Жалпы, бұл бірінші кездесу емес. Бұған дейін де омбылықтар келіп кетсе, біздің облыс өкілдері де ол жақта болып қайтқан-ды. Екі өңіраралық кездесу, «Қазақстан-Сібір» халықаралық көрмесі, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының форумы болып өткен-ді. Барыс-келіс барысындағы тақырып сол бір-ақ мәселе − шекаралас аймақтардың инвестициялық және экономикалық даму жолдары арқылы, бірлесе жұмыс жасау. Бұл мәселені Елбасы Н.Назарбаев та жиі айтып келеді.
Облыс орталығындағы Достық үйінде арнайы кездесуге жиналған тараптар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және өзге салалардағы байланыстарды нығайту туралы Омбы облысы мен біздің өңір арасында 2017-2020 жылдар аралығындағы өзара қарым-қатынас бағдарламасына қол қойылды. Бұған дейін де екі облыс кәсіпкерлері Омбыда құны 150 миллион АҚШ доллары тұратын логистикалық технопарк орталығын құру туралы келісімге де келген-ді. Сондықтан, басты мәселе осы бартехнопарк сияқты жобалардың жол ортада қалып қоймай, орындалуы маңызды деген сөз ғой.
Губернаторды таңғалдырығысы келді ме, облыстық әкімдік алдымен Железин ауданындағы асыл тұқымды мал өсіретін «Пахарь» ЖШС-нің агроқалашығын көрсетуге алып келді. Расында да, таңғаларлықтай кең далада орналасқан шет елдегідей барлық жағдай жасалған заманауи-өркениетті өндірістік қалашықта бірнеше кешен, көкөніс қоймасы бар, осы жақында ғана серіктестік шет елден тағы да 1200 бас асыл тұқымды мал сатып алыпты. Омбы өңірінің де ауыл шаруашылығының алға басып дамуы заманауи технологиялардың арқасында екені айтылды.
Омбыға біздің облыстан кабель бұйымдары, көмір, ет-сүт, көкөніс өнімдері жеткізіледі. Экономикалық әлеуетімізді арттырумен қатар, мәдениет, білім, ғылым және спорт салаларындағы байланыстар жалғасып, тәжірибе алмасулар жасалды. Екібастұзда өсіріле бастаған раушан гүлдерінің 400 мың түбі Ресейге экспортталды. Ал электр энергиясының Ресейге қайтадан тасымалдана бастағаны жайлы Болат Бақауов облыс тұрғындармен кездесуінде айтқан болатын, яғни біраз кедергіге тап болған экспорт тасымалы жанданып, стансалар енді бұрынғыдай жұмыс жасауы тиіс. Сонымен бірге, «Богатырь-Көмір» кенішінде былтыр көмір өндірісі 1,6 пайызға артыпты.
Омбы облысында 100-ден аса Қазақстан-Ресей бірлескен компаниялары жұмыс жасауда. Өңірдегі «Рубиком», «Смак», «Кэмми», «Foodmaster» ЖШС өнімдерін Омбы облысының сауда орындарына жеткізді. Көмір, алюминий және глиноземге де сұраныс бар. Былтыр біздің аймақтан 150 мың тонна жүк Омбы облысына жеткізілді. Бұл − екі облыс кәсіпкерлері үшін өнімді тасымалдауға, сауда-экономикалық байланысты нығайтуға және кең ауқымды нарыққа жол табуға оңтайлы жағдай туғызып отыр деген сөз.
Сонымен қатар, басқосуда жыл сайын айтыла беретін, бірақ, орындала қоймайтын басты логистикалық екі мәселе − өзен жолы байланысын, әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелері сөз болды. Жылда айтыла беретін бұл мәселелер, біздіңше, тек екі елдің Үкімет деңгейінде нақтылауын күтіп тұрған сияқты. Омбы губернаторы Виктор Назаров та су жолының қажеттілігін айтты, бұл, әрине, белгілі жағдай, бірақ, Ертіс өзенінің арнасы тазартылмаған, сондықтан бұл жобаның жүзеге асу-аспауы әзірше белгісіз. Омбыға дейінгі өзен арнасын тазалау біздің облыстан басталуы керектігін айтып жүр. Әуе жолы жобасы да біраз сызбаларды қажет етеді. Сондықтан, өзен мен әуе жолы қалпына келгенше жолаушылар облыс орталығынан Омбыға күн сайын автобуспен жолға шығуда. Тіпті, жолаушыларды өзен арқылы тасымалдайтын «су такси қызметі» жүрмек. Омбыдан жаңа кемелер сатып алынбақшы. Бұл инвестициялық жобаны қала әкімдігі іске асырмақ. Жазда Ертіс өзенінде саяхат та жасай алады. Әрине, кеме сатып алынғанша да біраз уақыт өтетіні анық. Бұл мәселелердің барлығы да бір күнгі кездесу барысында жүзеге асырыла қалатын шаруалар емес екені де түсінікті. Шекаралық өңірлер байланысы аса маңызды жобалар қатарында болғандықтан, жоба-жоспарларды нақтылау қажет.
«Биыл біздің кәсіпорындар Ресей нарығына құны 618 миллион доллар тұратын өнімдер шығарса, облысымызға 500 миллион доллар тұратын ресейлік өнімдер жеткізілді, − деді облыс әкімі Болат Бақауов.− Екіжақты іскерлік және мәдени байланыс, шағын және орта бизнес саласы, жаңа өнеркәсіптік өнімдер туралы ақпарат алмасу, инновациялық жұмыстар және инвестициялық жобаларға қатысты әріптестік жалғасады».
Ресей делегациясы Назарбаев зияткерлік мектебінде, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де, «Нефтехим ЛТД», «Казэнергокабель» АҚ-та болды. Соңында делегация «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барды.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы