• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Наурыз, 2017

Жылыжай көлемі 300 гектарға ұлғайтылады

297 рет
көрсетілді

Елбасы 2020 жылға дейін шағын және орта кәсіппен айналы­сатын кәсіпкерлерді елу па­йыз­ға дейін жеткізу жөнінде Үкі­метке тапсырма берді.

Орындалмайтын шаруа емес. Қолы қимылдаса аузы да қимылдайтынын халық та ұғып қалды. Жеке кәсібін ашып, жұ­мыс жүргізуге ынталы­лар көп. Алайда, әлі шешімін тап­паған қиындықтар да жоқ емес.

Жақында Қазығұрт ауданына жолымыз түскен. Сарыағашпен қоңсы қонған ауданда жылыжай өндірісі өркен жайып келеді. Алайда, ауыл, ауданда жылыжайда өсі­ріле­тін дақылдардың жай-күйін біле­тін мамандар қасқалдақтың қанын­дай қат болғандықтан көбіне Өзбекстан азаматтарын жалдап амалдайды.

«Қазығұрт Нұры» серіктес­тігі­нің басшысы Аманжол Әшір­баев «Маман мәселесінде қиын­дық жоқ. Ауылдың он шақ­ты азаматы жылыжайда жұмыс жасап жатыр. Амандық болса, үш-төрт жылда олар жылыжайда жұмыс жасаудың бар құпиясын үйренеді деп отырмыз. Сыртқа жалтақтағанша өз мамандарымыз жетілуі керек. Бізді қинайтыны жеңілдетілген несие­нің жайы. Тағы да екі гек­тар жерде жылыжай ашуға ниетім бар. Бірақ, алдын ала есептеулер бойынша оған 80-90 млн теңге керек. Ал оны алу қиямет-қайым бо­лып тұр», деп еді. Бұл бір шаруа­ның басындағы жағдай. Мұндай тығырықтан қалай шығуға болады?

Бұдан Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сәбит Әлсейітов жылыжай кооперациясын құру арқылы шығуға болатындығын айтады.

– Кооперацияның заңы бо­йынша мүшелері жиырма адамнан кем болмауы керек, – дейді ол. – Мүшелікке бұрынғы бар жы­лы­жай иелері мен жаңа­дан салуға ниеттілерін қосамыз. Сонда жеңілдетілген несиеден бастап жылыжайға бар керекке қолымыз жетеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік дотациямен жыр­тығын жамап отырған аймақ. Сондықтан, шағын және орта кәсіпті өркендетуге облыс бас­шы­сының өзі мүдделі.

Облыста көктемгі дала жұ­мыс­тарына дайындықты тағы бір електен өткізгенде осы мәсе­ле селекторлық кеңесте тағы да пысықталды. Онда баяндама жаса­ған облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков егіс көлемін, суармалы жерлерді ұлғайту, интенсивті бау, жаңғақ, жүзім шаруашылығын дамыту, шағын мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын, құс, балық шаруашылықтарын дамыту бойынша индикаторлар аудан, қала әкімдіктерімен келісіліп бекітілгендігін айтты.

Облыста биыл 792,3 мың гек­тарға ауылшаруашылық дақыл­дары егілетін болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 мың гектарға артық. Сондай-ақ, 1500 гектарға интенсивті бау, жүзім, жаңғақ отырғызылмақ. Жы­лы­жай көлемі 300 гектарға ұлға­йып, тамшылатып суару әдісі 7,2 мың гектар алқапта қол­даны­­латын болады.

Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қағаз жүзінде болмауын ескертіп, жылыжайлар көлемін ұлғайтуды тапсырды.

– Біз күзде мол өнім алу үшін, бүгінгі дайындық жұмысы жо­ғары деңгейде болуы қажет. Бар­лық аудан, қала әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлім­дерінің басшыларына өндірістік жылыжайлардың көлемін көбей­ту­ді тапсырамын. Межелі 300 гек­тарға жеткізу жұмыстары жүйе­лі түрде атқарылуы тиіс. Ондағы мақсат – елімізді ерте көктемгі көкөніспен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар менің жеке бақылауымда болады, – деді Жансейіт Түймебаев.

Бүгінге дейін облыста барлық жылы­жайлар көлемі 1123,1 гек­тар­ды құрап, республикадағы үле­сі 87 пайызға жетіп отыр. Оның ішінде өнеркәсіптік жы­лы­жайлар көлемі 67,7 гектарды құрайды.

Биыл облыста мал шаруа­шы­лығы бойынша 45 сүт қабыл­дау бекетін, 16 мал сою пунктін, 10 құс шаруа­шылығы кооперативін, 5 565 бордақылау алаңын құру жос­­пар­­ланып отыр. Бұдан бөлек, 111 сүт қабылдау бекеті, 56 мал сою алаңы, 33 құс шаруашылығы коо­пе­ративтерін құру жоспарда бар. Сондай-ақ, биыл өңірде 12 796 бас мал бордақылай­тын алаң құрылатын болады. Жалпы, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне субсидияның 41 түрі бойынша қолдау көрсетіледі. Бес гектардан көп алма бағына, апорт сортына 7 жыл көлемінде қолдау көрсетілетін болады. Тұқым шаруашылығын дамыту бойынша отандық тұқымдар мен көшеттердің 70 пайызы, шетелдік тұқымдардың 30 пайызы көлемінде субсидия берілмек. Был­тырғыдан ерекшелігі 1 гек­тарға пайдаланылатын тұқым толы­ғымен субсидияланады.

Минералды тыңайтқыштар бойынша отандық және шетелдік минералды тыңайтқыштардың нарықтық құнының ең төменгі түрі бойынша 50 пайызына дейін субсидияланады және былтырғы тұқым пайдалану нормасы шектеуі алынып тасталды.

Шаруаларға өз қожалығын жүргізу барысында қаржылық қиын­дықтар қолбайлау болатын­дығын айттық. Олар өз аудан, қалаларындағы несие серік­тес­тіктерімен жұмыс жасағанымен қаржы көп керек жағдайда екін­ші деңгейдегі банктердің көме­гі­не жүгінуге мәжбүр болады.

Жақында «Даму» кәсіпкер­лікті дамыту қоры» АҚ-тың бас­қарма төрағасы Абай Сар­құлов­пен кездесуде облыс әкі­мі Жансейіт Түймебаев ор­тақ мәселелерді ақылдасып отырып шешудің жолын айтты. Басқосуда «Оңтүстік өнімі» бағдар­ламасы талқыланды. Бұры­ны­рақта Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ортақ меморандум түзіліп, келісім негізінде қос тарап 500 млн теңгеден жал­пы соммасы 1 млрд теңгені Шым­кент­тегі 4 банктің есебіне аудар­ған еді. Алайда, 8,5 пайызбен берілетін қаржыны үлестіру ісінде қиыншылықтар кездесті. Атап айтқанда, аймақтық үйлестіру кеңесінің сараптауынан өткен кәсіпкерлер ғана атал­ған несиеге қол жеткізе алады. Шарт бойынша осыған дейін жеңілдетілген несиені индус­триялық аумақта өнім өндіретін белгілі бір кәсіппен айналысатын кәсіпорындар ғана алуға мүмкіндік жасалған болатын. Жиында екінші деңгейлі банк басшыларына несие берудің шарттарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Әйтпесе, отандық тауар өндіру­шілер несиелік қаржыға қол жеткізе алмайды.

«Оңтүстік өнімі» бағдарла­масы кәсіпкерлердің жеңілде­тіл­ген несиеге қол жеткізуін қамта­ма­сыз етуі тиіс. Несие алуға ниет білдірген кәсіпкерлер тізімін кеңейту керек. Бұл ретте екінші деңгейлі банктерге басымдық беріліп отыр. Сондықтан несие беру шарттарын жеңілдеткен дұрыс», деді облыс басшысы.

Әрине, бір басқосуда бар­лық мәселелер шешіледі деп айту қиын. Екінші деңгейдегі банктер­дің тұтынушыға қоятын өз талаптары, сыйақы мөлшері бар. Осы мәселелер толық шешімін тапқан жағдайда шаруаға несие алу мәселесі біршама реттеледі.

«Көктемнің әр күні жылға азық» дейді халық даналығы. Ша­руа­­ларға «ананы ек, мынаны ек, мол пайдаға кенелесің» деп ауызбен айтуға ғана оңай. Көк­тем ерте шығып жеміс гүлдеп тұр­ғанда аяқ астынан ауа райы бұзы­лып, үскірік ұратын уақыттар бо­лып тұрады. Жер қатқаққа айналып, мақта шитін бірнеше бұзып еккенде шаруалар қиналғанда, бұл мә­селеге Үкімет басшысының өзі келіп жәрдем бергенін білеміз. Сон­дықтан да, шет елде алдын ала сақтандыру мәселесі қолға алынады. Бұған біздің шаруалар барып жа­тыр. Жыл он екі ай пайдаға шы­ғуға жылыжайдың мүмкіндігі үл­кен. Сондықтан да оңтүстікте жылы­жайдың көлемін барынша арт­тыруға көңіл бөлініп келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар