• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол 27 Наурыз, 2017

​Біз жастарды өз елімізге қызмет етуі үшін дайындаймыз – Александр Кузнецов

181 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Александр Кузнецов ресейлік агент Дмитрий Селюктің қазақстандық Еркебұлан Сейдахмет жайлы ұсынысына жауап берді.

Дмитрий Селюк «Спорт-Экспресс» басылымына берген сұхбатында ресейлік клубтарға Гранаткин турнирінде ерекше ойынымен көзге түскен 17 жастағы футболшыға назар аударуды, сондай-ақ азаматтық алып беріп, ұлттық құрамаға шақыруды кеңес етті.

«Гранаткин турнирінде Еркебұланға қызығушылық танытқан бірнеше клуб болғаны рас. Өздеріңіз білесіздер, «Зениттің» жастарымен бірге бірнеше ойынға қатысып, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Қазір «Тараздың» ойыншысы. Енді оған жұлдыз ауруына шалдығып қалмай, тынбай жаттығуы қажет. Мұндай атақ жастарға кері әсерін тигізетіні айдан анық. Ал өзге елдің құрамасына шақырғысы келіп жүрген агенттерге жұмыстарын тек клубтық деңгейде орындауды кеңес етемін. Біз Қазақстан ұлттық құрамасы үшін ғана жастарды дайындаймыз», – деді Александр Кузнецов.

«Былтыр Таразда бірнеше ойыншыны сырттай бақыладым. Еркебұлан қатарластарынан оқ бойы алда жүрді. Алайда, ұлттық құраманың деңгейіне сай болу үшін оған тактикалық әрі психологиялық тұрғыдан біраз дайындық керек болатын. Оқу-жаттығу жиындары, өзге елдердегі жарыстар оған үлкен көмегін тигізді деп айта аламын. Әрине, негізгі құрамға бірден еніп кеткен жоқ. Гранаткин турнирінде өзін барынша жақсы қырынан көрсетті», – деді Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері.

Ресейлік агент Дмитрий Селюк Еркебұланға Испанияның мамандары да назар аудара бастағанын айтқан болатын. 

«Жасы 18-ге толмағандықтан «Таразда» ойнайды. Бірақ алдағы уақытта деңгейі жоғары чемпионаттардың біріне ауысатынына сенімдімін. Бәрі Еркебұланның өз қолында. Бізде де команданы алға сүйреп, жеңіске жетелейтін жастардың шығып келе жатқанына қуанамын. Олардың алға жылжуы үшін барымызды саламыз», – деді ол.  

Айта кетейік, Гранаткин турнирінен кейін Еркебұлан Сейдахметке «Зенит» командасының өкілдері қызығушылықтарын білдіріп, жаттығуға шақырды. Питерліктермен бірге Италияда Viareggio Cup турниріне қатысып, төрт голымен көзге түсті. Бірақ 18 жасқа толмауына байланысты ФИФА-ның ережесі бойынша «Зенитпен» келісімшартқа отыра алмайды. 

Бірнеше күн бұрын ол «Тараз» футбол клубымен біржылдық келісімшартқа қол қойды. 

Соңғы жаңалықтар