Назарбаев Университетінде болған екі елдің президенттері білім ордасының даму жоспарымен, өнеркәсіпті автоматтандыру зертханасымен, оқу орнының зерттеушілік жобаларымен және физика-математика зертханасымен танысты. Ш.Мирзиёев университеттің құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев ресми ашылған «MEGA Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығының сауда-көрме павильондарын аралап көрді. Сондай-ақ екі ел президенттері «Cirque du Solei» әртістерінің Монте-Карлодағы халықаралық фестивалінің жеңімпаздары қойған шағын театрлық көрініс пен акробатикалық шоуды тамашалады.
Мемлекеттер басшылары қаланың көрнекті орындарын аралап көрген соң «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені құрылысының барысымен және оның макетімен танысты.