еңбек Ері – әйгілі ұстаз Аягүл Миразованы, халық әртістері Асанәлі Әшімов пен Бибігүл Төлегенованы, Сәбит Оразбаев пен Нұрғали Нүсіпжановты, көрнекті жазушылар Нұрлан Оразалин мен Смағұл Елубайды және басқа да қаланың ең танымал азаматтарының жүзін көрер едіңіз.
Жиналғандар алдында мерекелік көңіл күйде сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек Наурыз бен Наурыз аралығында Алматы қаласы еңбеккерлерінің қол жеткізген табыстарына баға бере тоқталып, барша халықты Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады.
Күні кеше ғана әлемдік ХХVІІІ студенттер Универсиадасын ойдағыдай өткізген алып қаланың халқы бүгін тағы да меркедегідей жасанып, қала көшелеріне шыққаны туралы ерекше айтуға тиістіміз. Күн мен түн теңескен Ұлыстың Ұлы күні дәл осы сәтте кешегі спортшылар мекеніне айналған Атлеттер қалашығы мен 12 мың көрермен сыятын «Алматы-Арена» мұз айдыны кешенінің алды да халыққа лық толды. Алматының барлық өзге аудандарындағы секілді Алатау ауданының тұрғындары алаңды ән мен жырға бөлеп, гүлге толтырды. Балалар асық атып, балуандар белдесті. Екі концерттік бағдарламамен «Мәңгілік ел» ән фестивалі басталды...
Кешкісін Алматы аспанын от шашу бейне самаладай жарқыратып жіберді.
Ақтаудан Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ:
Ақтау қаласындағы Наурыз мейрамы шаһардың теңіз жақ жағалауында ұйымдастырылды. Жаңбырдан кейін қоңыр салқындаған әдемі ауа райында мерекеге жиылған көпшілік бұқаралық серуенге қатысты.
Қаз-қатар тігілген 25 киіз үйдің барлығына мерекеге қатысушы қонақтарға арнап ас әзірленіп, дастарқан жайылды. Киіз үйлер қалашығы маңында бір мезгілде гір тасын көтеру, армрестлинг, арқан тарту, асық ату, қазақша күрес секілді спорттық жарыстар өтті. Маңғыстау облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық тағамдардан жәрмеңке өткізіп, мереке қонақтарына бауырсақ пен шұбат ұсынды. Мейрамға келген барлық қонақтар үшін арнайы 2000 литр шұбат, 5 тонна бауырсақ, 7 тонна палау мен 3 мың литр наурыз көже дайындалды. Басты сахнада өңір әртістері «Қуаныш сыйлап еліме, күлімде Наурыз күлімде!» атты театрландырылған қойылым қойды.
− Бүгінде Қазақстанды татулық пен келісімнің бесігі деп айтады. «Бір ел, бір тағдыр, бір мақсаты» бар халықтың бірлігі мен берекесінен асқан ешнәрсе жоқ. Біз, бүгінгі ұрпақ, ұлттық мұраларымызды сақтай отырып, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін құрметтеп, оны одан әрі дамытуымыз қажет. Наурыз біздің бірлігіміздің, төзімділігіміздің, имандылық пен қайырымдылығымыздың белгісіне айналды. Мейірімділік, жақынына қол ұшын беру қашанда біздің халқымыздың басты құндылығы мен дәстүрі болды. Осыған орай, 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, барлық қамқорлыққа мұқтаж адамдарға көмек көрсету мақсатында облыс бойынша қайырымдылық акциясы жарияланды. Әрбір ұжым, облысымыздың әр тұрғыны жақсы істің басынан табылып, ұлы іске өз үлесін қосатынына сенімдімін, − деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
«Хош келдің, Әз-Наурыз!» мерекелік шарасы аясында еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай 18 жасқа толған облыстың 25 тұрғынына жеке куәлік табысталды.
Наурыз мерекесінің көркін Ақтаудағы Абай атындағы мәдениет сарайының балалар шығармашылық ұжымы мен М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары әсерлі концертпен жалғап әкетті.
Ақтөбеден Темір ҚҰСАЙЫН:
«Сәуір болмай – тәуір болмайды» деген халықтық қағиданың дұрыстығы биылғы Наурыз мерекесі кезінде Ақтөбе аймағында анық байқалды. Бұл өңірде қыс бойы жауған қалың қардың көбесі де әлі күнге дейін сөгілмей жатыр. «Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деп Абай атамыз айтқандай, ұлан-байтақ еліміздің әр қиырында көктемнің де бірі ерте, біреуі жай болып келуі табиғи құбылыс екені талассыз. Наурыз тойы кеңінен аталып өткен кешегі күні де республикамыздың батыс бөлігіндегі Ақтөбе өңірінде күн көзі шығып тұрғанымен, табиғат-ананың ерте көктемге тән ызғары кәдімгідей сезілді. Соған қарамастан облыс орталығындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа қарай ағылған мыңдаған ақтөбеліктердің жайдары жүздері олардың кешігіп жатқан көктемнің салқынына елең етпегендерін анық аңғартқандай еді.
Өңір тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев күллі түркі әлемінің ұлық мерекесі – Наурыз Қазақстан халқының өзара ынтымағын, бірлігі мен тату-тәтті тірлігін тереңдете түсуге қызмет етіп келе жатқаны жөнінде әдемі ой сабақтады. Сонымен бірге, өңір басшысы Наурыз мерекесін облыс жұртшылығы ұлан-асыр табыстармен, экономикалық және мәдени, рухани тұрғыдағы мол жетістіктермен қарсы алып отырғандарын жеткізді. Мұның бәрінің бастауы – жыл басы Әз-Наурызбен бірге келген ырыс пен ынтымақ, ел-жұрттың ауыз бірлігі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі деп түйіндеді өз сөзін Бердібек Мәшбекұлы.
Наурыз мерекесі қарсаңында облыста бірқатар өндірістік және мәдени-тұрмыстық нысандар пайдалануға берілгені өз алдына бір бөлек әңгіме. Ең бастысы, өңірде бәрі де адамдар үшін, олардың сапалы да жайлы өмірге қол жеткізуі үшін жасалып отыр. Ақтөбе өңірінде өткізілген Наурыз мерекесіне қазақ медицина ғылымының көрнекті өкілдері, академик Төрегелді Шарманов, майталман хирург Жақсылық Досқалиев және Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов қатысты.
Әлия Молдағұлова даңғылы жақ бетінде тізіле орналасқан жиырма төрт қанатты, кең керегелі ақшаңқан киіз үйлердің о шеті мен бұл шеті көрінбейді. Осындай ұлттық нақыштар мен өрнектерге толы киіз үйлердің біреуін «Көктас-Ақтөбе» АҚ ұжымы тігіпті. Мұнда арнайы әзірленген ұлттық тағамдардан киіз үйге бас сұққандар ауыз тиіп шығып жатыр. Осындай көрініс мереке құрметіне арнайы тігілген отыз үйдің бәріне тән болып шықты. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын, ақ мол болсын деп бір-біріне ақ тілектерін білдіріп жатқан халықтың санында есеп жоқ. Саябақ сахнасы төңірегіне де тұрғындар мол жиналыпты. Бұл тұстан олар облыстағы мәдениет басқармасы мен Тахауи Ахтанов атындағы драма театры әзірлеген театрландырылған көріністер мен эпостық кейіпкерлерді тамашалады.
Атыраудан Бақытгүл БАБАШ:
Ұлыстың Ұлы күнін атыраулықтар да айрықша салтанатпен қарсы алды. Көктемнің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесін тойлау 14 наурыздан бері жалғасып жатыр. Мейрам қарсаңында қалалық арулар байқауы, қолөнер шеберлерінің көрмесі, жас орындаушылар байқауы, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мұнайлы аймақтағы мекемелер мен кәсіпорындар арасында ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс қою сайысы да жоғары деңгейде өтті. Ал кеше Исатай-Махамбет алаңында «Кош келдің, Әз-Наурыз!» атты театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық ойындар, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Биыл Наурыз тойы айрықша өтіп жатыр, – дейді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ардақ Жуасов. – «Үздік киіз үй», «Дәмді наурыз көже» байқауларына аймақтағы отандық және шетелдік мекемелер, қоғамдық бірлестіктер ұйымшылдықпен қатысты. Оған Қазақстан мен Қырғыз Республикаларына еңбек сіңірген қайраткер, композитор Илья Жақанов бастаған қазылар алқасы төрелік жасады.
Орталық алаңның өзінде 25 киіз үй құрылды. Шағын аудандар мен қала маңындағы елді мекендерді қосқанда елуге жуық киіз үй салтанаттың сәнін келтірді. Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға жиналған халық ұлттық тағамдардан дәм татып, жастар тілек айтты, үлкендер бата берді. Ал кешкісін өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасы қойылды, мерекелік отшашу Атырау аспанын алуан түске бояды.
Көкшетаудан Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ:
Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы Көкше жерінде де ерекше тойланды. Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап мың литрден астам наурыз көже әзірленді. Бұдан басқа тіл үйірер тағамның небір түрлері ұсынылды. Егер салмақтап айтар болсақ, 500 кило бауырсақ пісіріліп, 1,5 мың адамға арналған палау, 300 кило ет және өзге де жеңсік тағам түрлері әзірленген.
Осылайша, Көкшетау тұрғындары мен қала қонақтары Наурыз мейрамын кең ауқымда тойлауға кірісіп те кетті. Қаламыздың ең көрікті жерлерінің бірі – Тәуелсіздік алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарды ерекше күтіп алып жатты. Сондай-ақ, мұнда қазақы ауылдың сауығын қыздыратын алтыбақан да бар. Және де Наурыз мейрамының сәні мен мәнін аша түсетін әртүрлі тарихи экспонаттар да қойылған. Айтулы мейрамды атап өтуді Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өзі бастап, Наурыз-думанға жиналған қауымды жылы қарсы алып, әр шаңыраққа береке, ырыс тілеп жатты.
Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтарына Көкшетау қаласының шығармашылық ұжымдары тарапынан үлкен мерекелік бағдарлама да әзірленгенін айта кету керек. Өңірдегі театр ұжымдары Наурыз мейрамын әспеттеген әртүрлі қойылымдарды сахналаса, бишілер мен әншілер жиналған жұрттың көңілдерін көтеруге барын салды. Түптеп келгенде, барлығы да қазақ халқының тұрмысы мен салтын барынша ашып көрсетуге тырысты. Сонымен бірге, алаңда ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық шаралар өткізілді. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қап киіп жүгіру сияқты жарыстар тойдың көркін қыздырса, оның арты «Қара жорға» биіне ұласты.
Қарағандыдан Мирас АСАН:
Тауық жылы Арқаның алтын табалдырығынан сүйінші сұрап, сауын айта сауықпен аттады. Қазыналы Қарағанды Ұлыстың Ұлы күніне орталық саябақта қырық шатыр тігіп, Қыдырдың салқар көшін саумалкөлде күтті.
Әдеттегіден бөлек, кеншілер астанасындағы биылғы мерекелік шаралар жаңа алаңда – орталық саябақта өтті. Онда үлкен сахна орнатылып, халықтың жаппай серуені де сол аймақта жөңкілді. Жалпы, Арқа жұртшылығы ұлық мерекені ұлттық деңгейде мерекелеуге әбден дағдыланған. Мәселен, биыл қарағандылық талғампаз тұрғындар көшпелілердің көне мейрамын қаһарлы қыс пен нәурізек көктемнің мәңгілік тартысын бейнелейтін мюзикл арқылы тамашалады.
– Дәстүр бойынша Наурыз кеңінен тойланады. Театрландырылған қойылым мюзикл стилінде өтті. Бұл көктемнің келуі мен дүниенің жаралуы, қазақ елінің құрылуы туралы ертегі. Су, ауа, от – бәрі қосылды, – дейді алматылық бұқаралық қойылымдардың жиынтық қоюшы-режиссері Аспет Жилкина.
Мерекенің мейілінше қызған мезгілінде облыс тұрғындарын аймақ басшысы Ерлан Қошанов құттықтады.
– Наурыз – жаңару, жаңғыру мерекесі. Осынау ұлы мейрам қарсаңында мемлекетіміз де дамудың жаңа дәуіріне қадам басып отыр. Ел өмірінде орын алып отырған саяси реформалар, өзгерістер наурыз нышандарымен үйлесім тауып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты бізді биік мақсаттарға жетелейді. Жаңа күнде қарағандылықтардың ауызбірлігі мен еңбекқорлығын атап айтқым келеді. Наурыз мейрамы асқақ армандар мен жаңа үміттердің мерекесі, – деді.
Сондай-ақ, сүйіншілі жағдайдың бірі – Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша «Өңірлерді дамыту-2020» − Бағдарламасына қатысқан жас отбасыларға Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Қостанайдан Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА:
Қостанай қаласының орталығындағы алаңда қостанайлықтар мен қала қонақтары Наурыз мерекесін барынша нақышымен, ұлттық бояуымен атап өтті. Алаңда тігілген жиырма екі ақ боз үй мерекенің көркіне де, тіпті мазмұнына да айналды. Олардың әрқайсысында халқымыздың ұлттық дәстүрі мен салттары әр қырынан көрініс тапты.
Мерекеде тігілген ақ боз үйлерде тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды Отаным деп санайтын барлық ұлыстардың да салт-дәстүрлерін көруге болады. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының «Қоғамдық келісім» үйі тіккен ақ боз үйде Қостанайдағы барлық ұлттық этно-мәдени орталықтар бас қосыпты. Киіз үйдің алдында өзбек, тәжік және тау халықтары диаспораларының өкілдері биді қыздырды. Наурызды мерекелеуге жиналған қалалықтар мен қала қонақтарында есеп жоқ деуге болар еді. Әр киіз үйге кіріп, ұлттық нақыштарды қызықтаудың өзі бір ғанибет. Ақ боз үйлердің салтанаты бірінен бірі өтеді. Дегенмен, Қостанай қалалық әкімдігі олардың арасында байқау ұйымдастырып, үздіктің үздігін анықтады.
Қала орталығында өткізілген Наурыз мерекесінде облыстық филармония мен көркемөнерпаздар ұжымдары ән мен биден шашу шашты. Театрландырылған көріністерде халқымыздың рухани құндылықтарының барлығы қамтылды. Асық ату, қазақша күрес, қол күрестіру, жілік сындыру, қой көтеру секілді ұлттық ойындар мереке қызығын арттыра түсті. Мерекеде 18 қолөнер шебері өздерінің жасаған көрпе, көрпеше, нан тақтай, оқтау, ағаш ыдыстар, сабын секілді бұйымдарынан көрме ұйымдастырды. Оларға сұраныс та көп болды.
Павлодардан Фарида Бықай:
Облыс орталығында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар мерекеден екі-үш күн бұрын бастау алды.
Орталық алаңда қалалық шығармашылық ұжымдардың және «Alem Band», «Z» топтарының қатысуымен концерттік бағдарлама болып өтті. Университет ұжымы екі жүз литр наурыз көже дайындапты. «Ұлытау» тобы, «Асыл» тобы, Гүлнұр Оразымбетова, Ардақ Аликешев, Ерке Есмахан, «Шымкент-шоу» әзіл-сықақ театры, қазақ эстрадасының өнер жұлдыздары келіп, облыс жұртшылығының көңілін бір желпінтіп тастады. Түске дейін «Наурыз-думанның» кіші сахнасы, ал, түстен кейін үлкен сахнасы осылайша жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлады. Алаңда «Ауылым – алтын бесігім» атты этно-көрме ұйымдастырылды, Ұлттық және спорттық ойын алаңдары «Қазақ күресі», «Асық ату», «Аударыспақ», «Көкпар», армрестлинг, гір көтеру, «Қошқар көтеру», «Жілік сындыру», «Арқан тартыс», «Тымақ лақтыру», «Сыйлық бағанасы» сияқты қызықты шараларға толды. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткізілетін «Достық» алаңында өзге ұлт өкілдерінің мерекелік бағдарламасы көрсетілді. Ал, «Шеберлер ауылындағы» халық қолөнершілері мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесіне жиналған жұртшылық та аз емес екен. Бұл күні облыс орталығының барлық шағын аудандарында, оқу орындарында мерекеміз өз дәрежесінде тойланды.
Оралдан Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ:
Орал қаласындағы Наурыз мерекесі биыл тұңғыш рет облыс орталығының жаңа алаңында өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай былтырғы жыл соңында ашылған аумағы 7 гектарлық бұл алаңға бір мезетте 10 мың адам сыяды.
Күн райының ызғырық желі мен суықтығына қарамастан оралдықтар мерекеге көп жиналды. Ақын Ақұштап Бақтыгереева, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов секілді танымал тұлғалар ұлттық киіммен келіпті. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, көңілді әуен, көп жерде тегін үлестірілген табақ-табақ бауырсақ пен наурыз-көже, «Sayat» этнотуризм орталығының арғымақтары мен қыран бүркіті – бәрі-бәрі мерекеге әр беріп, Наурыздың нарқын аспандатып тұрды.
– Біз Наурыз мерекесін осы айдың 14-інде, «Көрісу күнінен» бастап кеткенбіз. Бір бірімізбен төс қағыстыра көрісіп, бірлігімізді көрсеттік. Көпұлтты мемлекет болғандықтан бізге ынтымақ, бірлік ауадай қажет, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Наурыз айымен бірге Батыс Қазақстан облысында «Мейірімді көктем» атты қайырымдылық айы басталған еді. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Орал қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен 400 отбасына азық-түлік таратылды. «Арба» қоғамдық бірлестігіне жаңа арбалар тарту етілді. Орал қаласында арзан бағалы азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Наурыздың ажырамас атрибутының бірі – тал-терек егу болса, 21 наурыз күні қала бойынша 100 қарағай, 200 қайың көшеті отырғызылды.
Жаңа алаңдағы «жаңа күн» мерекесі бұқаралық шаралармен жалғасты. Ән мен би, ақжарма тілекпен бірге, жиналғандар түрлі-түсті отшашуды тамашалады.
Өскеменнен Азамат ҚАСЫМ:
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін шығыс жұртшылығы кең ауқымда атап өтті. Әсіресе, облыс орталығы – Өскеменде ұлық мейрамды тамашалауға жиналған жұрттың қарасы қалың болды.
Күннің ызғарлығына қарамастан қаланың қақ ортасындағы алаңға ағылған халық «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты театрландырылған көрiнiспен қатар «Дервиши», «Климанджаро» топтары мен Мұрат Мұтырғанов бастаған цирк шеберлерінің өнерлерін тамашалады. Мерекеге арнайы тігілген 40-қа тарта киіз үйлерге кіріп, наурыз көжеден дәм татты.
– Наурыз – қазақтың ғана емес, мұқым түркі жұртына ортақ ұлы мейрам. Жылдың басы, күн мен түннің теңеліп, алты ай қыстан кейінгі халықтың жадырап, көңілі көтерілетін шуақты шақ. Қазақ хандығының тарихы 500 жылдан асады десек, Наурыздың тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Ала таңнан тұрып, ақ тілектерді ағылтатын, бір-біріне жақсылық тілеп, құшақтасып, кішкентай бір реніші болса, соның бәрін ұмытатын бірліктің, берекенің мейрамы бұл. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп Абай атамыз айтқандай, бұл бауырмалдыққа, мейірімділікке шақыратын мереке. Әсіресе, бұл мерекенің көпұлтты Қазақстан үшін мәні зор. Біз ақсақалдар, әжелер жастарға үлгі-өнеге болсын деп басқа ұлттың өзіміз секілді қарияларымен құшақтасып, сүйісіп амандасып жатырмыз. Егер Мәңгілік Ел боламыз десек, береке-бірлігіміз мығым, халықтардың достығы, бірауыздылығы аса қажет, – дейді Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев.
Асық ату, арқан тарту, гiр көтеру сынды сайыстар мерекенің көрігін қыздыра түсті. Жалаң кеудесімен бақанға өрмелеген жігіттердің өнеріне көпшілік тамсана қол соқты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы үш тілге жетік тұрғындар арасында «Полиглот» акциясын ұйымдастырып, жеңімпазға сыйлыққа домбыра тарту етті.
Ұлық мереке облыс орталығынан бөлек өңірдің өзге өңірлерінде де аталып өтті.
Қызылордадан Ержан БАЙТІЛЕС:
Ақмешіт атырабындағы ағайын Ұлыстың Ұлы күнін кең көлемде атап өтті. Қызылорда қаласындағы орталық алаңда 30 киіз үй мен 6 шатыр тігіліп, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне билет сатып алуға болатын көрме павильоны ұйымдастырылды. Орталық алаңда әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстар өтті. Сондай-ақ, наурыз-көже дайындау сайысы өткізіліп, аспаздар басты мерекелік тағамды әзірлеу бойынша шеберліктерін сынға салды. Оларға халық қазылық етті.
Қызылордадағы Наурыз тойына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бауырлас 11 ұлттың өкілдерін арнайы алып келіп, ән мен биден шашу шашты.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев орталық алаңға жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, бақыт, бірлік пен береке тіледі.
−Былтыр біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойын ауызбірлікпен атап өттік. Жылды жемісті қорытындыладық. Мерейлі жылы Сыр елі орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту және тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша облыс республика аймақтарының арасында көшбасшылар қатарында. Төртінші жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинап, күрішшілерімізді Елбасы арнайы құттықтады, − деді Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ, қызылордалықтарды мерекелерімен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те құттықтады. Мерекелеу барысында Қырымбек Елеуұлы пен Дүйсен Қорабайұлы екі сәбидің тұсауын кесті.
Қызылордадағы Наурыз мерекесі тек той тойлаумен ғана шектеліп қалған жоқ. Осы күні бір мезетте 580 отбасы баспаналы болып, зор қуанышқа бөленді. 12 көп қабатты тұрғын үйден тұратын тұтастай бір шағын аудан осы күні ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, Титов шағын ауданында апатты тұрғын үйдің иелеріне жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Осылайша, Сырдың бойын жайлаған ел ұлық мерекені өз дәрежесінде ұлықтады.
Петропавлдан Өмір ЕСҚАЛИ:
Ұлыстың Ұлы күні Қызылжар өңірінде ерекше жағдайда әрі барынша ұлттық нақышта атап өтілді. Оған облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Құмар Ақсақаловтың аға буын өкілдерімен кездескенде айтқан ұсынысы себеп болды. «Наурыз – барлық бастамалардың басы. Адамдарды жақындастырады. Кешірімді, мейірімді, бауырмал болуға тәрбиелейді. Сондықтан мейрамды биыл аулалық аумақтар мен тұрғын үй жайларында да қарсы алуды дәстүрге айналдырған жөн. Өйткені, бәрінің орталық алаңдарға бару мүмкіндігі жоқ. Балалардың ойын алаңдарын, тротуарларды, арықтар мен жауын-шашын кәріздері жүйесін тазалау, қалпына келтіру, мүмкіндігінше маңайдағы тұрғындарға мерекелік дастарқан жаю, түрлі ойындар ұйымдастыру біздің бірлігіміз мен ынтымағымызды одан әрі нығайта түсер еді», деген еді. Петропавл қаласында 400-ден астам аула бар. Жақсы бастама жұртшылық тарапынан қолдау тауып, Ұлыстың Ұлы күндері 600-ге жуық қоғамдық, мәдени-спорттық шаралар қамтылды. Бір атап өтерлігі, халықтық серуендер 21 наурыз күні басталып, екі күнге созылды. Аймақ басшысы Қ.Ақсақалов солтүстікқазақстандықтарды тазалықтың, татулықтың, рухани тазарудың мерекесімен құттықтап, кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы татулығы мен келісімінде екенін атап өтті.
Петропавлда Наурыз мейрамын мерекелеу Мағжан Жұмабаев көшесінен бастау алды. Мұнда 11 киіз үйден тұратын этноауылдың қатысуымен «Наурыз-көктем шуағы» деген концерттік, ойын-сауық және балаларға арналған «Салтымызды сақтайық!» танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды. Сауда орындары арзан бағамен ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тағамдарын ұсынды.
Этномәдени бірлестіктер 15 метрлік «Достық» дастарқанын жайып, 10 қазан палау басып, 9 мың бауырсақ пісірді. Дәмділігі тіл үйіретін тағамдар тұрғындар мен меймандарға тегін таратылып, ұлттық әндер шырқалды. Декоративті-қолданбалы өнер туындыларын сатып алушылар қатары да қалың болды. Әсіресе, оқушылардың ағаштан жасаған бұйымдары әсемдігімен таңғалдырды. Қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар «Невтун» аквапаркі мен аттракциондарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Облыс әкімі 30-дан астам көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында өткен мерекелік іс-шараларға қатысып, өңірдің атақты спортшыларымен кездесті. Көп балалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.
Сөз арасында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті еліміз бойынша «Ұлттық киім» акциясын бірінші рет қолға алып, барлық мектептер тарапынан кең қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Мерекелік шаралар ауылдарда да жалғасты.
Осылайша күн мен түн теңесіп, жер-дүние жаңарып, ерекше түрге енген тамаша мезгілді солтүстікқазақстандықтар өзгеше нақышта қарсы алды.
Талдықорғаннан Нұрбол ӘЛДІБАЕВ:
Әлемді әдемілікпен әрлендірген Әз-Наурыз Жетісу жеріне де жетті. Күн мен түн теңелген күні мерекелік шараны өңір басшысының ұйытқы болуымен талдықорғандықтар қала шығысындағы бұлақтың көзін ашудан бастады. Сосын Қонаев көшесін бойлата тігілген ақ боз үйлерде қазақы дәстүрмен Наурыз жалғасты. «Жастар» мәдени демалыс саябағында қолөнердің сан-саланы қамтыған әрі бірінен екіншісі асып түсетін бұйымдары тізілсе, қылқалам шеберлері де көрген жанның көзін тойдырып, тамсантқан туындыларын жайып салыпты. Кәсіпкерлер ұсынған «Қазақстанда жасалған» деген белгілері басылған заттар да қызықтырып, тартымдылығымен тәнті етеді. Жетісу жерінде тұрақтап қалған 103 этнос өкілдері наурыз көжеден бастап дәмі тіл үйіріп әрі өзіндік ерекшелігін паш ететін ұлттық тағамдарын да тарта білді. Ең бастысы, қазақ халқына деген құрметтері бұл күні еселене түсіпті.
«Ырыс алды – ынтымақ» деп қазақ бекер айтпаған. Осы бірлігіміздің арқасында ел игілігін өтеп жүрміз. Әлі де алар асуларымыз баршылық. Халқымыздың жағдайының жақсарған үстіне жақсара түскенінің бір дәлелі ретінде жақында Жетісудың 2 милионыншы тұрғыны дүниеге келді. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен ынтымақтың мерекесі. Бұл күні өткен күнге ой салып, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өсіп, өркендеу жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз», деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Талдықорған төрінде ән әуелеп тұрды.
Тараздан Хамит Есаман:
Көк шығып, төңірек құлпырып, айнала шат-шадыман күйге ене бастағаннан адамзаттың да алдағы күндерге деген үміті үкіленіп, сенімі нығая түседі. Ежелгі Шығыс халықтарында жыл басы болып есептелетін Наурыз мейрамы өзіндік нақышқа, өрнекті сипатқа ие.
Биылғы Наурыз мерекесі де Жамбыл жерінде өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Мерекеге орай ұйымдастырылған «Мәңгілік ел төріндегі Наурыз» атты Тараз төріндегі іс-шара театрландырылған көрініспен басталды. Онда Наурыз мейрамының ежелден үлкен маңызға ие мереке екені айтылып, жас ұрпаққа үлгі боларлық көріністер көрсетілді. Мәселен, ұлттың салт-дәстүрлері, ырым-тыйымдары да сахналық көрініс арқылы көпшілікке жол тартты. Бұл күні орталық «Достық» алаңына да халық көптеп жиналып, бір-бірін келіп жеткен жаңару мейрамымен құттықтап жатты. Ұлыстың Ұлы күнінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жамбыл жұртшылығын мерекемен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
– Табиғатпен үйлесім тапқан Әз- Наурызда тіршілік атаулы оянып, дүние шуаққа бөленеді. Бұл күндері Жер-Ана жаңғырып, қайта түлейді. Төрт түлік төлдеп, дастарқан аққа толады. Наурыз – сонау көне заманнан тарихи мазмұны терең, әлеуметтік-рухани мәні зор мейрам. Бұл қасиетті мерекеден ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүріміздің айқын нақышын көреміз, – деді облыс басшысы өз сөзінде.
Көне Тараз шаһарының орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік сауда-саттық, ұлттық ойындардан жарыстар, ұлттық мәдени орталықтардың көрмесі де көпшіліктің көзайымына айналып, мерекелік салтанаттың көркін аша түсті.
Сондай-ақ, Ұлыстың Ұлы күнінде Әулиеата жеріне Ресей, Сербия, Түрікменстан, Грекия, Якутия, Кипр мемлекеттерінен барлығы елу адам келіп, Жамбыл жұртшылығына өз өнерлерін паш етті. Өз елдерінің дәстүр-салтынан сыр шерткен фольклорлық топтар көптің көңілінен шығып, шын өнердің бәсін арттырды.
Сонымен қатар, бұл күні «Киіз үй» қалашығында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, көпшілікке наурыз көже таратылды. Сондай-ақ, Тараз төріндегі той «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» атты мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.