Негізінен Любовь Бодрикова бес жыл бойы дәрігерлердің есігін тоздырғаннан кейін соңғы үміті ақмолалық онкологтарға жүгініпті. Оң жақ сан етінде пайда болған нейрофиброма өскіні 10 келіге жеткеннен кейін хирургиялық әрекетке бармасқа амал қалдырмаған. Өткен жылдың 27 маусымында Зеренді ауданының тұрғынына Ақмола онкодиспансерінде ота жасалған. Аталған ісікті алып тастау үшін 4 сағаттық ота қажет болыпты. «Менің ішкі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шын көңілден облыстық онкодиспансер дәрігерлеріне ризашылығымды білдіремін. Сіздер маған әрбір күннің рахатын сезінуге мүмкіндік бердіңіздер. Енді мен балаларыма көмектесіп, немерелерімді тәрбиелейтін боламын», дейді Любовь Васильевна ағынан жарылып.
Ақмола онкодиспансер торакаль бөлімінің меңгерушісі Иван Зеленский ота нәтижесіне көңілі толғандығын, десе де ауру қайтып оралмауы үшін салмақ тастап, зат алмасуды жақсарту және жүрек-тамыр ауруларын емдеу қажеттігін жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы