• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Наурыз, 2017

Жастар «бастаңғыға» шақырады

335 рет
көрсетілді

Мереке күндері «Бастаңғы» өтеді екен дегенді естігеннің бәрі І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрына ағылды. «Бастаңғының» не екенін бір көруге асық жұрттың ұлттық салт-дәстүрге шөліркегені байқалады.

Ертеде үлкен кісілер жол жүріп кеткенде, ауылдың қыз-жігіттері бір үйге жиналып  өткізген 

сауық кешін  «бастаңғы» деп атаған. Бұл күнде бастаңғының аты естіліп қалып жүрсе де, заты көнере бастағаны тағы шындық.  Облыстық  қазақ драма театрының жас әртістері және облыстағы өнерпаз жастардың күшімен өткен шара халқымыздың жарасымды дәстүрін  жаңғыртқандай болды. 

Өнерпаз жастар әзіл-қалжыңға құрылған  «Бастаңғы» кешінде халқымыздың ұмытыла бастаған дәстүрлерін, рухани құндылықтарымызды еске салып отырды. Жастық шаққа сай жарасымды көріністерді,  ұлттық киімдердің сән үлгісін көрсетті. Әрине, кеш болған соң, ән мен жырға да кеңінен орын берілді. Жалпы, кештің мақсаты да ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналса керек. Сонымен қатар, көрермендер кеште жаңа таланттардың есімін тұңғыш естіді.  

Облыста бірінші рет өткізіліп отырған кеш ұлттық  нақышқа, бояуға байлығымен де көрермендерді риза етті. − Мен өңірде «Бастаңғының» басталғанына қуандым. Ұлттық құндылықтарымызды өзіміз еске салып отырмасақ, оның көнере беретіні, кейінгі ұрпақтың оны мүлдем ұмытары да хақ. Маған бүгінгі жастардың қазақы қалжыңдары, ұлттық ойындар мен бірлікке, достыққа, шынайылыққа тәрбиелейтін салттарымызды көрсеткені қатты ұнады, -дейді көрермен  Бақытгүл Сүлейменова. 

«Бастаңғыға»  жиналғандардан театрда ине шаншар орын болмады. Ән мен жырға, қазақы әзіл-қалжыңға шөліркеген жұртшылық сахнадағы жастарды шапалақ ұрып, қолпаштаудан да кенде еткен жоқ. Ұлттық думан-кештің өзегіндей болған Алдарды жас актер Олжас Бегайдаров жақсы алып шықты. Өнерлі жас Гүлден Молдахметованың ұлттық думанды өткізу жөніндегі бастамасын облыстық мәдениет басқармасы да қызу қолдады, ал сценариін журналист, ақын Абылай Мауданов жазды.

−«Бастаңғыны» тек Наурызға теліп  қоймай, алдағы уақытта әр мерекеде өткізуді ойластырып отырмыз. Өйткені уақыттың  тығыздығына қарамай, «Бастаңғының» өтуіне Қостанайдағы әнші, күйші, ақын жастардың барлығы да атсалысты. Алдағы уақытта бұл ұлттық думанды дамыта түсетін боламыз. «Бастаңғының» әдеттегі әзіл-оспақ кешінен бөлек болуы керектігін де ойластырамыз, - дейді Абылай Мауданов. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар