Конгресс жұмысына Америка, Африка, Еуропа және Азия құрлықтарынан 46 елдің делегаттары, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қызметкерлері, ұлттық күрестің ардагерлері мен белгілі мамандар қатысты.
Конгресте әуелі федерацияның президенті Серік Төкеев баяндама жасады. Ол ұлттық күресіміз әлемдік аренаға шығып, жер жүзіне таныла бастаған кезден бері атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Серік Адамұлы өз сөзінде төл күресіміздің соңғы кездері шартарапқа кеңінен танылғанын, одан 30 елде федерациялардың ашылып, осы уақытқа дейін 7 әлем, 11 Азия, 3 Еуропа мен Африка чемпионаты, 3 Әлем кубогы мен көптеген халықаралық жарыстардың өткізілгенін, ал биыл тұңғыш рет қазақ күресінен жабық ғимараттағы Азия ойындарында белдесулердің болатынын атап өтті.
– Қазақ күресін әлемдік аренаға шығару оңайға соққан жоқ. Біз бар күшімізді жұмылдырып, қаржылық және басқа да қиындықтарға мойымай, шетелдік мамандарды көптеп тартуға күш салдық. Тек халықаралық жарыстар ұйымдастырумен шектелмей, әлем мойындаған белді ұйымдардың назарын аударуға тырыстық. Соның нәтижесінде, қазақ күресі 2010 жылы ФИЛА-ның толық мүшесі болып қабылданды. Қазір ұлттық күресіміз бойынша барлық белдесулер UWW (Біріккен Күрес Әлемі) аясында өтеді. Осының бәрі төл күресімізді жер жүзінің төріне шығару үшін жасаған және жасап жатқан жұмыстарымыздың жемісі.
Біздің соңғы кездегі тағы бір жетістігіміз – күресіміздің жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына қосылуы. Бұл біле – білсек, үлкен жеңісіміз. Енді біз келесі жылы өтетін жазғы Азиаданың кілеміне балуандарымыздың шығуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Амандық болса бұл күнге де жетеміз, – деді ол.
Одан әрі ол 2010-2016 жылдарда қазақ күресін ЮНЕСКО танып, мойындауы үшін қыруар шаруаның атқарылғанын, былтыр күресіміздің аталған халықаралық ұйымның 11-сессиясында «Материалдық емес мәдени мұра» тізіміне енгенін, бұл оқиғаның тарихымызда тасқа қашалып мәңгі сақталып қалатынын атап өтті.
– Қазақ күресі ЮНЕСКО қанатының астына кіруі үшін ең әуелі Халықаралық жауынгерлік өнер одағы (WoMAU) мойындауы қажет екен. Оның академиясы Оңтүстік Кореяда орналасқан. Сондықтан, біз 2010 жылдан бастап алты жыл қатарынан Чхунджуға, WoMAU сессиясына мамандарымызды жіберіп отырдық. Олар күресімізді насихаттап, Халықаралық жауынгерлік өнер одағының танып, білуіне зор ықпал етті. Тарихи маңызы зор бұл шараға Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақ ұлттық комитетінің төрайымы Ханзада Есенова, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әсел Өтегенова көп үлес қосты. Сөйтіп, былтыр Эфиопияда болған ЮНЕСКО-ның 11-сессиясына Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитетінен Әсия Аманбаева мен Нұрлыбек Ермағамбетов арнайы қатысып, 17 мемлекеттің дауыс беруі нәтижесінде қазақ күресі материалдық емес мәдени мұра тізіміне кірді. Бұл тарихи оқиға елімізге үлкен абырой әкелді, – деді С.Төкеев.
Конгресте Серік Адамұлы федерацияның соңғы 13 жылдағы жұмысын жан-жақты баяндап болғаннан кейін, өзінің орнын басқа адамға тапсыратынын жеткізді.
Сөйтіп, федерацияның жаңа басшысы болып елімізге белгілі азамат, спорт жанашыры Ислам Әбішев сайланды. Ол бұған дейін ұйымның бірінші вице-президенті қызметін атқарған. Ал Серік Төкеевті делегаттар федерация басшысының бірінші орынбасары етіп сайлады. Сондай-ақ, Нұрлыбек Ермағамбетов ұйымның бас хатшысы қызметін атқаратын болып шешілді.
Жиында федерацияның жаңа президенті өзіне артылған сенім үшін алғысын білдіріп, қазақ күресін дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Одан кейін ұйымның құрметті президенті Қажымқан Мәсімов сөз алып, төл өнерімізге әрқашан тілекші болып, қазақ күресін дамытуға қолда бар көмектің бәрін жасайтынын мәлімдеді.
Конгрестің соңында ұлттық күресіміздің дамуына қосқан зор үлесі үшін ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әсел Еркенқызы Өтегенова, Африка құрлығы қазақ күресі федерациясының президенті Хусейн Наркер, Азия федерациясының вице-президенті Тамболи Омармұхтар, Еуропа федерациясының вице-президенті Сироп Адреасян, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Естек Ерлан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ғайни Сейділдаев пен 2013 жылғы әлемнің абсолюттік салмақтағы чемпионы Мақсат Мәзібаев марапатталды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА