Қазіргі жеткіншектер футболға құмартумен, шұғылданумен қатар, оның тарихын да біле жүргені абзал. Әсіресе, қазақ футболының ғасырдан астам тарихы барын солардың бірі білсе, бірі білмес.
Қазақ топырағында тұңғыш ресми футбол командасы 1913 жылы Семей қаласында құрылып, ол «Ярыш» («Жарыс») деп аталған. Бірден айталық, оның құрамында жартылай қорғаушы болып заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ойнаған. Алғашқы кездесуін Жаңа Семей командасымен өткізген «Ярыш» құрамасының сол кезде түскен фотосуреті де сақталған. Оның құрамында барлығы 24 ойыншы болыпты. 1914 жылдың 16 наурызында түсірілген суреттегі ойыншылардың аты-жөндері де белгілі. Бірінші қатарда: Ғабдрауф Сайфутдинов, Мидхат Мірсалімов, Молдабаев және Салах Хисматуллин; екінші қатарда: Жаббар Мұхамедшин, Әміржан Ситдықов, Мұхамедулла Құрманов, Ғабделнәсір Миршанов, Сабыржан Ахмедшин, Ғабделбар Сайфутдинов; үшінші қатарда: Ғабделғазез Кәрімов, Омар Насибуллин, Бекметов, Ахметсәлім Кәрімов, Қасымжан Мұхаммедов, Ғабделхақ Ғаббасов, Мұхтар Әуезов, Зиятдин Рысбаев; төртінші қатарда: Кәрім Бикмаев, Ғұсман Ямбушев, Юнус Нигматуллин, Мұхаммед Сайдашев, Рифкат Фаизов, Ғабделбар Ғұсманов тұр. Бұл сурет осы «Ярышты» құруға мұрындық болғандардың бірі Рахматулла Елкебаевтың қызы Халиданың қолында сақталған екен. Рахматулла Елкебаев, сонымен қатар, Қазақстанда жетім балаларға арнап тұңғыш мектеп ашқан адам. Жас өскіндерді оқытып, тәрбиелеумен бірге, оларды футбол ойынына тартып, қазақ жеріне аяқдоп өнерінің алғашқы дәнін сіңірген жандардың бірі. Рахматулла Елкебаев сөйте жүріп, өз білімін жетілдірумен де шұғылданған адам. Медреседе жүріп орыс тілін жете меңгеру үшін қосымша сабақтар алып отырған. Мектепте, училищеде география мен жаратылыстану пәндерінен сабақ берген. 1912 жылы Семейде «Оян, қазақ!» өлеңі үшін сотталған Міржақып Дулатовтың қорғаушысы болып сотқа қатысқаны белгілі.
Кезінде «Ярыш» футбол командасының 24 дана эмблемасы жасалған екен. Соның біреуі команданың капитаны болған Юнус Нигматуллиннің қазір Германияда тұратын немере қарындасы Рамиса Нигматуллина сақтап, бүгінгі күнге жеткізген. Қазақстан футболының 100 жылдығы қарсаңында ол кісі тарихи жәдігерді және «Ярыш» командасы ойыншыларының бірнеше суретін Семей қаласындағы Татар қоғамдастығы орталығының жанындағы мұражайға жолдаған. Айта кету керек, сол суреттердің ішінде ұлы Мұхтар Әуезовтің де бұрын ешқайда жарияланбаған, жастық шағындағы суреттері бар.
Мұсылман жастарынан құралған «Ярыштың» бірінші ұйымдастыру жиыны 1913 жылы тамыз айының ортасында, білімді, мәдениетті отбасы Нигматуллиндердің шаңырағында өткен. Оған он адам қатысқан. Жиналысты ұйымдастырушы Юнус Нигматуллин мен оның көмекшілері Мұхамед Сайдашев пен Ахметсәлім Кәрімов басқаларға ресми футбол клубын құруға шешім қабылдағандарын мәлімдейді. Команданың алғашқы құрамына 14 адам кіреді. Командаға мүше болу жарнасы 50 тиын болып белгіленген. Ол заманда қазіргідей доп жоқ, допты ярыштықтарға таза былғарыдан жергілікті етікші тігіп береді. Пішін бастапқыда сопақтау болған допты тігінші кейін ойыншылардың ұсыныс-тілектері бойынша жетілдіріп, қанағаттанарлық қалыпқа түсірген. Бір қызығы, ойын қақпаларының бағаналары мен белтемірін де «Ярыш» ойыншылары өздері қолдан жасап, матч пен жаттығуларға өздерімен бірге алып келіп отырады. «Ярыштың» белгісі жапсырылған аспан түстес жейделер мен ойынға киетін қара шолақ шалбарларды оларға көпке танымал тігінші шебер Гаффэ Баязитова тігіп берген. Тігінші қыз Юнус Нигматуллиннің бөлесі әрі өзі осы жігітке ғашық болған деседі. Оның командаға бар ынта-ықыласымен көмектесуіне мұның да әсері болса керек.
1914 жылы «Ярыштың» екі бөлек: ересектер және жастар командасы болған. Солардың бірінде кейін қазақ әдебиетінің классигіне айналған Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы ретінде ойнаған. Жазушының ұлы Мұрат Әуезов: «Бұл тек қана футбол емес еді. «Ярыш» ойыншылары басқа да спорт түрлерімен шұғылданды. Сондай-ақ, олар халық аспаптары оркестрін құрып, қабырға газетін шығарған», – деп жазады. «Ярыштың» құрамында ойнаған Салах Хисматуллин 1973 жылдың 6 қарашасында жарық көрген «Иртыш» газетінде естелігімен бөлісіп, «Команда алғаш құрылғанда біз қайда болса сонда, көбінесе, қазір метиз-фурнитура зауыты орналасқан, Мусин диірмені алдындағы алаңқайда, қазір педагогика училищесі орналасқан, семинария алдындағы базар алаңында ойнадық...», деген екен.
Ал семейлік журналист Евгений Юдин өзінің бір кезде жазған мақаласында тұңғыш команданың ойын өрнегін былайша суреттейді: «Гимназия» және «Ярыш» футболшылары арасындағы матч қызықты өтіп, қауіпті сәттерге толы болды. Алаң жиегіне жағалай жиналған жанкүйерлер екі команданы да қолдап, демеп отырды. Әйтсе де, «Ярыш», алға!» деген айқай жиі естілді. Гимназияшылардың бірі қарсыласына қарсы ұмтылды, бірақ жартылай қорғаушы оны алдап өтіп, сол қапталдағы шабуылшының ашыла қойғанын көріп, допты оның аяғына салып берді де, өзі алға жүгірді. Сол қапталдағы шабуылшы досының әрекетін түсіне қойды. Оның жауапты пасы тура және дер кезінде орындалды. Қорғаныстағы ойыншылардан ширақ қимылдап, жартылай қорғаушы ала допты тоқтатпай тепті. Доп қақпа тоғыздығына тиді... Ярыштықтар шаршаса да, алаңнан шексіз қуанышпен шығып бара жатты. Хавбек Мұхтар Әуезов пен сол қапталдағы шабуылшы Салах Хисматуллин қарсыластарының қорғанысын қалай сеңдей соғыстырғандарын естеріне түсіріп, күліп бара жатты...» («Иртыш», №158, 11.06.1967 ж.).
Тарихи мәліметтерге жүгінсек, миллиондарды баурап алған футбол ойыны ағылшындардан көрші Ресейге XIX ғасырдың аяғында жеткен. Ал біздің елге футбол осы көршімізден келгенге ұқсайды. 1912 жылы Мәскеуден Семейге Н.Куприянов деген келіп, көпес Плещеевтің дүкенінде қызмет жасапты. Ол өзімен бірге доп, қақпа торы, спорттық форма секілді асай-мүсейлерін ала келген. Доп қууға құмартқан жастардың басын құрап, ойындар өткізіп тұрыпты. Енді бір деректерге қарағанда, Сібір мен Орта Азияға ірі сауда орталығы ретінде танымал болған Семейге ағылшындардың өзі алып келген-мыс.
Әйтеуір не керек, 1913 жылы Семейдегі ерлер гимназиясы мен семинариясында алғашқы футбол командалары ұйымдастырылады. Қазақ жерінде бұған дейін болған футбол ойындары мен командалары туралы басқа дерек болмағандықтан, Семей қаласын еліміздегі футболдың отаны деп мойындаған ләзім. Ал мұндағы жүз жыл бұрынғы футбол ойындары туралы деректер жеткілікті. Мұхтар Омарханұлының ағасы Ахмет Әуезовтің «Бала Мұхтар» (1967 ж.) кітабы, «Ярыш» клубында ойнаған Әбдінасыр Миршанов («Спорт» газеті, 8.01.1963 жыл) пен Салах Хисматуллин («Семей таңы» газеті, 29.04.1977 жыл) және т.б. адамдардың мақалалары соған дәлел.
Елімізде футболдан алғашқы халықаралық жолдастық кездесу де осы Семей қаласында өткізілді. Мұнда бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен чех азаматтарынан құралған команда болған. 1918 жылы ССК (Семипалатинский спортивный кружок) командасы солармен ойнапты. Сөйтіп, семейліктер Қазақстанда алғаш рет нағыз үлкен футболдың куәсі болған екен. Чехтардың техникалық дайындығы мықты болғанымен, кездесу 2:1 есебімен жергілікті команданың пайдасына шешілген. Бір айта кетері, ойынға қатысқан М.Семгин дегеннің естелігіне қарағанда, шетелдіктерден құралған командада Стокгольмде өткен V Олимпия ойындарына қатысқан австриялық үш азамат болыпты.
Ресейлік спорт журналисі Валерий Лямкин өзінің «Легенды Алтайского футбола» кітабында 1914 жылы Барнауыл мен Томбы қалаларынан командалар Семей қаласына арнайы барып, футболдан жолдастық кездесу өткізгені туралы жазған. Семейде «Ярыштан» басқа ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» командалары болғаны белгілі. 1914 жылдың жазында болған Семей мен Барнауыл командаларының арасындағы кездесуде Николай Иванов деген жерлесіміз гол соғып, семейліктердің жеңіске жетуіне үлес қосқан. Сол жылдың аяғына таман «Олимп» құрамындағы Николай Иванов пен Иван Соколов әскер қатарына алынып, бірінші дүниежүзілік соғыста қаза болыпты. Майданға алынған тағы бір ойыншы Евгений Попов Қазан төңкерісінен кейін Семейге қайтып оралып, кейін басқа қалаға көшкен.
Қазақ жерінде ғасыр бұрын болған футбол командалары және бұлар ғана емес. 1915 жылы Павлодар қаласында «Ястреб», «Звездочка», Өскеменде «Марс», «Ястреб» деген командалар болған. Бұл командалар Ресей губернияларындағы ұжымдармен бірнеше жолдастық кездесулер өткізіпті. 1921 жылы Әулие ата қаласында да (қазіргі Тараз) жергілікті командалардың қатысуымен жолдастық ойындар өткен. 1928 жылы Петропавл қаласында губерниялар арасында тұңғыш рет ресми жарыс өтіп, одан кейін Қазақстан құрама командасы жасақталған. Бұл ұжым Қазан қаласында өткен Бүкілодақтық жұмысшылар спартакиадасының іріктеу ойындарына қатысыпты. Қазақ КСР-нің тұңғыш чемпионаты мен кубогы 1936 жылы өткізіліп, онда Алматы қаласының құрамасы жеңіске жетіпті. 1937 жылы Алматының «Динамо» футбол клубы алғашқы болып шеберлер командасы мәртебесін алып, КСРО чемпионатының «Шығыс қалалары» тобында өнер көрсеткен. Бұл жарыста «Динамо» жеті команда арасында үшінші орынға табан тірепті. Ал 1940 жылы Алматының «Динамо» командасы Кеңес Одағы шеңберінде алғашқы табысқа қол жеткізді. Динамошылар Дондағы Ростовта өткен дене тәрбиесі ұжымдары арасындағы КСРО кубогының ақтық сынында Таганрог қаласының «Торпедосын» 3:1 есебімен ұтып, бас жүлдені жеңіп алған. «Динамо» қатарынан екі рет Қазақстан чемпионы болды. Орта Азия командалары арасындағы Бүкілодақтық турнирде табысты өнер көрсеткен.
1955 жылы өткен Бүкілодақтық біріншілікте Қазақстан футболының атынан Алматының «Урожай» командасы өнер көрсетті. Бір жылдан кейін команданың атауы өзгеріп, «Қайрат» болды. 1960 жылы «Қайрат» КСРО чемпионатының «А» класында ойнайтын командалар қатарына қосылды. Жерлестеріміз «Динамо», «Спартак», «Зенит» және басқа да атақты командалармен күш сынасу мәртебесіне ие болды. «Қайрат» футболшылары өзінің тарихында ең үлкен табысқа 1986 жылы қол жеткізді. Сол жолы олар жоғары лигада ойнаған 16 команданың ішінде 7-орынға табан тіреген. «Қайраттың» құрамында жүріп, Вадим Степанов, Сергей Квочкин, Станислав Каминский, Леонид Остроушко, Тимур Сегізбаев, Владимир Асылбаев, Виктор Абгольц, Сейілда Байшақов, Владимир Никитенко, Вахид Масудов, Фанас Сәлімов, Құрбан Бердыев, Сергей Стукашов, Евгений Яровенко, Евстафий Пехлеваниди және басқа да футболшылар Қазақстан футболының тарихында өшпестей іздерін қалдырды. Осындай тарихы бар, негізі мықты «Қайраттың» 1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш чемпионаты мен кубогын жеңіп алуы да заңды еді.
Ал Қазақстан Футбол федерациясының ФИФА-ға мүше болғанына 25 жыл, УЕФА-ға мүше болғанына 15 жыл толатын биылғы жыл – егемен еліміздің футболы үшін айтулы белес. Алашорда үкіметінің ғасыр тойымен қатар келіп отырған бұл даталар атаусыз қалмауы керек. Алаштың онсыз да әйгілі Әуезові қазақтан шыққан тұңғыш футболшы болғанын таңданып та, мақтанып та айта жүргеніміз артық емес. Әйтеуір бір заманда қазақ футболының бағы ашылып, әлемге танылар күні туар. Сонда оның көш басында тұрған тұлғаның да осындай заңғар болуы абыройға абырой қосары анық.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»
АСТАНА