• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2017

Ел құшағына енген Мұстафа

860 рет
көрсетілді

Сонау Парижде тар жол, тайғақ кешуде жүрген күндерінде елін ойлап Мұстафа Шоқай: «Жалаңаяқ, жалаң бас, көгалды шалғынды аралап, түрлі құстар дауысын естіп, уайымсыз-қайғысыз, Сыр суына шомылып жүрген бала кездерімде болашақ тағдырым қалай боларын ойлаппын ба?» деп ауыр күрсінген екен. Сонда да қиындықтарға мойымай, халқының азат ел болуын ойлап, жат елде жүрсе де Түркістанның азаттығы үшін бір сәтке күресін тоқтатқан емес.

Мұстафа Шоқай ел тарихындағы жарық жұлдыздарының бірі болды. Өкі­нішке қарай, біз оны әлі де жан-жақ­ты насихаттай алмай келеміз. Бұл – бүгінгілерге парыз, бола­шақ­тың жұмысы.

Мұстафа Шоқайдың ең басты үш қасиетіне тоқталар едім. Бірін­ші­ден, оның даналық қабілеті. Мә­се­лен, 1916-1917 жылдары Ресей­де патшаның боданы болған әр­бір ел азаматтары өз халқының бос­тан­дығы үшін күресіп жатқанда, Мұс­тафа әрбір елдің жеке күре­сі­нен нәтиже болмайды, үлкен күш жан­шып тастайды. Сондықтан, қа­зақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, та­тар, тіпті мұсылман халықтары болып, Түркістан республикасы үшін күреске шығуымыз керек, деген еді. Мақсатқа бастау ре­тінде, Мұстафа Орынборда 1917 жылдың желтоқсанында Қа­зақ автономиясын жариялап, үк­і­мет сайлаған Бүкілқазақтық құ­рыл­тай­ға қатысып, құттықтап, сөз сөй­­леді. Содан соң өзі Орынборға тұ­рақ­тамай, Түркістан автономиясын жариялауға асықты. Бірақ, жаңа Кеңес үкіметін құрған большевиктер Түркістан автономиясының, артынша Алашорда үкіметінің үнін өшір­ді, жолын кесіп тастады. Де­сек те, Мұстафа ұраны Кеңес үкі­метіне қатты шаншу болып қа­да­лып, үрей туғызды. Көптеген ел қайраткерлері «панисламист», «пан­тюркист» деп айыпталып, жазаланды. Бірақ Мұстафаның ойы орындалмаса да, бұл өте маңызды пікір еді. Сондықтан, Мұс­тафа шет елде жүріп ойын іс­ке асыруға тырыс­ты. Парижде «Яш Түркістан» деп атап, журнал шығарып, ойын әрі қарай өріс­тетіп, әлемге таратты. Мұстафа Шо­қайдың сол идеясы тарихта көр­некті орын тауып, ол әлі күнге дейі­н күшін жойған жоқ.

Екіншіден, Мұстафа көреген, ты­ғырықтан шығатын жол таба бі­ле­тін тұлға болды. «Түркістан» идея­сын өз елінде жүзеге асыру қиын болған соң, шет елге кетуге мәж­бүр болды. Сөйтіп, тұрақтауға Па­рижді таңдады. Қалтасында қаражаты болмаса да, әу бастағы елінің азаттығы үшін арпалысын тоқтатқан жоқ. Бір күні жұбайы Мария: «бір ғана долларымыз қалды, не істейміз», депті абыржып. Сонда Мұстафа: «Сол бір долларға борщ жасап, осында жүр­ген бір-екі ресейлікті шақыр», депті. Айтқанын орындаған, тамақ­та­­нуға келген екі адам бір-бір дол­лар­дан тастап кетіпті. Өздеріне де борщ қалады. Ертеңіне Мария борщ­ты екі долларға жасап, бірте-бір­те тұрған үйін кафеге ұқсатып, Мұстафа отбасы тіршілік ете бас­тайды. Оның үстіне күн демей, түн демей мақалалар жазған Мұстафа басылымдардан қаламақы ала бастайды. Содан, бір адамға бір тиын тегін бермейтін елде жүріп, қа­ражат жинап, «Яш Түркістан» жур­налын шығара бастайды.

1925 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеге КСРО-дан келген Әміре Қашаубаев, Тамара ханум бастаған өнер адамдарын ресторанға шақырып, сый-құрмет көрсеткен, өнерлерін тамашалап, рухани сезімге бөленген. Мұның бәрі Мұстафаның елден шалғай жүр­­гендегі өмір сүру тәсілі емес, кү­­рес жүргізу үшін қажет әрекет еді. Ресейден эмиграцияға кеткен патша үкіметі генералдары мен адмиралдары мүсәпірлік жағ­дай­да жүргенде, Мұстафа рухын биік ұс­тап, өзін де, идеясын да бү­кіл әлем­ге таныта білді. Міне, қы­сыл­ғанда да саспай, дұрыс жол та­бу – бұл үлкен көрегендік.

Үшіншіден, Мұстафа жанкешті ер жүрек батыр болды. Оны да са­лыс­­тыру арқылы көрсетуге болады. Алдымен, А.Герценді алайық. Ол Лондонға барып, тұрақтап, Ресейдегі «Басыбайлылық құқы­ғы­на» қарсы шығып, оның Ресей да­муына күшті кедергі екенін көр­сетіп, «Колокол» атты газет, «Полярная Звезда» атты журнал шығарды. Бұл елде А.Герцен қа­ражаттан қиындық көрген жоқ. Өйт­кені, ол Мәскеудегі ірі бай, Им­пе­ратормен сыбайлас от­ба­сының тумасы. Оның үстіне

І Ни­колаймен мақсаты бір болды. Император тәуекелге бара ал­мағ­ан жұмысты Герцен атқарды. Өйт­ке­ні, «басыбайлылықты» Ресейдің бү­кіл үстем таптары қолдады. А.Герцен соларға қарсы күресті, сон­дықтан тарихқа революцио­нер-демократ болып енді. Ал

І Николай ойын іске асырып, 1861 жыл­дың наурызында жарлық шы­ғарып, «басыбайлылықты» жо­й­-

ғ­ан I Николайдың ұлы импе­ратор ІІ Александрдың өмірін қи­­ды. Ал Мұстафа, ешкімнің қо­лда­уынсыз, жалғыз өзі Орта Азия ха­лық­тарын отаршылдықтан босату үшін күресті. Солай болса да, Мұс­­тафаны ешкім революционер-демо­крат деп атаған емес.

Тағы да бір салыстыратынымыз – Л.Троцкий. Мексикада тұ­рып, ол тек бір адамға ғана қарсы кү­рес­ті. Оның үстіне Троцкий Кеңес жүйе­сіне қарсы болған жоқ, билік үшін таласты. Ол: «Революцию при­думывают гении, совершают фанатики, результатами пользуют­ся проходимцы», деп жазды. Міне, Троцкийдің осы сөзі, басқа да әрекеттері, Мексикада қорғанды үй­де тұрып жатқан оның өмірін қиюға себепші болды. Ал Тро­цкийге қарағанда Мұстафа же­ке адамға емес, тіпті таққа да емес, тұ­тас жүйеге қарсы шықты, айға шапқан арыстандай болды.

Сондай-ақ, Парижді басып ал­ған фашистік Германия алды­мен Мұстафаны абақтыға отыр­ғы­­зып, кейін оны Берлинге алды­рады. Өйткені, КСРО-ға қарсы со­ғысқа дайындалып жатқан Гит­лер Мұстафаны өз мақсатына пайдаланбақ болды. Бірақ, улы жылан ордасында тұрған Мұстафа Гитлерге де қызмет етпей, сөзін де қол­дамады, қайта Түркістан тура­лы өзінің ұранын жалғастыра бер­ді. Бұл Гитлердің «Барбаросса» жос­парына тікелей қайшы еді. Сон­дықтан, неміс фашистеріне Мұс­тафа керек болмай, оны 1941 жы­лы желтоқсанда улап өлтірді. Мұс­тафаның сондай ауыр, қауіпті кезеңдерде де қайыспай, мойымай, мақсаты үшін күресін өмірінің соңына дейін жүргізе білгендігі ерен ерлік, жоғары азаматтық еді.

Ақыр соңында айтарымыз, фа­­шистік Германия соғыста тал­қан­далғаннан кейін, оның архивін Ан­глия, Франция, АҚШ, Кеңес елі зерт­теушілері парақтап тексерді. Егер сонда Мұстафа айтқан, не жаз­ған, қолтаңба қал­дыр­ған бір құ­жат табылса, Мұс­та­фаны жеріне жеткізіп, қара­ла­ған болар еді. Бірақ, ондай факті тап­қан жоқ. Сондықтан, Мұс­тафаны фашизмге де, Кеңес жүйе­сіне қарсы тұрып, кү­рескен қай­раткер деп жариялады. Сөйтіп, Мұс­тафаны жақтап, атын әлемге та­нытқан Батыстың зерт­теушілері болды.

Ал біздің қайраткер тұлғаның рухымен тілдесе отырып айтарымыз: «Міне, бүгін сол аңсаған еліңе орал­дың, халқыңмен қауыштың, оның құшағына ендің. Өзің кел­ме­сең де, рухың келді, ашық үнің пәрменді магнит лентасына жа­­зылған дауысың, қағазға жа­зыл­ған шығармаларға айналған

ау­қым­­ды 12 томдық жалынды ой­ла­­рың келді. Сүлдең келмесе де бей­­нең келді, мүсінге айналып, өзің сүйген, оқып-өскен қала орта­лы­­ғына орналастың. Қош кел­дің, Мұст­афа, жолың оңды, қай­рат­кер­лік еңбегің өнеге болсын».

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

ҰҒА академигі

Соңғы жаңалықтар