• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Наурыз, 2017

Талап табысқа бастайды

180 рет
көрсетілді

​Ел газеті «Егеменде» мұғалім қауымының тыныс-тіршілігін, жалпы білім беретін мектептердің сан қырлы мәселелерін қамтып жазатын, толғандырып жүрген ой-түйткілдерді ортаға салатын арнайы бет ашылғалы біз, ұстаздар бір серпіліп қал­ғандаймыз.

Әрине, бар өмірін бала тәрбиесіне, жас ұр­паққа білім беру ісіне арна­ған алғаусыз жандар­ды мұндай тілектестік пен қам­қоршылдық қанат­танды­рады. Осы ретте өзім еңбек етіп жүрген Сарқан қаласындағы Н.Островский атындағы гуманитарлық-экономикалық мектеп-лицейіндегі оқу-тәрбие ісін ұтымды ұйым­дас­тырудың арқасында мәуе­леген жемістерді тілге тиек еткім келеді.

Біздің ұжымда әрбір  мұға­лімнің өз мамандығына деген құштарлығы, жұмыс­тағы жауапкершілігі, шы­ғармашылық ізденісі бірінші орынға қойылады. Бұл арада басшы тарапының  талап­шылдығы да үлкен рөл ат­қара­тынын қаперде ұстаған ләзім. Ал біздің білім ордасында осы талапшылдық соңғы бірнеше жыл бойы жоғары деңгейден көрінуде. Сөйтіп, жалпы ұжым болып қалыптасқан жаңаша ойлау, жаңаша жұмыс істеу өзінің оң нәтижелерін беріп те жатыр.

Бұл арада бос дабыра, құр ұран­шылдық қажет емес еке­нін ескерген жөн.  Күн­де­лікті құмырсқа еңбек, оқу­шылардың жан дүние­сіне ене білу, сыннан өткен озық тәжірибеге сүйену, өз тәжірибеңді қалыптастыру шәкірттің де білімге құш­тар­лығын, ынта-зейінін арттырады. Осы бағытты берік ұстанған мектеп-лицейіміз соңғы бес жыл ішінде көптеген жақсы көрсеткіштерімен алдыңғы қатарлы білім ордасы болып отыр. Ұстаздардың біліктілік дағдыларының өсуіне қарай оқушылардың да білім сапасы арта түсуде. Айталық, бұдан бес жыл бұрынғы оқушылардың саны – 424, білімдік көрсеткіші –  53 пайыз болса, қазіргі таңда мектептегі оқушы саны 821-ге жетіп, білім сапасы 67,9 пайызбен айшықталған.

Ынта мен зейін екі жақ­тан да бірдей болмаса, еңбек еш кетпек. Мектебімізде білім беруге, шәкірт жүрегін жау­лауға, ой-санасын білім кеңіс­тігіне талпындыру­ға мұ­ға­лімдер барынша күш сала­ды. Ұстаздық ұлағатқа кір­шік түсірмеуге сәт сайын ұмтылады десек, артық айт­қан­дық емес. Шәкірттердің әр пән­ді, сабақты шат көңілмен, құштар пейілмен игеріп оқуын назарда ұстайды. Мектеп ұжымындағы бір мақсатқа жұмылған ынтымақшылдық ауан, білімге құштар шығар­машыл ортақ өріс, тағылымды һәм тартымды орта осылай қалыптасуда. Оқушыларды білімге ынталандыру орайында облыстық, республикалық және халықаралық  пән олим­пиадаларының мүмкін­дігі мен тартымдылығы пайдаланылуда.

Ұстаздарымыз уақыт көші­не ілесуді мұрат тұт­қан. Алты әріптесіміз об­лыс­тық педагогикалық оқу­лар­ға қатысып, жүлделі марапат­тарға ие болды, алқалы сында жоғары біліктіліктерін, тағылым үлгілерін таныт­ты. Осындай озық тәжіри­бе­лерінің арқасында мектеп-лицей­дің жетістіктері «Қазақ­стандағы заманауи білім беру» жинағына басылып шықты. Мектеп тәжірибесі халықаралық «Большая международная энциклопедия» кітабында да жинақталып, «Үздік білім мекемесі» белгі­сімен марапатталды.

Білім ордамызда «Мектеп» мұражайы ұйымдастырыл­ды. «Атамекен» бағдар­ла­ма­сы аясында  «Ұлттық салт-дәс­түріміз», «Тарихтың көлең­кеде қалған беттері» деген тақырыптарда ізде­ніс жұмыстары жүргізіл­ді. Сөйтіп, мектеп оқушылары­ның туған жер тарихын біліп өсуіне, туған елді сүйер отан­шыл­дыққа баулуға жағдай жасалды.

Елбасы айтқан интеллектуалды ұлт қалыптастыру, адами капитал сапасын жақсарту ісіндегі мұғалімдердің рөлі үлкен екендігін білеміз. Олай болса, біздің мектептің ұстаздары да осынау ұлы мақсаттың алдыңғы шебінен табылып, білімді ұрпақ тәр­биелеу жолында талмай ізденіп, талаптана бермек.

Меруерт ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ,

Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі

Алматы облысы,

Сарқан қаласы

Соңғы жаңалықтар