Жаратылыстану, техникалық және аграрлық ғылым саласындағы жаңадан шығып жатқан инновациялық технологияларды игеріп, жас мамандарды шет елдердің іргелі жоғары оқу орындарында оқытып жатқан елдер қатары қаншама. Шет елдердің озық білім ордаларында робототехника мен мехатроника, компютерлік техника мен микротехникалардың тілін меңгеріп еліміздің үкіметтік органдарында, қоғамдық қазметтерде және жеке кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп жатқан жас дарындарымыз жетерлік.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ел дамуына бағытталған бағдарламалары мен жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған жолдауларында білім мен ғылымды меңгеруге қатысты көптеген тың ойлар айтылады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы үшінші жаңғырудың бес басымдығын жүзеге асыру ісі республиканың ғылыми қауымдастығы үшін кең көлемді талқылау тақырыбына айналды. Бұл стратегиялық мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін жаңа модель болып табылады. Еліміз экономикасының жаңа технологиялармен қайта жабдықталуы, қазақстандық ғалымдарды инновациялық және цифрлы технологияларды жасауға қатыстыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бүгінде барлық дерлік жиындарда нақты талқыланып және біртіндеп жүзеге асырылып келе жатқан асқарлы міндеттер.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаншама жастар шет елдерде оқып, білім алды. Биылғы Елбасының Жолдауы да халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеу қаласында оқып жатқан магистранттар, аспиранттар мен доктаранттардың арасында кеңінен талқыланды.
К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен Мәскеу ауылшаруашылық академиясында оқитын докторанттар ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жомарт Кемешов пен техника ғылымдарының кандидаты Сүндет Кәрімов, яғни осы жолдардың авторы оқу орындарында оқитын қазақ жастарының басын қосып «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбы аясында сөз қозғады. Кездесуде Елбасының биылғы Жолдауында басымдық берілген бағыттар әңгіме арқауына айналып, жастар өз ойларын ортаға салу арқылы аграрлық саланың дамуы мен ғылымға деген көзқарастарын білдірді.
Аспирант Сейілбек Нұрымбетов «Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек. Бұл – өнеркәсіптер мен агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логистика, құрылыс секторы және басқа салалар» деген Елбасының сөзін жастарға жан-жақты түсіндіріп, аграрлық салада болашақта атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Магистрант Ернұр Жұмансейіт «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек», деген Елбасының сөзін тереңірек тарқатуға тырысты. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Ауыл шаруашылығы бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндіруші елдердің көш басшысы бола аламыз. Күнделікті тұтынатын тауарлардың сапасы мен биологиялық таза тағамдарға қатысты ғылыми негіздемелер қажет. Қазіргі таңда біздің елімізде шығарылатын тауарлардың барлығы дерлік брендке айналып, әлемге кеңінен танылуы тиістігін атап өтті.
Докторант Жомарт Өмірбекұлы өз сөзінде «Астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», деген Елбасының сөзін алға тартты. Жерді пайдалану тиімділігін арттыру қажет. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу маңызды.
Өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми-зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек. Сондай-ақ, ол 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді толық қолдайтынын айтты. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет жұмыстарды талдап шыққан болашақ ғылым докторы агаралық ғылымды алға жылжыту керек екеніне баса назар аударды.
Сол сияқты, Қызылорда облысы мен К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті және Мәскеу Ауылшаруашылық академиясының екіжақты келісімі нәтижесінде жыл сайын оқитын 200-ге жуық қазақстандық студенттер мен Мәскеу болат қорытпалары университетінде оқитын 300-ге жуық қызылордалық студенттер де өз ойларын білдірді.
Сыртта жүрсе де туған жерінің дамуына бей-жай қарай алмайтын ел жастарының Отанға деген сағыныштары сөйлеген сөздерінен байқалып тұрды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын Ресей Федерациясында оқып жатқан қазақ жастары жан-жақты талқылап, елге маман болып оралуға, елдің дамуына өз үлестерін қосуға сенім білдіріп тарқасты.
Сүндет КӘРІМОВ
Ресей Федерациясы,
Мәскеу қаласы