• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол 24 Наурыз, 2017

Қазақ футболын дамытқым келеді – Хидир Акбаш

210 рет
көрсетілді

Хидир Акбаш – Германияның Кельн қаласындағы әйгілі Deutsche Sporthochschule мектебін бітірген. Докторлық дәрежесі мен УЕФА-ның лицензиясын алған. Әлемнің кез келген жерінде жаттықтырушы қызметін атқара алады. Бірнеше жыл Түркияда түрлі командаларды жаттықтырған. Қазақ қызына үйленген. Алдағы уақытта Қазақстан футболын дамытуды армандайтынын жасырмады, деп хабарлады vesti.kz.

«Талабы жоғары мамандардың бірімін. Командамның жоғары нәтиже көрсеткенін қалаймын. Измирде жүргенде журналистер мені диктатор деп есептейтін. Екінші, үшінші лигадағы ұжымдардың өрлеуі үшін барымды салдым. Ал қазір бүлдіршіндермен жұмыс істеп жүрмін», – деді Хидир Акбаш.

«Футбол десе барымды беруге дайынмын. Осы спорт түрін меңгеру үшін біраз елді араладым. Қазақстанға келуімнің бірден бір себебі – футболды дамыту. Деңгейі төмен клубтарды алға қарай жетелегім келеді. Оның үстіне жарым да осы елдің азаматшасы», – деді ол.

Қазақстанға бағын сынап келген легионер футболшылардың аз болмағаны белгілі. Олардың қатарында бапкерлер де жоқ емес. Өкінішке орай, қажетті нәтижеге жете алмай кеткендері көп. Ал Хидир Акбаштың қазақ футболын дамытуға қаншалықты көмегі тие қояр екен?

«Бұл жерде менталитетті де ескеру керек деген ойдамын. Ұлтым – түрік, Еуропаның бірнеше елінде тұрдым. Ал Қазақстанға көбіне неміс, голланд жаттықтырушылары келген. Бәлкім, осыдан барып түсініспеушілік болған шығар. Ал маған қазақ халқының орны бөлек. Сондай-ақ, менің тәжірибем де көп. Әлемдегі ең мықты мектепті бітіріп, белгілі бапкерлермен жұмыс істедім», – деді Хидир Акбаш.

«Осыған дейін Қазақстандағы орташа деңгейлі командалардың бірін жаттықтыру туралы ұсыныс түскен. Бірақ ол кезде «Диярбакырдың» бапкері едім. Сондықтан бас тартуыма тура келді. Ал қазір қандай ұсыныс болса да қарастыруға дайынмын. Қазақ футболын дамыту үшін қолымнан келгенді аянып қалмаспын», – деді ол.

Елімізге келген шетелдік мамандар мейлінше көбірек жалақы алғанын қалайды. Ал Хидир Акбаштың жалақысы қанша болмақ?

«Қазақстанның кез келген жерінде, қай командамен болсын қызмет етуге дайынмын. Тіпті, бірінші лиганың клубтары болса да қарсы емеспін. Ал қаржы мәселесіне келсек, оны ұсыныс жасайтын тараппен жеке отырып талқылағым келеді», – деді. 

Соңғы жаңалықтар