• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес 27 Наурыз, 2017

Бірікпей іс бітпейді

351 рет
көрсетілді

​Қолыма қалам алғызған жур­налист Сәулембай Әбсадық­­ұлы­ның «Егемен Қазақстан» газеті­нің үстіміздегі жылы 28 ақпан күнгі санында жарияланған «Ауыл кооперативтерін құруға не кедер­гі?» деген мақаласы. Мақала ойы­мызды дөп басты.

Елбасының әрбір Жолдауы ілгері басудың, әл-ауқатымызды арт­тырудың жолын көрсететін бағ­дар­лама екендігі даусыз. Әрине, биыл­ғы Жолдау нақтылығымен ерек­ше­ленеді. Мысалы, төртінші ба­сым­­дық ретінде «Аграрлық сек­тор эко­но­миканың жаңа драй­веріне ай­на­луы тиіс» деуі өте құптарлық шешім.

Ауыл және мал шаруашылығы өнімдерінен экологиялық таза өнім шығару күн тәртібіне қойылып отыр. Ол үшін сол өнімдерді тіке­лей да­йын­дайтын аграрлық саланы қайта құ­рылымдау керек екендігі түсінікті.

Рас, Елбасының тапсырмасымен үкі­меттік бағдарламалар қабыл­да­нып, істің көзін тапқан бақуат­ты шару­алар шоғыры қалып­та­сып келеді. Бірақ, олар қанша бақуат­тан­ғаны­мен, «жалғыз шауып бәйге алмасы анық».

Осы орайда Президенттің бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді (шаруа қожа­лық­тар­ды) кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек деген тап­сырмасын орындау ауыл халқы­ның әл-ауқатын арт­тыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығай­тып, ішкі және сыртқы нарық­қа дайын өнімдерді шығаруға мүм­кіндік әперетін бірден-бір дұрыс жол деп есептеймін.

Қазір жасым жетпістің екеуінде. Өмір бойы еңбек жолым қазіргі Есейхан, бұрын­ғы Қаратау ауылында өтті. Қара­тау кеңестік кезеңде астық егіп, мыңғыртып мал өсірді, қой басы­ның саны 45-50 мың басқа, ірі қара 2-3 мың, жылқы 1000-1500, түйе 500 басқа жетті. Жаратқанның жақсылығымен 10 мың гектар жеріміз бар еді. Аудан астығының үштен бірі біздің шаруашылықта өндірілетін. Шаруашылықтың бір өзіндегі 20 астық комбайны астық орағында бар егінді жинап алуға шамасы жетпей, көршілес шаруа­шылықтардан көмек алатынбыз.

Гектар түсімі де көңілдегідей шығатын. Мысалы, Марынсаздағы 120 гектар алқаптан гектарына 37 центнерден, Ақ Шоқада 100 гектардан 42 центнерден астық бастыратынбыз. Орта есеппен 10-15 центнерден өнім алатынбыз.

Қазір сол жетістіктің бірі де жоқ. Ауылда 40-қа тарта шаруа қожалығы бар. Баяғы техника, астық комбайндары жоқ. Астық тұқымы да күмәнді. Майдаланып кеткендіктен бар егістік алқабының үштен бірін ғана игеріп жүрген жайы­мыз бар. Оның өзін көрші Жуа­лы ауданының кәсіпкеріне жалға беріп отырмыз. Егесі біз болғанмен, өнімді өндіріп алып, байып жатқандар сырттан кел­ген кәсіпкерлер. Біз сияқты май­да шаруа­шы­лықтар бірігіп серіктес­тіктер, кооперативтер құрып, аяқ­тары­нан қаз тұрып жатыр. Оны көріп те, біліп те жүрміз. Мәселен, менің 65 гектар ғана егістік ал­қабым бар. Оны игеру үшін астық ком­байнын алу маған тиімсіз әрі оған шамам да келмейді. «Көп түкірсе – көл» демекші», мен сияқты шаруалар мен үй қожалықтары көп. Соларға «бірігейік» десек, бел­сене қоймайды. Банктердің ал­дын тоздырудан қорқа ма, жоқ жас­тарымыз жалқауланып, барды қана­ғат тұтуға еттері үйреніп кеткен­діктен бе, әйтеуір ықылассыз.

«Ауылшаруашылық кооператив­тері туралы» заңды оқы­саң 40-50 үй қожалықтары бірік­се, 4 пайыздық сыйақымен 5-7 жыл­ға дейін несие беру қарасты­рылған. Істің көзін таба білгенмен тиын санай білгенге бұл көп көмек екендігі даусыз.

Тек бірлік керек, тәуекел керек. Өйткені, өмір бізден соны талап етеді. Елбасына мың да бір рах­мет, жер дауына нүкте қойып, бес жылға мораторий жария­лады. Енді, осы уақыт ара­лы­ғын­­да, жері­мізді көлденең көк ат­ты­ға жалға беріп, қарап отырғанша иелік етіп, өнімін өзіміз алайық. Ол үшін ауыл кооперативтерін құрып, алған несиемізге техникалар алып, жай­қалтып егін өсірейік. Біздің алқап­та эко­логиялық минералды тыңайт­қыш­тар қолданылмайды, таза өнімдер алы­нады. Онымен азықтанған малдың етімен сүті таза болмай ма?

Біз болсақ, қартайдық. Ал жас­тар неге ұйымдасып, бірікпеске. Егін­д­і де, жаңа технологияны да игере­тін солар ғой. Елге иелік ете­тін де солар.

Ендеше, қимылдайтын кез келді, ағайын!

Құрманәлі ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ,

еңбек ардагері

Жамбыл облысы,

Талас ауданы,

Есейхан ауылы

Соңғы жаңалықтар